Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік сауда, инвестиция, энергетика және көліктен бастап, ғылым, білім, медицина және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президенттің айтуынша, бүгінде екі ел арасындағы ықпалдастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейін кеңейіп келеді.
«Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр. Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы технологиялық ынтымақтастықтың да қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін екенін айтты. Оның айтуынша, цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға екі тарап та мүдделі.
«2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы білім және мәдениет салаларындағы байланыстарға да тоқталды. Бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр, ал Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен «Лу Бань шеберханалары» жұмыс істеп, академиялық ұтқырлық және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары кеңейіп келеді.
Мемлекет басшысы 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастардың белсенді дамып келе жатқанын көрсететінін де атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде қытайлық әріптестермен бірлескен ғылыми орталықтар мен зертханалар жасақталып, оқу ордасының базасында өз жұмысын бастады. Жерсерік желісін құру бағытында ҚазҰУ Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетімен ғарышқа микроспутник ұшырды. Бұл бастаманы ҚазҰУ қазақстандық жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет жүзеге асырып отыр.
