Қарағандыда 1 қыркүйек күні кешке көпбейінді аурухана аумағында өрт шықты. Өрт сағат 21:29–да басталып, бір сағаттан кейін толық сөндірілді , – деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданындағы Мұқанов көшесінде орналасқан көпбейінді аурухана аумағында жиналған макулатура өртенген. Жалын негізгі бес қабатты ғимаратқа жапсарлас салынған бір қабатты кіреберіс бөліктің ағаш шатыр конструкциясына тараған.
ТЖМ құтқарушылары аурухана әкімшілігімен бірлесіп, 20 науқасты көршілес блокқа эвакуациялады.
— Хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына ТЖМ бөлімшелерінің күштері мен құралдары жедел түрде жіберілді. Медициналық мекеме әкімшілігімен бірлесіп, науқастарды эвакуациялау жүргізілді. Өрт жедел оқшауланып, толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
