Қазақстан құрамасының өкілі U13 жас санатында үздік нәтиже көрсетті.
Қазақстандық теннисші Словенияда жеңімпаз атанды
174
оқылды

Қазақстандық Жания Бекмұхамбетова Словениядағы үстел теннисі турнирінде жеңімпаз атанды. Ол финалдық кездесуде сингапурлық Хуан Кристалмен кездесіп, 3:1 есебімен басып озып, жарыстың алтын медалін жеңіп алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қазақстандық жас спортшы Жания Бекмұхамбетова Словенияның Оточец қаласында өткен WTT Youth Contender сериясындағы үстел теннисі турнирінде алтын медаль иеленді. Турнир барысында Жания Бекмұхамбетова бірнеше қарсыласын қатарынан жеңіп, жарыстың финалына дейін жетті.

Ол алдымен словениялық Эма Калужаны 3:0 есебімен ұтып, кейін үндістандық Каавья Саринді, сингапурлық Линь Цзяцзюньді, хорватиялық Стелла Пресецкиді, Ника Грегурецті және Петра Липовшчакты дәл осындай 3:0 есебімен жеңді. Финалдық кездесуде Жания сингапурлық Хуан Кристалды 3:1 есебімен басып озып, жарыстың алтын медалін жеңіп алды.

Айта кетейік, бұл Жания Бекмұхамбетованың халықаралық жарыстардағы алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін қазақстандық спортшы Хорватияда өткен WTT Youth Contender турнирінде екінші орын алған болатын.