Жаңа сөмкелер мен оқу жабдықтарын алған балалардың қуанышында шек болмады.
Көкшетауда ұландықтар балаларды жаңа оқу жылына дайындады
170
оқылды

Жаңа оқу жылы қарсаңында Көкшетау қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5510 әскери бөлімінде әскери қызметшілердің балаларына арналған игі іс-шара өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Әскери бөлім ұжымы «Мектепке жол» республикалық акциясына қолдау білдіріп, әскери қызметшілердің мектеп жасындағы балаларына оқу жылын сәтті бастауға қажетті мектеп сөмкелері мен түрлі оқу құралдарын табыстады.

Жаңа сөмкелер мен оқу жабдықтарын алған балалардың қуанышында шек болмады. Оқу құралдарының әрқайсысы баланың мектептегі күнделікті оқуына қажеттілігін ескере отырып таңдалды.

Іс-шара барысында әскери бөлім басшылығы отбасы құндылықтарына, әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына және балаларға көрсетілетін қолдауға ерекше назар аударды.

Мұндай шаралар әскери қызметшілердің отбасыларына деген қамқорлықты арттырып қана қоймай, балалардың білімге деген қызығушылығын қолдауға да септігін тигізеді.

– Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше кезең. Балалардың мектепке қажетті заттармен қамтамасыз етіліп, қуанышты көңіл-күймен баруы біз үшін маңызды. Әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету – әскери бөлім ұжымының басты назарындағы бағыттардың бірі, – деді әскери бөлім өкілі.

Айта кетейік, «Мектепке жол» акциясы аясындағы осындай игі бастамалар қоғамда өзара көмек пен жанашырлық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған. 5510 әскери бөлімінің бұл шарасы да әскери қызметшілердің отбасыларына көрсетілген қолдаудың бір көрінісі болды.