Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Ұстанымы ортақ  бірегей ұйым
230
оқылды

Мемлекет басшысы қонақ­жай­лық танытып, жиынды жо­ғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғыз Республикасының Пре­зиденті Садыр Жапаровқа және барша қырғыз халқына ри­за­шылығын білдірді.

– Кездесуіміз бізге туыс ел­дер – Қырғызстан мен Өзбек­стан тәуелсіздігінің 35 жыл­ды­ғын мерекелеу күндерімен тұс­па-тұс өтіп жатыр. Мұның сим­волдық мәні зор. Орайлы сәтті пай­даланып, әріптестерім – құр­метті Садыр Нургожоевич Жа­паров пен қадірлі Шавкат Ми­ромонович Мирзиёевті осы маңызды әрі тарихи күнмен құт­тықтаймын. Бауырлас халық­тар­ға бақ-береке тілеймін! – деді Қазақстан Президенті.

Ширек ғасырлық белес

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ай­туынша, ширек ғасырда Шан­хай ынтымақтастық ұйымы «Шан­хай бестігінен» бастап Еу­разияның үлкен бөлігін қам­ти­тын және адамзаттың жарты­сы­на жуығын біріктіретін ірі ха­лық­аралық ұйымға айналды.

– ШЫҰ – әртүрлі, бірақ ру­хы бір елдердің бірегей бірлестігі ре­тінде ішкі мәселеге араласпау, еге­мендікті құрметтеу, өзара се­нім, ашықтық пен ынтымақ­тас­тық қағидаттарын іс жүзінде жү­зе­ге асырып келеді. Бүгінде ол шын мәнінде табысты, ық­пал­ды әрі сұранысқа ие халық­ара­лық құрылымға айналды. Әйт­се де, біздің Ұйым құрылған сәт­тен бері әлем айтарлықтай өз­герді. Көз алдымызда халық­ара­лық қатынастардың жаңа жүйе­сі қалыптасып жатыр. Бірі­гу­ден гөрі жікке бөліну, ынты­мақ­тастық ниетінен гөрі геосая­си бақталастық басым түсіп, мүд­делер теңгерімін іздеудің ор­нына араздық өршіп барады. Өзара сенімге селкеу түсті. Он­сыз ең мықты халықаралық инс­­­­­титуттардың өзі бірте-бірте сын-қатерлерге төтеп беру қабі­летінен айырылады. Осы орай­да, біздің Ұйымның маңызы ар­та түседі. ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағыт­талмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан «Шанхай рухына» сүйенеді. Біздің басты мақсатымыз – қуат­ты әрі өркендеген ШЫҰ қо­ғам­дастығын құру, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент Қырғызстан Шан­­хай ынтымақтастық ұйы­мы­на табысты төрағалық етке­нін айрықша атап өтті.

– Қазақстан қырғыз ағайын­дары­мыз бен серіктестеріміздің Ұйым бірлігін нығайту және оның сан қырлы әлеуетін ашу ж­о­лында атқарған мәнді де маз­мұнды жұмысын жоғары баға­лайды. Бүгінгі отырыстың қо­рытындысы ШЫҰ-ның халық­ара­лық беделін одан әрі көтеріп, қызмет тиімділігінің артуына және жаһанның құбылмалы жағ­дайында нақты стратегиялық мүдделердің қалыптасуына сеп­тігін тигізетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қол жет­кен жетістіктерді алға тартып, «Шанхай ондығына» кіретін ел­дердің бәрі үшін айрықша маңыз­ға ие басты бағыттарға тоқ­талды.

– Қауіпсіздік саласындағы өзара сенім мен ынтымақ­тас­тық­ты нығайту. ШЫҰ құра­мын­да Еуразияның ірі мемлекеттері бар. Жаңадан сұлбаланып келе жат­қан әлемдік тәртіптің тұр­па­ты қандай болмағы көбіне осы елдердің ұстанымына бай­ла­ныс­ты. Бұл ретте Ұйымға ерек­ше жауапкершілік жүктеледі. Еу­разия құрлығындағы стра­те­гия­лық тұрақтылық және сенім шаралары бойынша министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конфе­рен­ция­сын өткізу қажет деп санай­мыз. Аталған іс-шараның күн тәр­тібінде әскери тәуекелдерді азай­ту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселесін талқылауға бола­ды. Әсіресе, қарулы қақтығыс­тар­дың салдары көбіне әскери іс-қимыл аймақтарынан тыс­қары жерді шарпып, халық­ара­лық нарықтарға, коммерциялық кеме қатынасына, орнықты энер­гетикалық және көлік бай­ла­ныстарына нұқсан келтіріп жат­қаны алаңдатады. Сонымен қатар дағдарыстың трансше­кара­лық сипатта белең алу қаупі күшейіп келеді. Бұрыннан келе жат­қан сын-қатерлер де өзек­ті­лі­гін жойған жоқ. «Үш зұлым күш­­пен» – терроризммен, экст­ре­мизммен және сепаратизммен күрес өзара ықпалдасты­ғымыз­дың басым бағыты болып қала бе­реді. Олар трансұлттық қыл­мыс­пен, есірткі тасымалымен, заң­сыз қару айналымымен және киберқауіппен астасып жатыр. Қазақстан Сын-қатерлер мен қауіп­терге қарсы іс-қимыл жө­нін­дегі әмбебап орталықтың, сон­дай-ақ ШЫҰ Есірткіге қар­сы орталығының мақсаттары мен­ міндеттерін қолдайды. Бұл құры­лымдардың қызметі мем­ле­кеттеріміздің құзырлы орган­дары арасындағы іс-әрекетті үй­лестіруді жаңа деңгейге кө­те­ріп, осы бағыттағы бірлескен жұ­мыстың нәтижесін жақсарта­ты­нына сенімдімін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, сауда-эко­номикалық және инвестиция­лық серіктестік аясын кеңей­ту­дің стратегиялық мәні зор. Мем­лекет басшысы күш-жігер жұ­мыл­дыру нәтижесінде ШЫҰ ел­дерінің өзара тауар айна­лымы бір триллион долларға таяп қал­ға­нына назар аудар­ды.

– Алайда, біздің пікірімізше, эконо­ми­калық байланыс мүмкіндіктерін әлі то­лық пайдалана алмай отырмыз. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ре­сурс­тық, өндірістік және технологиялық әлеуе­тін барынша пайдаланып, жаңа өсім бағыттары мен орнықты іскерлік бай­ланыстарды түзу маңызды. Қазақстан ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвес­ти­циялық кеңістігі қалыптасқанын қа­лайды. Кедергілері мейлінше аз, цифр­лық процедуралар мен көлік-логис­ти­ка­лық байланыстары дамыған орта құ­рып, уағдаластықтардан нақты баста­ма­лар­ға көшу керек деп санаймыз. Пи­лот­тық жоба ретінде индустриялық кон­сорциумдар тетігін енгізуді ұсынамыз. Бұл мемлекеттерге басқа қатысушыларды күт­пей-ақ, пісіп-жетілген жобаларды жү­зеге асыруға мүмкіндік береді. Кейін та­бысты бастамаларды тұтас Ұйым ау­мағында жаппай таратуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының база­сын­да ШЫҰ трансшекаралық сауда ай­мақтарын іске қосуға болады деп са­най­ды.

– Осы арқылы тауар алмасудың оң­тай­ланған тәсілін, цифрлық рәсімдерді жә­не заманауи есеп айырысу тетіктерін сы­нап көруге болады. Тағы бір басым ба­ғыт – толыққанды инвестициялық кон­тур қалыптастыру. Қазақстан Қы­тай­дың ШЫҰ Даму банкін құру туралы бас­тамасын қолдайды. Қаржы ұйы­мы­ның ресурсын, ең алдымен, инф­ра­құры­лым­дық, технологиялық және өнеркәсіп жо­баларына бағыттаған жөн. Мүше мем­лекеттердің ортақ ұйғарымы болған жағ­дайда, Қазақстан аталған инсти­тут­ты, оның штаб-пәтерін өз аумағында ор­на­лас­тыруға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұйымды реформалау өзекті

Мемлекет басшысы Еуразияның за­манауи көлік-логистикалық қаңқасын құру ісін жеделдетуді ұсынды. Оның пі­кірінше, мемлекеттердің геогра­фия­лық байланысы Шанхай ынтымақтастық ұйымының стратегиялық артықшылығы саналады.

– Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» ме­гажобасын Транскаспий халықаралық кө­лік бағдарымен, Солтүстік – Оңтүстік дә­лізімен, сондай-ақ Орталық және Оң­түстік Азияның перспективті сауда жол­дарымен ұштастыруға баса мән береді. Елі­міз көлік саласындағы бастамаларды Шан­хай ынтымақтастық ұйымы аума­ғында ілгерілетуге әзір. Ол үшін кеден рәсімдерін цифрландырып, электрон­дық құжаттарды өзара тану, «жасыл дәліз» қағидатын және басқа да заманауи те­тік­терді қолданған жөн. Бұл ретте ШЫҰ Бірыңғай транзит цифрлық плат­формасын құру тиімді тәсіл болар еді. Ол үйлесімді цифрлық шешімдер негі­зін­де жүктің жөнелту пунктінен соңғы нүк­тедегі алушыға дейін кедергісіз өтуі­не мүмкіндік береді. Құқықтық-нор­ма­тив­тік базаны нығайту үшін Шанхай ын­тымақтастық ұйымының 2035 жылға дейін­гі Көлік байланысы стратегиясын әзір­леп, қабылдауды ұсынамыз, – деді Пре­зидент.

Тағы бір басым бағыт ретінде жаңа тех­нологиялық жүйе қалыптастыру ай­тыл­ды. Президент жасанды интеллекті мен цифрлық технологиялардың қа­рыш­тап дамуы ШЫҰ елдерінен өзгеріс­тер­ге бейімделуді ғана емес, озық ше­шім­дерді де талап етеді деп санайды.

– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ғы­лыми, инновациялық әлеуеті мол. Сон­дықтан тәжірибе алмасумен ғана шек­телмей, жасанды интеллект эко­жүйе­сін дәйекті түрде қалыптастыра оты­рып, технологияларды бірлесе ойлап табу­ды және құзыреттілікті арттыруды же­делдетуге болар еді. Қазақстан осы са­ладағы халықаралық ынтымақ­тас­тық­ты кеңейтуді қалайды. Биыл еліміз Қы­тайдың бастамасымен құрылған Дү­ние­жүзілік жасанды интеллект саласындағы ын­тымақтастық ұйымының (WAICO) не­гізін қалаушылардың бірі болды. Сон­дықтан Ұйымға мүше елдердің же­тек­ші университеттерінің, ғылыми меке­ме­лерінің және технологиялық компа­ния­ларының қатысуымен ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынамыз, – деді Мем­ле­кет басшысы.

Президент Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау мәселесі әлі де өзекті екеніне назар аударып, бұл жұ­мысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.

– Сөз соңында Қазақстан ШЫҰ ая­сындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барын­ша күш салуға дайын екенін тағы да растаймын. Өзара сенім мен ықпал­дастықтың арқасында біз бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға кәміл сенемін. Еліміз осы жолды бірге еңсеруге әзір, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Үнді­стан Премьер-министрі Нарендра Мо­ди, Иран Президенті Масуд Пезеш­киан, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Баламасы жоқ бірлестік

Бұдан кейін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы «ШЫҰ плюс» фор­ма­тында жалғасты. Президент саммитте сөз сөйлеп, Қырғызстанның ШЫҰ-ға тө­ра­ғалығы жоғары деңгейде өтіп жат­қанын айтты.

– Қырғызстан Ұйым мүшелерін жұмылдырып, біздің ұсыныстарымыздан «Тұрақты бейбітшілік, даму және өркен­деу жолындағы бірлік» ұраны аясында мазмұнды күн тәртібін қалыптастырды. Бішкек саммитінің қорытындысы ортақ мақсаттарға бір табан жақындатып, Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты сақ­тайтын басты тіректердің бірі ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын нығайта түсетініне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ страте­гиялық міндетке тоқталды. Оның пайым­дауынша, күш көрсету культі мен конф­ронтация орнына өзара жауапкершілік, бірлесе даму және ұзақмерзімді ынты­мақ­тастық салтанат құратын жаңа әлем­дік тәртіп қалыптасуға тиіс.

– Халықаралық аренадағы мұндай ық­палдастықтың ең үлгілі моделі «Шан­хай рухы» екенін ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі анық көрсетеді. Ұйым қыз­метіндегі теңдік пен консенсус қағи­дат­тары, шын мәнінде, көпжақты ынты­мақ­тастықты табысты дамытудың үздік өлшеміне айналды. Сондықтан ШЫҰ-ның басты қағидаттарын Халықаралық көпжақты ынтымақтастық және бейбіт­шілік жолындағы дипломатия күніне ар­налған БҰҰ Бас Ассамблеясының ар­найы қарарында бекітуді ұсынамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, қа­зіргі жаһандық сын-қатерлерге жауап ре­тінде Қазақстанда соңғы жылдары ау­қымды саяси және экономикалық ре­ф­ормалар жүргізілді.

– 1 шілде күні күшіне енген жаңа Конс­титуция еліміздің орнықты дамуы­на берік негіз қалады. Ата заң ережелері жаңа мемлекеттік басқару жүйесін қалып­тастырды. Бұл өзгерістер әле­у­мет­тік-экономикалық тұрақтылықты ны­ғай­туға, сондай-ақ Әділетті, Озық Қа­зақ­станды құруға бағытталған. Жаңа заң шығарушы орган – бір палаталы Құрыл­тай қызметіне кірісті, – деді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев реформа­лар­дың табысты жүзеге асуына және Құрыл­тай сайлауына орай жылы лебізін жолдаған мемлекеттер басшыларына алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстан тең­герім­ді, сындарлы әрі бейбіт сыртқы сая­саттан ешқашан айнымайтынын рас­тады.

Бұдан кейін Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметін одан әрі же­тілдіруге қатысты пікір білдірді.

– БҰҰ атына жиі сын айтылады. Кей­бір сын орынды болса да, бәрібір бұл Ұйым­ның баламасы жоқ. Оны нығайту, тиімділігін арттыру – ортақ міндетіміз. БҰҰ-ның аймақтық құрылымдармен, соның ішінде ШЫҰ-мен тығыз ық­пал­дастығы осы мақсатқа сай келеді. Қазақ­стан Біріккен Ұлттар Ұйымы халық­ара­лық жүйенің өзегі, ал оның Жарғысы ха­лықаралық құқықтың әмбебап негізі болып қалуға тиіс деп санайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміз БҰҰ Бас хат­шысы Антониу Гутерриштің халық­ара­лық құқықты қорғауға қосқан үлесін жо­ғары бағалайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Бас хат­шы­ның бастамасымен қолға алынған реформа БҰҰ-ның әмбебап сипатын сақ­тап, оны анағұрлым тиімді, нақты нә­ти­жені көздейтін құрылымға айнал­дыруға тиіс. Ал өзгерістердің сәтті өрбуі саяси ерік-жігер мен Ұйымға мүше мем­лекеттердің жауапкершілігіне бай­ла­нысты.

Бұдан бөлек, Президент орта дер­жава­лардың рөлі артып келе жатқанына айрықша назар аударды.

– Мұндай елдер түрлі орталықтар ара­сындағы диалогқа және ұжымдық ше­шімдер әзірлеуге ықпал ете алады. Олар­дың ұстанымдары мен бастамалары жаһандық басқару тетіктерінде барынша ескерілуге тиіс. Қазақстан бұл үдеріске белсене атсалысуға дайын. Превентивті дип­ломатияны нығайтпай, Біріккен Ұлттар Ұйымын институттық тұрғыдан жаңғырту мүмкін емес. Қақтығыстардың алдын алу және дау-дамайды бейбіт жолмен реттеу мәдениетін қалыптастыру үшін ұжымдық күш-жігер керек. Осы бағдарды басшылыққа алған Қазақстан биыл шілде айында Қытай Халық Рес­публикасының бастамасын қолдап, Медиация жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы конвенцияға мүше болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық тұрақтылық жасанды интел­лек­тіні дамыту аясындағы жауапкерші­лік­ке көбірек тәуелді.

– Жасанды интеллектінің жасампаз әлеуетін ашатын, оның бақылаусыз қол­да­нысына жол бермейтін және цифрлық ал­шақтықты қысқартатын әмбебап ере­желер қажет. Қазақстанның бастама­сы­мен Алматыда БҰҰ Азия-Тынық мұхиты елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) Азия-Тынық мұхиты цифрлық ше­шім­дер орталығы құрылады. Орталық, ең алдымен, дамушы елдердің игілігі үшін озық тәжірибелерді кеңінен таратуға сеп­тігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар су қауіпсіздігі әлем­нің күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі ретінде аталды.

– Азық-түлік, энергетика және әлеу­меттік салалардағы тұрақтылық, сондай-ақ экономикалық даму суға тікелей тәуел­­ді. Дегенмен су ресурстарын жаһан­­­­дық басқару жүйесі әлі толық қалып­тас­паған. Су проблематикасымен БҰҰ-ның ондаған құрылымы айналысады. Алайда кең өкілеттікке ие біртұтас үкіметаралық әмбебап ұйым құрылған жоқ. Дәл осы се­бепті Қазақстан БҰҰ аясында Ха­лық­аралық су ұйымының негізін қалауды ұсынды. Оның міндеті – қолданыстағы тетіктерді қайталамай, керісінше, ортақ істі үйлестіру, үкіметтер арасындағы тұ­рақ­ты диалогты қамтамасыз ету, ресурс­тарды жұмылдырып, өзара келісімді шешімдер әзірлеу. ШЫҰ Су мәселелерін талдау орталығы осы жаһандық баста­маны өңірлік деңгейде толықтыра алар еді. БҰҰ аясында Халықаралық су ұйы­мы мен ШЫҰ Су мәселесін талдау орта­лы­ғын құру туралы ұсынысыма мүше мем­лекеттер қолдау көрсетеді деп сен­е­мін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Еуразия кеңістігіндегі елдердің ұзақ­мер­зімді әрі табысты дамуын қамтамасыз ету­ге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты.

– Жалпыға ортақ әрі біртұтас қауіп­сіздік, терезесі тең егемендік пен өзара құр­мет қағидаттарын халықаралық қа­ты­настардың ажырамас бөлшегі ретінде бекіту – ортақ жауапкершілігіміз. Шан­хай ұйымы қауіпсіз және орнықты әлем­дік тәртіпті құруға лайықты үлес қоса­ты­нына сенімдімін. Қазақстан Ұйым ая­сындағы барлық серіктес мемле­кет­термен дәл осы бағытта конструктивті жұ­мыс атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

М.ТӨЛЕУ