Су – ауыл шаруашылығының күретамыры. Әсіресе табиғи ылғалы жеткіліксіз өңірлер үшін оның әр тамшысы – өнім, еңбек және экономикалық өсім. Сондықтан суармалы жердің игерілуі тек аграрлық саланың емес, тұтас өңірдің болашағын айқындайтын стратегиялық мәселеге айналып отыр.
Жер ырысы үнеммен еселенбек
114
оқылды

Абай облысында осы бағыттағы жұмыстардың қазіргі ахуалы мен алдағы міндеттері облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен жиында кеңінен талқыланды. Басқосудың өзегінде бір ғана мәселе тұрған жоқ. Су ресурсын тиім­ді басқару, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлерді айналымға қосу, ескірген ирригациялық жүйелерді жаңар­ту және суды аз жұмсап, мол өнім алуға мүм­кіндік беретін технологияларды орн­ықтыру сынды бірнеше өзекті бағыт тоғысты.

Облыстағы суармалы жердің жалпы көлемі – 113,4 мың гектар. Алайда оның бүгінде небәрі 32,9 мың гектары, яғни 29 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Демек, 80,5 мың гектар алқап толыққанды ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.

Мәселенің маңызын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірне­ше мәрте атап өткен. Президент су тапшылығы күшейіп келе жатқан жағдайда суды барынша үнемдеу, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану қа­жеттігін айтқан. Мемлекет басшысының пайымынша, су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс жолға қою ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға да мүмкіндік береді. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай облысының алдында тұрған міндет айқын: суды көбейту ғана емес, қолда бар суды ысырапсыз пайдалану.

Су тапшылығы жағдайында бұрын­ғыдай суды көп мөлшерде жұмсап, алқапты суландыра беру тәсілі уақыт талабына жауап бермейді. Қазір әлемнің көптеген елі суару технологиясын жетіл­діру арқылы бір мезгілде әрі су қорын сақтап, әрі ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға ұмтылуда.

Абай облысы да бұл бағыттан тыс қалған жоқ. Биыл су үнемдеу техно­логиялары қолданылатын алқап көлемін 35 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде 30,6 мың гектар жерде осындай тәсілдер пайдаланылып отыр. Оның 20,59 мың гектарында жаңбырлатып суару, 9,98 мың гектарында тамшылатып суару технологиясы енгізілген. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл көлем 7,1 мың гектарға өскен. Бұл – оң дина­мика. Бірақ атқарылатын жұмыс әлі де ауқымды. 

Суармалы жердің әлеуетін толық пайдалану үшін ең алдымен оған су жеткізетін инфрақұрылымның жағдайын түзеу қажет. Бүгінде облыста 3 су қоймасы, 20 су торабы және жалпы ұзындығы 551,2 шақырымды құрайтын 41 магистр­алды канал бар. Алайда олардың бәрі бірдей талапқа сай емес. 13 су торабы мен 401 шақырым каналдың жағдайы қанағаттанарлықсыз. Бұл жерде мәселе тек техникалық ақауда емес. Тозған канал арқылы тасымалданған судың бір бөлігі егістікке жетпей жоғалса, оны жаңа су көздерін іздеу арқылы ғана өтеу жеткіліксіз.

Президент те су инфрақұрылымындағы осы мәселені бірнеше рет көтерді. 2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы кейбір каналдардағы судың 50-60 пайызы далаға кететінін айтып, су есебін жүргізу мен су бөлу жүйесін жаңғыртудың маң­ыз­дылығына назар аударды.

Абай облысында су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бойынша ауқымды жоспар бар. Қазақстанның су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде облыста жеті жаңа су қоймасын салу, 12 су торабын және ұзындығы 278,3 ша­қырым болатын 28 магистралды каналды жаңғырту көзделген. 

Қазір Қарғыба өзеніндегі су қойма­сының жобалау-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамаға жолданған. Қарақол су қоймасының жобасы әзірленіп жатыр. Тағы бес су қоймасы бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалуда. Бұл жобалардың мәні – су қорын тұрақтандырумен ғана шектел­мейді. Су қоймасы ауыл шаруашылығы үшін кепілдендірілген ресурс қалыптас­тырады, ал жаңғыртылған каналдар сол ресурсты егістікке жеткізеді. Ақсуат аудан­ындағы «Қарғыба» су торабын реконструкциялау жұмыстары да осы мақсатқа қызмет етеді. Жоба 5822 гектар суармалы жерді қамтиды және оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Жиында облыс әкімі Берік Уәли пайдаланылмай жатқан суармалы жер­лерді қайта айналымға енгізу, шаруашы­лықішілік каналдарды қалпына келтіру, су үнемдеу технологияларын кеңейту және суармалы егіншілікке инвести­ция­лық жобаларды тарту бағытындағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл тап­сырмалардың барлығы бір-бірімен сабақтас. Канал жөнделмесе – жерге су бармайды. Су үнемделмесе – қолда бар ресурс азаяды. Технология енгізілмесе – судың тиімділігі төмендейді. Ал инвес­тиция тартылмаса – жаңа жобалардың ауқымын кеңейту қиын. Сондықтан су шаруашылығына кешенді көзқарас қажет. Биыл облыста Су ресурстары және ирригация басқармасының құрылуы да осы міндеттердің жүйелі түрде шешілуіне мүмкіндік береді. 

Абай облысы үшін суармалы жер – үлкен экономикалық ресурс. 113,4 мың гектардың небәрі 29 пайызы ғана игеріліп отырғанын ескерсек, өңірдің ауыл шаруа­шылығында пайдаланылмаған мүмкіндік аз емес. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті нақ­ты нәтижеге айналдыру.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы