Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде әскери қызмет күн сайын белгіленген тәртіппен ұйымдастырылады. Әрбір сарбаздың өз міндеті бар. Бірі қоғамдық тәртіпті күзетсе, енді бірі әскери техниканың дайындығын қамтамасыз етеді. Бірі жауынгерлік кезекшілікте тұрса, енді бірі әскери бөлім аумағының қауіпсіздігін қадағалайды. Ал тәуліктік жасақ жеке құрамның тыныштығын, әскери бөлімдегі ішкі тәртіпті сақтап, қару-жарақ пен әскери мүліктің қауіпсіздігін 24 сағат бойы қамтамасыз етеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тәуліктік жасақ – әскери бөлімнің қалыпты тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды буын. Оның басты міндеті – жауынгерлік әзірлікті және ішкі тәртіпті сақтау, жеке құрамды, қару-жарақ пен әскери техниканы, оқ-дәрілер мен материалдық құралдар қорын, әскери бөлімнің ғимараттары мен мүлкін күзету. Сонымен қатар жасақ әскери бөлімшелердегі жағдайды бақылап, құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды уақытылы қабылдауға жауапты.
Бұл қызметке сарбаздарды дайындау бір күндік жұмыс емес. Кезекшілікке кірер алдында әскери қызметшілер арнайы нұсқаулықтан өтіп, өздеріне жүктелген міндеттерді нақтылайды.

Әрбір әрекетке жауапкершілікпен қарау керек
Жауынгерлермен нұсқаулық сабағын рота старшинасы, аға сержант Қанжарбек Жаңаберген өткізеді. Оның айтуынша, тәуліктік жасақ құрамындағы әрбір әскери қызметші өзінің міндетін ғана емес, күтпеген жағдайда қандай әрекет жасау керектігін де жақсы білуі тиіс.
«Тәуліктік жасаққа түсу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан кезекшілікке кірер алдында сарбаздарға қызмет атқару тәртібі, қауіпсіздік талаптары, қару-жарақ пен әскери бөлімнің мүлкін сақтау, ішкі тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері жан-жақты түсіндіріледі. Әрбір сарбаз өз міндетін нақты білуі керек. Себебі тәулік бойы әскери бөлімдегі жағдайға бақылау жүргізу – қырағылық пен мұқияттылықты талап ететін қызмет», – дейді старшина.
Нұсқаулық барысында сарбаздарға қызмет кезінде сақталуы тиіс талаптар түсіндіріліп, олардың білімдері тексеріледі. Мұндағы басты мақсат – тәуліктік жасақтың қызметін сапалы ұйымдастырып қана қоймай, әскери қызметшілердің жауапкершілігін арттыру.
Тәртіп – талаптан емес, түсініктен басталады
Әскери қызметтің тағы бір маңызды бағыты – тәрбие жұмысы. Себебі жауынгердің қызметке деген көзқарасы оның күнделікті тәртібінен, жауапкершілігінен және әскери ұжымдағы қарым-қатынасынан көрінеді. Осы бағытта тәуліктік жасақ құрамымен рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бойынша орынбасары, лейтенант Оразбек Зиябек тәрбие сабағын өткізеді.
«Тәуліктік жасақ құрамындағы әрбір сарбаз өз қызметінің маңыздылығын түсінуі қажет. Бұл – жай ғана кезекшілік емес. Сен әскери бөлімдегі тәртіпке, қару-жарақ пен мүліктің сақталуына, жеке құрамның қауіпсіздігіне жауап беретін адамдардың бірісің. Сондықтан біз сабақ барысында әскери тәртіп, жауапкершілік, қырағылық және жолдастық қолдау туралы түсіндіреміз. Сарбаз өз міндетінің маңызын түсінген кезде ғана оны сапалы орындайды», – дейді офицер.
Оның айтуынша, тәрбие жұмысының негізгі мақсаты – сарбазға тек талап қою емес, сол талаптың артында қандай жауапкершілік тұрғанын түсіндіру.

Тәулік бойы сергек болу керек
Тәуліктік жасақ құрамында қызмет атқарып жүрген қатардағы Жалғас Еркініс үшін бұл қызмет – әскери тәртіпті іс жүзінде сезінудің бір жолы.
«Тәуліктік жасаққа түскен кезде ең алдымен жауапкершілікті сезінесің. Себебі бұл жерде әр нәрсеге мұқият қарау керек. Кезекшілік кезінде сергек болып, өзіңе бекітілген міндеттерді уақытында орындауға тырысасың. Нұсқаулық пен тәрбие сабақтарында бізге қызметтің қыр-сыры түсіндіріледі. Алдағы уақытта осы жерде алған тәжірибем азаматтық өмірде де көмектеседі деп ойлаймын. Ең бастысы – тәртіпке үйреніп, кез келген жағдайда сабырлы әрі жинақы болу», – дейді қатардағы сарбаз.
Тәуліктік жасақтың қызметі қатаң белгіленген тәртіппен ұйымдастырылады. Күндізгі кезекшілер қызмет барысында екі сағаттан постта тұрады. Ауысым аяқталған соң кезекті әскери қызметші постты қабылдап, қызметті жалғастырады. Осылайша, әскери бөлім аумағындағы тәртіп пен қауіпсіздік 24 сағат бойы үздіксіз бақылауда болады.
Түнгі уақытта да қызмет тоқтамайды. Жасақ құрамындағы сарбаздарға демалуға уақыт қарастырылғанымен, ұйқы уақыты төрт сағаттан аспайды. Бұл олардың бір мезгілде әрі тынығып, әрі қызметтің үздіксіз орындалуын қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.
Кезекшіліктің әр ауысымы жауапкершілікпен қабылданады. Себебі постқа шыққан әрбір сарбаз әскери бөлімнің ішкі тәртібін сақтауға, жеке құрамның қауіпсіздігіне, қару-жарақ пен әскери мүліктің қорғалуына жауап береді.
«Нарядқа түсу туралы бір күн бұрын жауынгерлік есепте айтылған кезде, алдағы қызметке дайындала бастаймыз. Бізге постта тұру тәртібі, қауіпсіздік талаптары және өз міндеттеріміз түсіндіріледі. Екі сағаттық ауысым кезінде барынша сергек болу керек. Себебі бұл жерде ұқыпсыздыққа жол беруге болмайды. Әр сарбаз өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындауы тиіс», – дейді тәуліктік жасақ құрамындағы қатардағы Жалғас Еркініс.
Осылайша, бір тәуліктік кезекшілік – бірнеше сағаттық қарапайым қызмет емес, тәртіпті, қырағылықты, төзімділікті және жоғары жауапкершілікті талап ететін маңызды әскери міндет.

Тәуліктік жасақтың жұмысы – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, әскери бөлімнің күнделікті қызметінде айрықша маңызға ие. Себебі сарбаздар демалып жатқанда да, оқу-жаттығу өтіп жатқанда да, бөлімнің қауіпсіздігі мен ішкі тәртібі үздіксіз бақылауда болуы қажет.
Бұл қызметте бір ауысым екіншісіне жалғасады. Бір сарбаздың кезекшілігі аяқталса, екіншісі оның орнын басады. Бірақ мақсат өзгермейді – әскери бөлімдегі тәртіпті сақтау, қару-жарақ пен мүлікті қорғау және кез келген жағдайға дайын болу.
Тәуліктік жасақтың әр күні – тәртіп пен жауапкершіліктің кезекті сынағы. Ал оның сапалы атқарылған қызметі әскери бөлімнің жалпы жауынгерлік әзірлігіне тікелей әсер етеді.
Өйткені әскердегі тәртіп – бір күндік талап емес, тәулік бойы жалғасатын жауапкершілік.
