1-сынып оқушыларының ең көбі Түркістан облысында – 50 мыңнан астам, Алматы облысында – 35 мыңнан астам, Астанада – 33 мың, Алматыда – 31 мыңнан астам және Шымкентте – 29 мыңнан астам. Оның себебі де белгілі, аталған өңірлерде халық көп тұрады, сондықтан туу деңгейі де жоғары.
Биылғы оқу жылында оқушыларды бірқатар жаңашылдық күтіп тұр. Мәселен, бастауыш сынып оқушылары, оның ішінде 2-4-сынып оқушыларын бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Дегенмен критериалды бағалау жүйесі сақталады.
Жаңа тәртіп бойынша формативтік бағалаудың рөлі күшейіп, оның тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Сонымен қатар оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Оның негізгі нысандарының қатарында диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама болады. Мұндай жұмыстарды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі.
Екіншіден, мектептерде оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа міндетті оқу курстары енгізіледі. Атап айтқанда, 5-7-сыныптарда – «Конституция негіздері», 8-11-сыныптарда – «Заң және тәртіп», 5-11-сыныптарда – «Жеке қауіпсіздік» пәндері оқытылады. Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сәйкес жаңартылады.
Үшіншіден, 2026-2027 оқу жылында мектеп пәндерінің қатары жасанды интеллект бағытымен толығады. Айталық, 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгереді. Ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады. Пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 оқу мақсаты қамтылады. Сол арқылы барлық оқушы жас ерекшеліктеріне қарай әртүрлі деңгейде жасанды интеллект негіздерімен танысып шығады.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың демалыс кезеңдерін де әлдеқашан бекітіп қойды. Оқу жылы әдеттегідей 25 мамырға дейін жалғасады.
Оның ішінде бірінші тоқсан 8 аптаға созылып, күзгі демалыс 7 күн – 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді. Екінші тоқсан да 8 апта, ал қысқы демалыс 14 күнге созылып, ол 28 желтоқсан мен 2027 жылғы 10 қаңтар аралығына түседі. Бірінші сынып оқушылары үшін 2027 жылғы 8-14 ақпан аралығында 7 күндік қосымша демалыс қарастырылған. Үшінші тоқсанда оқушылар 10 апта оқып, көктемгі демалысты 22-28 наурыз аралығында 7 күн өткізеді. Төртінші тоқсан 8 оқу аптасына созылып, 2027 жылғы 25 мамырда аяқталады. Сондай-ақ 9 (10) және 11 (12)-сынып түлектерінің қорытынды аттестаттау мерзімдері бекітілген.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
