Бүгін – білім мен ізденістің, арман мен үміттің бастауы саналатын Білім күні. Бұл мерекеде мектеп тарихына көз жүгіртіп, білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігін бағамдау да маңызды. Солардың бірі – Қырғызстан астанасы Бішкек қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназияны атауға болады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
1940 жылы ашылған білім ордасының тарихы екі елдің ортақ өткенімен тығыз байланысты. 1941 жылы оның ғимаратында Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасып, Ұлы Отан соғысы жылдарында мұнда офицерлер даярланды. Дәл осы жерден Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі, соғыс ардагері әрі белгілі жазушы Кемел Тоқаев майданға аттанған.

Кемел Тоқаевтың өмір жолымен байланысты бұл мектеп – бүгінде білім мен тәрбиенің маңызды ордасына айналып отыр. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тарихи әрі мәдени байланыстың, бауырлас халықтар достығының символы ретінде де айрықша мәнге ие.

Мектепке Кемел Тоқаевтың есімін беру туралы бастаманы Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2025 жылдың мамыр айында көтерген болатын. Сол жылдың тамызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға мемлекеттік сапары барысында Садыр Жапаровпен бірге осы білім ордасына барып, ұстаздармен және оқушылармен жүздескен болатын.

2025 жылы білім ордасында басталған жөндеу жұмысы биыл аяқталып, заманға сай жабдықталып, толықтай құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Асхананың өзі 120 орынды оқушыға арналған. Тіпті, мектепке кіреберістің өзі күннің суығынан қорғап, қыстыгүні жылытып тұратындай жасалған. Алдағы уақытта, яғни 2027 жылы мектеп жанынан арнайы кітапхана ғимараты тұрғызылмақ.

Бүгінде мектепте білім алып жатқан жас ұрпақ үшін бұл орынның тарихы ерекше тағылымға ие. Мұнда білім алу – өткенді құрметтеп, болашаққа ұмтылумен сабақтасып жатыр. Жаңа оқу жылы басталған Білім күнінде Бішкектегі бұл мектептің тарихы мен бүгінгі келбеті білімнің ұрпақтар сабақтастығын жалғап, халықтар арасындағы достықты нығайтатын құндылық екенін тағы бір рет көрсетеді.
