Дәрігерлер елімізде көз ауруларына шалдыққан балалар мен жастардың көбейгеніне алаңдаулы. Ал статистикалық мәліметтерге көңіл аударсақ, жағдайдың тым ушығып бара жатқанын байқаймыз.
Жанарға түскен салмақ
123
оқылды

Офтальмологтарының айтуынша, қазір оқушылардың 70-80 пайызының көру қабілеті бұзылуы мүмкін, тіпті елдегі әрбір бесінші бала алыстан көре алмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпарынша, әлемде әр минут сайын 1 бала, 5 секунд сайын 1 ересек адам жанарын жоғалтады екен. Мұның бәрі – ауруды дер кезінде емдемей, асқындырудың салдары.

Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу инсти­тутының дерегі де бұл сөзімізге дәлел болып отыр. Институт зерттеуінше, миопия мектеп оқушылары арасындағы офтальмологиялық аурулардың тізімінде бірінші орында тұр. Қалалық мектептерде миопия көрсеткіші 30 пайызға жеткен. Мамандар балалар арасындағы көз ауруларына қатысты нақты орталықтандырылған статистика жоғын айтады, демек біз айтып отырған көрсеткіш бұдан да жоғары болуы әбден мүмкін. Офтальмологтар мұның басты себебі көзге шектен тыс салмақ түсіру деп отыр, олар балалардың көз жанарын сақтау үшін экран уақытын шектеуді ұсынады. 

30 мың бала динамикалық бақылауда

Өкініштісі, қазір елімізде көзі нашар көретін 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан аса бала мүгедектікке тіркелген, ал оның 300-ге жуығы әлі 3 жасқа да тол­маған. Балалар арасында мүгедектікке, негізінен, көздің туабітті ақаулары, торқабықтың тұқым қуалайтын дистрофиялары, көру жүйкесінің, көздің тамырлы қабығы мен торқабығының аурулары, жоғары дәрежелі миопияның асқынған түрлері себеп болып отыр. Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің дерегінше, бүгінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарларда көздің тамырлы қабығы аурулары диагнозымен 2 мыңға жуық бала ем алған. 1 062 балаға – торқабық аурулары, 1 025 балаға – көру жүйкесінің аурулары, 1 016 балаға қабақ аурулары диагнозы қойылып, тиісті меди­циналық көмек алған. Сонымен қатар қылилығы бар 852 балаға ем-дом жасалған. Министрліктің мәліметінше, амбулаториялық деңгейде балалар арасында ең жиі кездесетін көз ауруларының қатарына миопия, қылилық, катаракта және глаукома жатады. Қазір 30 мыңға жуық бала ди­намикалық бақылауда, оның ішінде 25 193 бала­да рефракция және аккомодация бұзылыстары анықталған. Онымен қоса, миопия диагнозымен 18 211 бала есепке алынған екен. Сонымен қолда бар есепке қарағанда, бүгінде 50 мыңнан аса мектеп оқушысында көз аурулары анықталған. Былтыр көз ауруларына байланысты 388 830 бала медициналық көмек алған, жалпы 1,3 млн-нан аса балаға медициналық көмек көрсетіліпті. 

Телефонға тәуелділік ушықтырып тұр

ЮНИСЕФ қорының дерегінше, әлемде кәмелет жасына толмаған 2,4 млрд бала болса, соның 90 пайызында жеке смартфон бар. Бұл дегеніміз – олар уақытының көбін телефонға телмірумен өткізеді деген сөз. Телефоны жоқ балалар ата-анасының құрылғысына бақылаусыз қол жеткізе де алады. Ал бұл мәселені одан сайын ушықтырып тұр. Соның салдарынан көз көбіне жақын қашықтықтағы жұмысқа бейімделе бастайды, соңында балалардың ұзақ уақыт жақыннан жұмыс істеуі көз алмасының ұзаруына әсер етіп, миопия пайда болады. Дәрігерлердің айтуынша, 25-30 сантиметрден жақын қашықтықта ұзақ көру миопия қаупін 2,5 есеге арттырады екен. Медицина мамандары кез келген гаджет, телефон не компьютерді қолданған соң 20 минуттай міндетті түрде демалу керектігін айтады. Бұл көз тамыр­ларының босаңсуына мүмкіндік береді. 

Негізінен, дәрігерлер пікірінше, ата-ана экран уақытын шектеуден бөлек, балаларға гаджетті қалай дұрыс пайдалану керегін түсіндірген абзал. Мәселен, офтальмолог Ербол Сарымсақов көз саулығын сақтау үшін күнделікті таза ауа жұтып, серуендеп қайтудың маңызы жоғары болатынын айтады.

– Күніне екі сағаттан артық таза ауада сер­уендейтін балаларда көру қабілетінің төмендеуі 50-60 пайызға сирек кездеседі, себебі бұл кезде бала гаджеттен алыстап, көзі алысқа қарап, көз бұлшық еттері демалады, – дейді маман. 

Оның айтуынша, гаджетті толық алып қоюдан гөрі оны дұрыс пайдалану режимін қалыптастыру керек. Мысалы, 2 жасқа дейінгі балаларға телефон­ды мүлде бермеген дұрыс. 2-7 жас аралығында экран уақыты күніне бір сағаттан аспағаны жөн. 7-14 жаста гаджетті үзіліспен қолдану қажет. Ал 14 жастан кейін жарты сағат қарап, жарты сағат демалатын режимді ұстанса, көзге түсетін салмақ айтарлықтай азаятын көрінеді. 

Офтальмолог Алуа Талғатқызы да бала саулығына үнемі мән беру ата-ана міндеті екенін ескертіп, көру қабілетіне бейжай қарамауға шақырды. 

– Кішкентай балаларға ұзақ уақыт телефонға шұқшия қарап отыруына болмайды. Бала өсіп келе жатқанда, көз алмасы да өседі, мұндай кезде ұзақ уақыт телефонға қараудың кесірінен бұлшықет спаз­мы болуы мүмкін, содан кейін миопия пайда бола­ды. Ата-ана баласын қадағалап-қарау керек, мектепте түсіндірме жұмыстары өтуге тиіс, – дейді ол.

Дәрігердің айтуынша, дүниеге келген сәбидің көру қабілеті +3, 3,5 тіпті +5-ке дейін болады екен, мектеп жасына дейін көз алмасы өсіп, көрсеткіш төменге түседі. Егер осы кезде баланың күтіміне көңіл бөлмесе, көру қабілеті төмендеп, миопияға айналады. Ересектер жұмыс арасында үзіліс жасап, күтінсе, көп мәселе туындамайды. Ал миопия әдетте мектеп және университетте оқып жүрген кезде жиі байқалады екен. 

Сонымен қатар түнгі ұйқының бұзылысы, D дәрумені тапшылығы, табиғи жарықтың жеткіліксіз болуы да көру қабілетін нашарлатады. Телефонға тәуелділіктің әсерінен де елде 1-2 жасар балалар арасында көздің қылилануы көбейіп барады. Әдетте кейбір балалар көру қабілетінің нашар­лағанын ата-анасына айтса ұрсады деп ойлап, қорқып жүреді. Егер де қандай да бір шағымдар болса, уақыт создырмай дәрігерге бару қажет. Бұл асқынулар мен қауіп-қатердің алдын алуға көмектеседі.

Бұл мәселе әлемдік жағдайда алаңдатарлық күйде. 2050 жылға қарай бұл көз ауруының таралу деңгейі шамамен 40 пайызға жетуі мүмкін. Алдағы 10 жылда барлық адам көзілдірік тағады деген болжам шындыққа жанаса ма деп қорқатын күн туды. Ендігі бар амал, көз ауруын ауыздық­таудың жалғыз жолы – балаларды қадаға­лаусыз қалдырмау және уақытылы меди­циналық тексерілуден өтіп тұру.

Айсұлу СЪЕЗХАН