Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде Қазақстанда соңғы жылдары ауқымды саяси және экономикалық реформалар жүргізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конституция еліміздің орнықты дамуына берік негіз қалады. Ата Заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Бұл өзгерістер әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қазақстанды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрылтай қызметіне кірісті, – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев реформалардың табысты жүзеге асуына және Құрылтай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты.
Сондай-ақ Қазақстан теңгерімді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы саясаттан ешқашан айнымайтынын растады.
Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі жетілдіруге қатысты пікір білдірді.
– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кейбір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйымның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ықпалдастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы халықаралық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы халықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің халықаралық құқықты қорғауға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бас хатшының бастамасымен қолға алынған реформа БҰҰ-ның әмбебап сипатын сақтап, оны анағұрлым тиімді, нақты нәтижені көздейтін құрылымға айналдыруға тиіс. Ал өзгерістердің сәтті өрбуі саяси ерік-жігер мен Ұйымға мүше мемлекеттердің жауапкершілігіне байланысты.
Бұдан бөлек, Президент орта державалардың рөлі артып келе жатқанына айрықша назар аударды.
– Мұндай елдер түрлі орталықтар арасындағы диалогқа және ұжымдық шешімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олардың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дипломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Республикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық тұрақтылық жасанды интеллектіні дамыту аясындағы жауапкершілікке көбірек тәуелді.
– Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қолданысына жол бермейтін және цифрлық алшақтықты қысқартатын әмбебап ережелер қажет. Қазақстанның бастамасымен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
