Алматыда Сәтбаев университеті мен E-POINT компаниясы 832 орындық жаңа студенттер жатақханасын салу туралы келісімге қол қойды. Жаңа кампус студенттерге жайлы өмір сүруге ғана емес, білім алуға, тәжірибе жинауға және заманауи инженерлік шешімдерді іс жүзінде көруге мүмкіндік беретін ортаға айналмақ. Құрылысты келесі жылы аяқтау жоспарланып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жаңа жатақхана студенттердің тұратын орны ғана емес, олардың білім алып, пікір алмасып, өз идеяларын жүзеге асыратын заманауи кеңістік болмақ. Мұнда коворкингтер мен оқу аймақтары, фитнес-орталық, кинозалдар, кір жуатын орындар, дәмханалар мен демалыс орындары қарастырылады. Ғимараттың төбесінде ашық кинотеатр мен студенттерге арналған ортақ кеңістік орналасады.

Жатақхана мен Сәтбаев университетінің оқу ғимараттары арасында студенттердің қатынауын жеңілдету үшін арнайы шаттл ұйымдастырылады.
«Қабырғасын тұрғызу кезеңінен бастап университет өкілдерімен бірге әрбір бөлшегін ойластырып жатырмыз. Жастардың мұнда тұруы, білім алуы, демалуы, кампустағы барлық кеңістікті еркін әрі ыңғайлы пайдалануы біз үшін маңызды», – деді E-POINT компаниясының бас директоры Серік Қарақов.
Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі оның ресурсты тиімді пайдалануға бағытталуы. Жатақханада күн энергиясын пайдалану, жаңбыр суын жинап, сақтап, қайта қолдану жоспарланған. Кампус аумағында да заманауи инженерлік шешімдер күнделікті қолданысқа енгізіледі.
Бұл ретте жаңа нысанның ерекшелігі оның технологиялық шешімдерімен ғана шектелмейді. Жатақхана құрылысы университетте жасалған ғылыми әзірлемелердің нақты өмірде қолданылуының маңызды мысалы.
«Бұл жобаның ерекшелігі университет өзі әзірлеген технологияларды өз нысанында қолданып, болашақ инженерлерге ауқымды құрылыс жобасына қатысып, тәжірибе жинауға мүмкіндік береді», – деді Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Кампус құрылысына университет ғалымдары әзірлеген құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады. Олардың құрамының 95 пайызы отандық шикізаттан тұрады. Ал кейбір қоспаларда пайдаланылатын шикізаттың жартысына жуығы энергетика және тау-кен металлургиясы кәсіпорындарының қалдықтарынан алынады.

Бұл әзірлемелердің артында бірнеше жылдық ғылыми ізденіс, зерттеу және тәжірибе тұр.
«Ғалымдарымыз он жылға жуық уақыт бойы жаңа құрылыс материалдарының құрамын әзірледі. Зерттеу жүргізіп, патент алып, кейін өз өндірісімізді жолға қойдық. Енді Сәтбаев университетінің әзірлемелері өз студенттерімізге арналған жатақхана құрылысында қолданылады», – деді «Stroytech» технопаркінің директоры, Сәтбаев университетінің зерттеуші-профессоры, PhD Руслан Нұрлыбаев.
Ғалымдардың еңбегінің нақты нысанда қолданылуы ғылымның қоғамға берер пайдасының айқын көрінісі. Зертханада басталған идеяның өндірісте жүзеге асуы, ал ғылыми әзірлеменің студенттер күнделікті пайдаланатын ғимаратқа айналуы ізденістің нәтижесі нақты іске ұласатынын көрсетеді.
Жобаның жүзеге асуына Сәтбаев университетінің түлектері де атсалысуда. Солардың бірі – 2010 жылы Политехті тәмамдаған Ануар Құлжанов. Бүгінде ол жобаға серіктес компания басшыларының бірі ретінде қатысып отыр.
Сонымен қатар құрылыс жұмыстарына университеттің құрылыс мамандықтарында білім алып жүрген студенттерді де тарту жоспарланған. Осылайша болашақ инженерлер теориялық білімін нақты құрылыс алаңында тәжірибемен ұштастырып, ауқымды жобаның жүзеге асу барысын өз көзімен көріп, кәсіби машығын қалыптастыра алады.
Жаңа кампус бір жобаның аясында университет ғалымдарының ғылыми әзірлемелерін, түлектердің тәжірибесін және болашақ инженерлердің өндірістік машығын тоғыстырады.
Бұл ғылым мен білімнің, өндіріс пен бизнестің өзара байланысын күшейтетін маңызды қадам. Ең бастысы, жоба студенттер мен жас зерттеушілерге ғылымның тек зертханада қалмай, нақты мәселелерді шешуге, жаңа технологиялар жасауға және қоғамға қажет нысандарды қалыптастыруға қызмет ететінін көрсетуге мүмкіндік береді.
Жобаның қаржылық моделі салынған инвестицияны Қаржы орталығының қатысуымен және студенттердің тұру ақысы есебінен қайтаруды көздейді.
Сәтбаев университеті үшін бұл жатақхана - жаңа ғимарат қана емес. Бұл ғалымның зерттеуінен басталып, технологияға айналған, өндірісте сыналған және студент игілігіне қызмет ететін ғылыми идеяның өміршеңдігін көрсететін жоба. Болашақ инженерлер үшін ол – білім мен тәжірибені қатар меңгеретін орта, ал жас ғалымдар үшін өз зерттеуінің нақты нәтижеге айналатынын көруге мүмкіндік беретін маңызды алаң.
