Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық Синьхуа агенттігіне сұхбат беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазір бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілгенін айтты. Ел Президенті сонымен қатар Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір екенін мәлімдеді.
Тарихтан түлеген  татулық – жаңа белестің бастауы
57
оқылды

Президент алдымен Қытай мен Қазақстанды ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті.

«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас ха­лық­­тарымыздың түпкі мүдде­леріне сай келеді әрі бүкіл Еура­зия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақ­тылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор сана­ла­ды. Стратегиялық серік­тес­тігі­міз­дің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өт­кім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, ме­дицина, ғылым, білім және мә­дениетке дейінгі барлық не­гіз­гі саланы қамтып отыр», – де­ді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі­жақ­ты сауда жаңа рекордтық көр­сеткішке жеткеніне тоқтал­ды. Қытай Қазақстанның сырт­қы сауда серіктестері ара­сында бірін­ші орында тұр. Тағы бір стра­те­гия­лық бағыт – көлік жә­­не логистика. Қазақстан – Шы­ғыс пен Батысты тоғыстырып жат­қан өңір. «Қытайлық серік­тес­терімізбен бірге осы геогра­фия­лық артықшылықты Еура­зия ауқымындағы заманауи кө­лік-логистика инфрақұры­лы­мы­на айналдырып келеміз», – де­ді ол. – «Бір белдеу, бір жол» ме­гажобасын дамыту, Транс­кас­пий халық­аралық көлік бағ­да­рын ілгерілету, жаңа теміржол же­лілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терми­нал­дарды кеңейту, шекаралық инф­рақұры­лымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік бай­ланыстарының мүлде жаңа жүйе­сін қалыптастырып келеді».

Қазақстан басшысының ай­туын­ша, Транскас­пий халық­ара­­лық көлік бағытын, яғни бү­гінде Қытай мен Еуропа ара­сын­дағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып ке­ле жатқан Орта дә­лізді дамыту – ынтымақ­тастық аясындағы ба­сым­­дық­тар­дың бірі. «Ортақ мін­детіміз – осы ба­ғыттың бәсе­кеге қабілеттілігін барынша арт­тыру. Сондықтан «ақылды ке­ден» жүйесін енгізуге, құжат ай­налымын цифрлан­дыру­ға, ақ­параттық жүйелерді өзара үй­лестіру мен шекаралық рәсім­дер­ді автоматтандыруға айрық­ша мән береміз», – деді Мем­ле­кет бас­шысы.

«Қазақстан мен Қытай ара­сын­да ықпалдастықтың жаңа бе­лесі басталды. Бүгінде ынты­мақ­тастық нақты сектор­дағы дәс­түрлі бағыттардан бастап, цифр­лық экономика саласын­да­ғы серік­тес­тікке дейінгі кең ау­қымды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2026 жыл Қазақстанда Цифр­ландыру және жасанды ин­теллект жылы болып жария­лан­ды. «Жуырда Жасанды ин­тел­лект жөніндегі дүниежүзілік кон­ферен­цияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қы­тайдың жетекші техно­ло­гия­лық компанияларының бас­шы­лары­мен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифр­лық экономика, зияткерлік өн­діріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларын­да бір­лескен жобаларды жүзеге асы­руға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технология­лық ынты­мақ­тастық қазақ-қытай қарым-қа­тынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне ай­налуы мүмкін», – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды ин­тел­лект бүкіл адамзаттың игілігіне қыз­мет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет за­манауи технологияларға, білім мен есеп­теу ресурстарына әділ қол жеткізуі қа­жет. «Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қы­тайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шіл­де айында Шанхайда Қазақстан Жа­санды интеллект саласындағы ынты­мақ­тастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қа­тарына қосылды. Бұл – жасанды ин­тел­лект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді ха­­лықаралық жүйе қалыптастыру жо­лын­дағы маңызды қадам», – деді ол.

Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ық­пал­дастық орнатып отыр. «Біз Біріккен Ұлт­тар Ұйымының орталық рөлін ны­ғайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көп­жақ­тылықты ілгерілету, сондай-ақ қақты­ғыс­тарды бей­біт жолмен реттеу мәсе­ле­лері бойынша ұқ­сас ұстанымдарды бас­шылыққа ала­мыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұста­натынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қар­сы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» фор­матындағы ынтымақтастықты то­лық қолдайды.

Президент биыл Шанхай ынты­мақ­тас­тық ұйымының құрылғанына 25 жыл тол­ғанына назар аударды. Оның пайым­дауынша, Ұйым ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалды. Қазақстан Пре­зиденті бұл қағидаттарды халық­ара­лық ынтымақтастықтың өзіндік «стан­дар­ты» ретінде бағалайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қа­зақстан мен Қытай арасында дип­ло­ма­тиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыс­тар­мен қатар, екі ел азаматтары арасын­д­ағы тікелей қарым-қатынастар да бел­сенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өт­кізуі осы үрдістің жарқын дәлелі бол­ды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бү­гінде Қытайда ондаған мың қазақ­стан­дық студент білім алып жатыр. Со­нымен қатар Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының фи­лиалдары, «Лу Бань шеберханалары» та­бысты жұмыс істеп жатыр. Акаде­мия­лық ұтқырлық, сондай-ақ жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары да кеңейе түсуде.

Өзара визасыз режимнің енгізілуі ту­ризм саласының дамуына айтарлықтай сер­пін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, 2025 жылы Қазақстанға кел­ген қытайлық туристер саны 962 мың адам­ға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсет­кіш­пен салыстырғанда 47 пайызға көп.

«Қытайлық достарымызға Қазақ­станда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркі­стан­ды, Алматының асқарлары мен Маң­ғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен ас­пап­та­рымызды, қонақжай қалпымызды көр­сет­кіміз келеді. Сонымен қатар Қазақ­стан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде да­му жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп сөзін түйін­деді Президент.