Акцияның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін балалардың жаңа оқу жылын өз қатарларымен бірге сенімді бастауына мүмкіндік жасау. Жоба аясында өмірлік қиын жағдайға тап болған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына көмек көрсетілді.
Облыста балаларға қолдау көрсету олардың нақты қажеттілігіне қарай ұйымдастырылды. Балалар мен олардың ата-аналарына мектепке қажетті заттарды өз таңдауы бойынша алуына жағдай жасалып, қажетті оқу құралдары, мектеп формасы және өзге де керек-жарақтарды таңдауға мүмкіндік туды. Бұл ретте көмек алушыларды қандай да бір әлеуметтік санатқа бөліп көрсетуге жол бермей, балалардың ар-намысы мен жеке шекарасын сақтау, қолдауды барынша ыңғайлы әрі қолайлы форматта ұйымдастыруға басымдық берілді.
Акцияға «Әділет» партиясының Жамбыл облыстық филиалының активі, cаяси кеңес мүшелері мен партия жақтастары қолдау білдіріп, бастамаға демеушілік жасады.
– Баланың мектепке дайындалуы – ата-ана үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін маңызды мәселе. Кейде қарапайым ғана мектеп сөмкесі немесе қажетті оқу құралы баланың жаңа оқу жылын алаңсыз бастауына үлкен әсер етеді. Сондықтан біз көмекті нақты қажеттілікке қарай ұйымдастырып, балалардың өзіне керекті заттарын таңдауына мүмкіндік тудырдық. Бастысы – әр бала мектеп табалдырығын өзіне деген сеніммен аттасын, – дейді «Әділет» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дәурен Каипов.
Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай әлеуметтік бастамалардың мәні тек материалдық қолдау көрсетумен шектелмейді. Балаларға көңіл бөлу, олардың білім алуына жағдай жасау және отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан әр баланың өз мүмкіндігін толық жүзеге асыруына қолдау көрсету – қоғамдағы өзара жауапкершілік пен қамқорлық мәдениетін қалыптастырудың маңызды бөлігі.

Акция барысында балаларға қажетті оқу құралдары мен мектепке арналған керек-жарақтар табысталды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігіне, жеке деректерінің қорғалуына және олардың әлеуметтік жағдайына байланысты ыңғайсыздық сезінбеуіне ерекше назар аударылды.
«Мектепке нық қадаммен!» республикалық акциясы 26 тамызда басталып, 1 қыркүйекке дейін облыста жалғасын тапты. Нәтижесінде 500-ден астам балаға қолдау көрсетіліп, балалардың көңілін шаттыққа бөледі. Бұл әрине бас бармақпен бағалайтын дүние.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы
