Жиынға партия өкілдері, белсенділер, жастар қанатының мүшелері және сайлау науқанына белсенді атсалысқан азаматтар қатысты.
Кездесу барысында Құрылтай сайлауына дайындық кезеңінен бастап, сайлау науқаны аяқталғанға дейін атқарылған жұмыстар сараланды. Сайлау кезеңінде партия бастамаларын халық арасында кеңінен түсіндіру, ақпараттық жұмыстар жүргізу, тұрғындармен кездесулер ұйымдастыру, сайлауалды материалдарды тарату және басқа да ұйымдастырушылық бағыттар бойынша жүйелі жұмыс атқарылды.
Қарағанды облысының әр аудан-қаласында жүргізілген жұмыстарға партия мүшелерімен қатар белсенді жастар да өз үлесін қосты. Ортақ мақсат жолында жұмылған азаматтардың белсенділігі сайлау науқанының маңызды бөлігіне айналды.
Іс-шара барысында «Әділет» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Құрылтай сайлауына қатысып, сайлау науқанының табысты өтуіне үлес қосқан барша азаматқа алғысын білдірді.
– Құрылтай сайлауы баршамыз үшін үлкен жауапкершілік пен маңызды кезең болды. Осы уақыт ішінде ортақ мақсат жолында аянбай еңбек етіп, сайлау науқанына өз үлесін қосқан әрбір азаматқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Халықпен кездесулер өткізіп, ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстарға қатысып, түрлі бастаманың жүзеге асуына атсалыстыңыздар. Әрқайсыңыздың еңбегіңіз бен қолдауыңыз ортақ нәтижеге жетуге мүмкіндік берді. Бұл баршамыздың ауызбіршілігіміздің, жауапкершілігіміздің және адал еңбегіміздің нәтижесі. Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – сіздердің еңбектеріңізге алғыс айтып, көрсеткен қолдауларыңызды ерекше атап өту, – деді Бекзат Алтынбеков.
Жиында жастардың сайлау науқанына қатысуы да ерекше атап өтілді. «Жастар Рухы» жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Арафат Мажитов сайлау науқаны барысында жастардың атқарған жұмысына тоқталып, белсенділерге алғысын білдірді.
– Бір ай бойы сіздермен бірге адал әрі жемісті еңбек еттік. Халықпен кездесіп, тұрғындармен тығыз байланыста болдық, түрлі іс-шараны ұйымдастырып, өзіміз де белсенді қатыстық. Осы бір ай ішінде әрқайсысымыз жаңа, баға жетпес тәжірибе жинақтап, жаңа достар таптық. Бұл уақыт біз үшін үлкен мектеп болды деп ойлаймын. Ең бастысы, бір нәрсені әрдайым есте сақтағандарыңызды қалаймын: сіздердің еңбектеріңіз біздің партиямыздың жеңісіне қосылған үлкен үлес. Бұл жеңіс барлығымыздың бірлігіміз бен еңбегіміздің нәтижесі, – деді «Жастар Рухы» ЖҚ Қарағанды облыстық филиалының төрағасы.
Іс-шараның басты бөлігінде Құрылтай сайлауында белсенді жұмыс атқарып, партиялық міндеттерді жауапкершілікпен орындаған активистерге «Әділет» партиясының атынан алғысхаттар табысталды.
Марапат иелерінің қатарында сайлау науқаны барысында ұйымдастырушылық, ақпараттық және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысқан азаматтар болды. Олардың еңбегі үлкен ортақ жұмыстың бір бөлшегі.
Кездесу барысында қатысушылар өткен сайлау науқанының қорытындыларын талқылап қана қоймай, алдағы кезеңдегі міндеттер жөнінде де пікір алмасты. Жиын соңында белсенділерге алдағы уақытта да қоғамдық бастамаларға белсене араласып, ел дамуына өз үлесін қосу қажет екені айтылды.
Құрылтай сайлауының қорытындысына арналған бұл кездесу атқарылған жұмыстарды саралаумен қатар, ортақ іске үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетудің де маңызды сәті болды.
Ең бастысы, сайлау науқаны көрсеткендей, ортақ мақсат жолында біріккен азаматтардың белсенділігі мен жауапкершілігі кез келген істің нәтижелі болуына негіз болмақ.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы
