Жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау да соғылды. Қоңыраудың үнімен гүл шоқтарын ұстаған оқушылар мектепке асықса, бәтеңкесін теріс киіп, алғаш мектеп табалдырыған аттаған бүлдіршіндер үлкен өмірге қадам басуда.
Сын көтермейтін санитария
коллаж: Елдар ҚАБА
117
оқылды

Бала біздің болашағымыз десек, міне осы балғындардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуы – басты мақсатымыз. Алайда мектептер жаңа оқу жылына қаншалықты дайын? Санитарлық талаптар сақталған ба? Балалардың қауіпсіз білім алуы қаншалықты қамтамасыз етілген? Санаға салмақ салған сан сауалға жауап іздеп көрсек.

Жамбыл облыстық сани­та­риялық-эпидемио­ло­гия­лық бақылау департаменті бер­ген ақпаратқа сүйенсек, ме­ке­ме осы таңға дейін жергілікті би­лік өкілдері мен білім саласына жауапта мамандарға олқылық­тардың орнын толтыру бойынша 30-дан астам хат жолдапты. 

– Қазір облыста 530 мектеп бар. Оның 448-і мемлекеттік, 82-сі же­­кеменшік. 152 оқу ордасы қа­ла­­да, 378-і ауылдық жерлерде ор­­­­­­наласқан. Сонымен қатар өңір­де 10 мектеп-интернат жұмыс іс­тей­ді. Білім ошақтарының 393-і үл­гілік, 137-сі бейімделген ғима­рат­та орналасқан.

Білім беру нысандарының ин­женерлік инфрақұрылымы да әр­келкі. Атап айтсақ, 440 мектеп ор­талықтандырылған, 89-ы жергі­лік­ті сумен жабдықтау жүйесіне қо­сылған. Мойынқұм ауданын­да­ғы Қашқантеңіз бастауыш мектебі бол­са, әлі күнге тіршілік нәрін та­сымалдап тұтынады. Одан бө­лек, 132 мектеп орталық­тан­ды­рыл­ған кәріз жүйесімен, 398 мек­теп жергілікті кәріз жүйесімен қам­тылған. Ал 108 білім ныса­нын­да орталықтандырылған, 422 оқу ор­дасында жергілікті жылыту жүйе­сі жұмыс істейді.

Жыл басында облыста апатты жағ­дайдағы екі мектеп болған. Мойын­құм ауданы Күшаман ауы­лын­дағы Амангелді атындағы орта ме­ктеп ғимаратының апатты жағ­дай­да екені техникалық сараптама ар­қылы расталды. Мұнда 143 оқу­шы білім алады. Мектеп мәселесін жаңа ғимарат салу арқылы шешу жоспарлануда. Алайда жаңа оқу жы­лына бұл түйткілдің түйіні тар­қа­мады. Сондықтан оқушылар жаңа оқу жылын ауылдық әкімдік ғимаратында бастап кетті. Ал Шу қа­ласындағы Ғ.Мұратбаев атын­дағы орта мектептің жаңа корпусы Бі­лім беру инфрақұрылымын қол­дау қо­рының қаражаты есебінен са­лы­нып аяқталды. Қазір жаңа са­ни­тариялық-эпидемиология­лық қо­рытынды алу үшін құжат­тар­ды рә­сімдеу жұмыстары жүр­гі­зілуде, – дейді департамент бас­шы­­сы­ның орынбасары Сал­танат Али­баева.

Биыл облыста алты мектеп пен бір интернат ұйымын­да күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Жуа­лы ауданындағы К.Сағындықов атындағы №4, Қордай ауда­ны­н­да­ғы Ш.Уәлиханов атындағы №28, Тараз қаласындағы №54, сон­дай ақ Шу ауданындағы Абай атын­дағы, С.Естемесов атындағы жә­не Мойынқұм орта мектеп­те­рін­де жөндеу жүргізілуде. Тараз қа­­­ласындағы арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қол­дау орталығында да жөндеу жұ­мыстары атқарылды. Интер­наттағы жөндеу толық аяқталған. Жалпы мектептердегі құрылыс жұ­мыстары 72-99 пайыз аралы­ғын­да орындалып отыр. 

Жыл соңына дейін облыста 12 бі­­­­лім беру нысанының құрылысын аяқ­тау жоспарланған. Оның үш-еуі – мектеп, қалған тоғызы – бі­лім беру ұйымдарына арналған қо­сымша ғимарат. Аталған ны­сан­дар Байзақ, Жамбыл, Талас, Шу, Т.Рысқұлов аудандарында және Тараз қаласында бой кө­те­ру­де.

Департамент тарапынан білім беру ұйымдарының жаңа оқу жы­лына дайындығын бағалау мақ­са­тында санитариялық-эпиде­мио­ло­­гиялық мониторинг те жүргі­зіл­ген. Маусым айында облыстағы 532 нысан, оның ішінде 505 жалпы бі­лім беретін мектеп, 14 мектеп ин­тернат және 13 мектептің ас бло­гы зерделенген. Мониторинг нә­­­ти­жесінде 524 объектіде са­ни­та­рия­лық талаптардың бұзылғаны анықталып отыр. Бұл – тек­се­ріл­ген нысандардың 98,5 пайызын құрай­ды. Бұл әрине алақайлайтын көр­сеткіш емес. Сонда мектеп­тер­дің түгелге жуығында санитарлық та­­­­лаптар толық сақталмай отыр де­ген сөз. 

Анықталған олқылықтардың дені жөндеу жұмыстарына қатыс­ты тіркелген. 419 объектіде жөндеу жүргізу, 13 нысанда қоршауларды, 21 объектіде жол төсемін, 214 ны­сан­да инженерлік желілерді ретке кел­тіру талаптары өрескел бұ­зыл­ған. Нәтижесінде, заңнама та­лап­тарын бұзушылықтарды жою ту­ралы 520 ұйғарым шығарылып, төрт нысанға жедел ден қою ша­ра­лары қолданылған. 

Бұдан бөлек, Мойынқұм ауда­нын­дағы екі және Тараз қала­сын­да­ғы алты мектеп бойынша кем­ші­­­ліктерді жоюға қаржы бөлу жө­нінде жергілікті атқарушы ор­ган­дарға сегіз жеке ұсыным жол­данған.

Балалардың қауіпсіздігі мек­­­­­теп ғимаратымен ғана шектелмейтіні белгілі. Олардың күн­делікті тұтынатын өнімдерінің са­пасы да санитариялық талапқа сай болуы керек. Жаңа оқу жы­лы­на дайындық барысында балалар киім­дерінің 61 үлгісі зертханалық са­раптамадан өткізілген. Оның ішін­де 24 мектеп формасы мен се­гіз мектеп сөмкесі тексерілген. Зерт­теу барысында 26 үлгінің таң­балануы талаптарға сәйкес кел­меген. Оның ішінде 15 мектеп фор­­­­масы мен төрт сөмке анық­тал­ған. Сәйкессіз өнімдер бойын­ша олар­ды кері қайтару туралы тиісті қау­лылар шығары­лып отыр.

Мектептегі оқушыларды та­мақ­­тандыру сапасы да жіті назарда болуға тиіс. Бұл жөнінде күні кеше Құрылтай депутаттарының алғаш­қы отырысында Мемлекет басшы­сы да ескертті. Алайда әлі де болса «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз аз болмай тұр. Мәселен, 2025 жыл­­дан бастап облыс мектеп­те­рін­де жаңа Тамақтану стандарты мен мектепте тамақтандырудың үл­гілік перспективалық мәзірі ен­гізілді. Жаңа талаптар тұз, қант пен майды тұтынуды азайтуға, кө­көністер мен жемістерді көбей­ту­ге, ет ассортиментін, соның ішін­де жылқы етін әртарап­тан­дыру­ға бағытталған. Сонымен бір­ге шұжық, ысталған өнімдер жә­не құрамында қанты жоғары шы­рындар секілді өнімдер мәзір­ден алынып тасталды. Бұл ша­ра­лар балалар арасында семіздік, диабет және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға бағыт­талып отыр. Десе де, алдыңғы жылы Байзақ ауданында бүтін бір сыныптың оқушылары астан ула­нып, ауруханадан бір-ақ шық­қанын ел ұмыта қойған жоқ. Олар­­­дың қатарында мектеп ұстаз­дары да болды. Бұл балаларды та­мақтандыру стандарттары әлі күн­ге сақталмай келе жатқанын анық аңғартып отыр. Одан бөлек, былтыр Байзақ ауданында мектеп жанындағы дүкеннен жеңіл та­ғам­дар алып тұтынған тағы бір топ оқу­шы ауруханаға түсті. Бұның бәрі білім саласындағы сал­ғырт­тық пен балаларды тамақтандыру жүйесіндегі жүйесіздікті көрсе­ту­де. Осыған орай биыл сани­тария­лық-эпидемиологиялық бақылау ма­мандары білім беру ұйы­м­да­ры­ның қызметкерлері мен тамақ­тан­дыру қызметін көрсететін кәсіп­кер­лер арасында түсіндіру жұмыс­та­рын жүргізген. Жыл басынан бе­рі аудандық білім бөлімдері мен жергілікті атқарушы органдарға 121 ақпарат дайындалып, 46 се­ми­нар өткізілген. БАҚ-та 36 мақала жа­рияланып, 9 радиохабар ұйым­дас­тырылған. Сонымен қатар 3 347 әңгімелесу, 522 дәріс оқы­лып, әлеу­меттік желілерде 466 жария­­ла­н­ым орналастырылған. 11 «дөң­ге­лек үстел» отырысы 3 акция жә­не 53 «Ашық есік» күні ұйым­дас­­тырылып, тұрғындармен 5 кез­­­десу өткізілген. Бұл жұмыстар өз жемісін берсе құба-құп. Әй­теуір, сұлу сандар статистика күйі қалып, биыл тағы бармақ тістеп жүрмесек болғаны. 

Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан аулақпыз. Алайда кейінгі жылдары білім саласындағы жұмыстар сын көтермей, жауапты басшылар жыл тұрақтамай қызметтік орнын бо­сатуда. Бұл әрине жақсылыққа апармайтыны анық. Сондықтан басқарма мен бөлім басшылары өз жұмыстарына жауапкершілікпен қарап, бала тағдырын таразыға салмайды деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы