1 қыркүйектен бастап Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару үшін жаңа тарифтер енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Ақылы нысандардың қатарында Бозжыра, Тұзбайыр, Қызылқұп және Боқты тауы бар. Енді туристік соқпақтарды пайдалану, кемпингте орналасу, көлік қою, аумаққа көлікпен кіру, экскурсия ұйымдастыру, сондай-ақ фото және бейнетүсірілім жасау үшін бөлек ақы төленеді.
Жеңіл автокөлікпен кіру құны – 3 028 теңге. Туристік соқпақты пайдалану – бір адамға тәулігіне 865 теңге, кемпинг – 433 теңге, автотұрақ – 865 теңге.
6-17 жас аралығындағы балаларға 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Ал 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Шетелдік туристерге арналған тарифтер отандық келушілерге қарағанда екі есе жоғары.
Мысалы, екі ересек адам мен екі баладан тұратын отбасы өз көлігімен келіп, жеке шатырын алып, бір түн қонса, шамамен 7 787 теңге төлейді.
Туристердің пікірінше, табиғи аумақтарға кіру үшін ақы енгізілсе, одан түскен қаражат ең алдымен аумақты дамытуға жұмсалуы маңызды.
Атап айтқанда, жолдарды жөндеу, санитарлық тораптар орнату, қоқысты тазалау, автотұрақтар мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ақпараттық белгілер қою және туристік бағыттарды ретке келтіруге қаржы бөлінуі қажет.
