Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың жаңа белесі басталғанын атап өтті.
Астана Бейжіңмен стратегиялық серіктестікті нығайтуға дайын – Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда
532
оқылды

Қазақстан Қытаймен жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға дайын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Президент Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елді ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстырады.

«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады. Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы ықпалдастықтың жаңа белесі басталғанын атап өтті. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтып отыр.

Айта кетейік, жақында Астанада Қытайда білім алып жатқан қазақстандық студенттер мен Қытайдың жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектер бас қосты. Кездесуде екі ел арасындағы білім беру байланыстарын одан әрі дамыту, жастардың кәсіби әлеуетін арттыру және Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтудағы студенттердің рөліне мән берілді.