Биыл аймақта 128 мың оқушы мектеп табалдырығын аттаса, оның 11,6 мыңнан астамы – бірінші сынып оқушылары. Сонымен қатар жергілікті билік жаңа мектептер, оқулықтар мен заманауи цифрлық технологияларға 3,1 млрд теңге бөлген.
Бұл деректер БҚО педагогтарының «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылының міндеттері» тақырыбындағы тамыз конференциясында айтылды. Мыңға жуық педагог, білім беру ұйымдарының басшылары, колледж өкілдері мен сарапшылар өткен оқу жылының нәтижелері мен жаңа оқу жылындағы басымдықтарды талқылады. Негізгі тақырыптардың бірі – цифрландыру.
Жасанды интеллект мұғалімге көмектесуі керек, бірақ оның орнын алмастырмауға тиіс. Сондай-ақ конференция аясында заманауи білім беру шешімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, педагогтар мен қонақтар жасанды интеллект, VR-технологиялар, робототехника, цифрлық зертханалар және «ақылды» мектеп кеңістіктерінің мүмкіндіктерімен танысты.
Бүгінде облыста 571 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 32 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Кейінгі екі жылда 42 жаңа ұйым ашылып, 3 мыңнан астам орын құрылды. Үш пен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетті.
Өткен оқу жылында 382 мектепте 126 мыңнан астам бала білім алды. Білім сапасының көрсеткіші 64,2 пайызды құрады. Білім алушылардың оқу жетістіктерін ұлттық мониторингтеу қорытындысы бойынша облыс оқырмандық, жаратылыстану-ғылыми және математикалық сауаттылық бағыттарында республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар ауыл мектептерінің оқушылары оқырмандық сауаттылық бойынша республикада бірінші орын алды: 544 балл жинап, қалалық мектептердің нәтижесінен 23 балға жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
– Біз үшін баланың тұрғылықты жері оның – білім сапасын анықтамауы қағидатты маңызды. Ауыл мектептерінің нәтижелері жұмысты дұрыс ұйымдастырып, педагогтарға қолдау көрсеткен жағдайда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге болатынын көрсетіп отыр. Сонымен бірге мектептер арасындағы айырмашылықтарды көріп отырмыз, сондықтан әдістемелік қолдауды күшейтеміз, – деді БҚО білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Жаңа оқу жылында облыстағы бірінші сыныпқа қадам басатын 11,6 мың оқушының 78 пайызы қазақ тілінде білім алады. Қалған 22 пайызы – орыс тілінде оқуды таңдаған.
Өткен жылы Орал қаласында дарынды балаларға арналған №8 мамандандырылған мектеп ашылды. «ҚПО» компаниясының қолдауымен 7 шағын жинақты мектеп, тағы бір мектеп жергілікті бюджет есебінен ашылады деп жоспарланып отыр.
– Заманауи мектеп заман талабына сай болуы керек, алайда жаңа ғимараттың өзі жоғары білім сапасына кепілдік бермейді. Негізгі нәтиже – баланың білімі, қабілеті мен құзыреттері, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Мендіғалиев.
Қолданыстағы мектептерді жаңғырту жұмыстары да жалғасып жатыр. Қазір Жәнібек ауданындағы Жақсықайрат және Жәнібек ауылдарындағы 3 мектепте, сондай-ақ Орал қаласындағы вальдорф бағытындағы мектеп-лицейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңақала ауданының Бірлік ауылындағы Мирманов атындағы мектеп бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Жұмыстар 2026-2027 жылдары кезең-кезеңімен орындалмақ.
2026 жылы өңірде 51 заманауи пән кабинетін жабдықтау жоспарланған. Бұл – белгіленген 40 кабинет көрсеткішінен жоғары. Шағын жинақты мектептерде физика, биология және алғашқы әскери дайындық пәндеріне арналған 24 кабинет, ал Ақсай қаласындағы жаңа мектепте тағы 27 кабинет жабдықталады.
Өңірде 50 қосымша білім беру ұйымы жұмыс істейді. Балалар робототехникамен, бағдарламалаумен, дрон технологияларымен және инженерлік шығармашылықпен айналысады. Оқушылар сарайының Toro Doro командасы Оңтүстік Кореяда өткен FIRST чемпионатында 545 балл жинап, әлемдік рекорд орнатты. Ал облыс оқушылары Түркияда өткен Drone Soccer турнирінде әлем чемпионы атанды.
Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 35 колледж жұмыс істейді, онда 15 мыңнан астам студент білім алуда. Жаңа оқу жылына 4 мың мемлекеттік грант бөлінді. 24 колледжде 42 мамандық пен 68 біліктілік бойынша дуальды оқыту жүзеге асырылады, үш мыңнан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтуде.
– Біздің міндетіміз – еңбек нарығында сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті және жаңа технологияларға бейімделе алатын маман даярлау. Сондықтан кәсіптік білім беру өңір экономикасымен тығыз байланысты болуы керек, – деді облыстық Білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин.
Цифрландыру тағы бір басымдыққа айналып отыр. Облыс педагогтарына 6 740 ChatGPT Edu лицензиясы берілді, AI Mektep пилоттық жобасы іске қосылуда, SmartNation, DARTS және Daryn AI Bagdar платформалары енгізілуде.
– Жасанды интеллект білім беру жүйесіне еніп келеді. Бұл үдерісті сауатты, қауіпсіз әрі педагогикалық тұрғыдан негізделген түрде жүзеге асыру қажет. Технологиялар мұғалімді күнделікті жұмыстың бір бөлігінен босатып, оның басты міндетіне – баланы оқыту мен тәрбиелеуге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік беруге тиіс, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар өңірде дарынды балаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Өткен оқу жылында сегіз оқушы халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы атанды, 57 оқушы республикалық олимпиадалардың жүлдегері болды, 26 оқушы ғылыми жобалар байқауында жоғары нәтиже көрсетті. Республикалық олимпиадада БҚО оқушылары үш алтын, 11 күміс және 14 қола медаль жеңіп алды.
Шалғай ауылдардағы балалар үшін білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды міндет болып қала береді. Бүгінде 63 елді мекеннен 4 826 оқушы 56 мектепке тасымалданады. Биыл мектептерді жабу жоспарланбайды. Шағын жинақты және шекара маңындағы мектептерге қатысты шешім қабылдау кезінде оқушылар саны, елді мекеннің қашықтығы, жолдардың жағдайы және тасымалдау қауіпсіздігі ескеріледі.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысы жаңа оқу жылын білім сапасына, заманауи инфрақұрылымға, цифрландыруға және тең мүмкіндіктерге басымдық бере отырып бастамақ. Басты мақсат – әр бала өз қабілетін ашып, табысты болашағына қажетті білімді үйрене алатын жағдай жасау.
Аида ҒАЛИЕВА,
Батыс Қазақстан облысы
