Ер адам тыныс алуы қиындағанын айтып, өзін ауруханаға жеткізуді сұраған.
Полицейлер жолда өзін жайсыз сезінген түрік азаматына көмек көрсетті
Фото: polisia.kz
114
оқылды

Рудныйда патрульдік полиция қызметкерлері жол бойында өзін жайсыз сезінген Түркия азаматын жедел түрде ауруханаға жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Polisia.kz мәліметінше, оқиға Топорков көшесіндегі автотұрақта болған. Рудный арқылы Ресейге транзитпен жүк көлігімен өтіп бара жатқан Түркияның екі азаматы демалу үшін көліктерін тоқтатқан.

Аумақты патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Нұрсұлтан Мұхамеджанов пен Дамир Қойшыбаев олардың жанынан өтіп бара жатып, ер адамдарды байқаған. Қызметтік көлікті көрген шетел азаматтары полицейлерге қол бұлғап, көмек сұраған.

Полиция қызметкерлері тоқтап, мән-жайды анықтаған кезде жүк көлігі жүргізушілерінің бірінің жағдайы күрт нашарлағаны белгілі болды. Ер адам тыныс алуы қиындағанын айтып, өзін ауруханаға жеткізуді сұраған.

Полиция қызметкерлері ер адамды дереу Рудный қаласының қабылдау бөліміне жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды. Медицина қызметкерлері шетел азаматына қажетті медициналық көмек көрсетті.

Жағдайы қалыпқа келгеннен кейін Түркия азаматтары полиция қызметкерлеріне жедел көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.