Астанадағы "Лазурный квартал" тұрғын үй кешенінің балалар алаңында екі әйел төбелесіп қалды. Дене жарақатын салу фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл оқиғаны "Криминальный Казахстан" Telegram арнасында жариялады.
Олардың мәліметінше, жанжал әйелдердің бірінің күйеуі бөтен баланы ұрып жібергеннен басталған. Ал екінші әйел кәмелетке толмаған баланы қорғауға араласқан.
Елорданың құқық қорғау органдары оқиғаның нақты себебін түсіндірді. Олардың мәліметінше, іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында оқиғаға қатысушылардың барлығының әрекетіне құқықтық баға беріледі.
"Дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушының барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді. Балалар алаңындағы жанжал әткеншекте кімнің бірінші тебінуі керектігінен туындаған. Салдарынан екі әйел бір-біріне дене жарақатын салған", – деп хабарлады Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
