Олай дейтініміз, қарт Қаратау мен Сырдария аралығында қоныстанған киелі мекеннің табиғи ерекшелігі мен ғасырдан астам тарихы бар шипажайлары емдік туризмдегі мүмкіндігін айқындап отыр.
Ғасырлық сауықтыру орны
Бүгінде Жаңақорған шипажайы денсаулығын түзетуге келген жандармен қатар, туризм индустриясын дамытуға мүдделі кәсіпкерлердің де назарындағы нысанға айналып тұр.
Мәліметке сәйкес, аудандағы әйгілі шипажайдың тарихы 1918 жылдан басталады. Шипажай Қазақстандағы көне балшықпен емдеу орындарының бірі ретінде жоғары маңызға ие. Онда негізінен емдік мақсатта көлдің табиғи тұнба балшығы мен тұзды рапасы қолданылады. Сонымен бірге мұнда минералды су мен физиотерапиялық емдеу тәсілдері арқылы ем жүргізіледі. Жоғарыда айтып өткен шипажайдың емдік мақсатта пайдаланылатын қара балшығы Теріскен көлінің шипалы байлығы саналады.
Бүгінде өңірдің туристік картасында бірнеше шипажай мен сауықтыру орны қалыптасқан. Соның ішінде «Жаңақорған Шипажайы» АҚ-мен қоса «Ақ-Шуақ», «Орда-Сығанақ» секілді нысандар қатар аталады. Кейінгі жылдары жаңа жобалардың қосылуы бұл бағыттағы бәсекені одан әрі күшейтіп отыр.
– Жаңақорған ауданында шипажай туризмін дамытуға басымдық беріліп келеді. Бүгінде ауданда жалпы сыйымдылығы 796 орынға есептелген 5 шипажай жұмыс істейді. Шипажайларда негізгі емдеу тәсілі ретінде Теріскен көлінің шипалы балшығы мен тұзды суы пайдаланылады. Сонымен қатар физиотерапиялық кабинеттер арқылы түрлі емдік процедуралар көрсетіледі. Негізінен, шипажай туризмін дамыту бағытында нысандардың қуатын арттыру және қызмет сапасын жақсарту жұмыстары ұдайы жүргізілуде. Мәселен, «Жаңақорған шипажайы» АҚ-да 380 төсек-орын бар. Келушілер санының артуына байланысты қосымша 20 орындық ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Ал «Жан Арай» шипажайы 120 орынға арналған. Қазір мұнда тағы 60 орынға арналған қосымша ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге шипажай келушілерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға да көңіл бөлінуде. Арнайы атпен серуендеу, садақ ату алаңдары, футбол және би алаңдары жаңадан бой көтерді. Бұл жұмыстардың барлығы Жаңақорған ауданында емдік-сауықтыру туризмін одан әрі дамытып, шипажайларға келушілерге көрсетілетін қызмет түрлерін кеңейтуге бағытталған, – дейді Жаңақорған ауданы әкімдігінен.
Емдік туризмге төте жол
Негізінен, шипажай туризмін тек ем қабылдау орны ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл тұрғыда Жаңақорғанның мүмкіндігі мол. Оны атқарылған жұмыстардың ауқымынан аңғаруға болады.
Осы ретте әкімдік тарапынан шипажай туризмін тарихи-мәдени туризммен ұштастыру мақсатында келушілерге арналған арнайы экскурсиялық бағыттар да ұйымдастырылып жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, туристерді аудан аумағындағы «Сығанақ» қалашығы мен «Хорасан ата» кесенесіне апару қолға алынған. Бұдан бөлек, көршілес Түркістан облысының киелі тарихи орындарына саяхат жасауға мүмкіндік беретін арнайы туристік маршруттар әзірленген.
Негізі, өңірдің туристік әлеуетін көтеруде Жаңақорғанның географиялық орналасуы тиімді болып келеді. Әсіресе шипажайға келген турист үшін Түркістан бағыты, Сауран қалашығы, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арыстан баб секілді тарихи-мәдени нысандарға сапар ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Мұндай экскурсиялар шипажайдағы бірнеше күндік демалысты толыққанды туристік сапарға айналдыра алады. Соның негізінде шипажай ем алушыларына осындай киелі орындарға экскурсиялар ұйымдастыру жолға қойылған.
– Жаңақорған ауданында орналасқан шипажайлар – аймақтағы туризм әлеуеті жоғары орындардың бірі. Яғни өңірде орналасқан шипажайлар Қазақстанның көне балшық курорттарының бірі саналады. Аталған шипажайлар еліміздің сауықтыру орындарының арасында тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеу бойынша жетекші орын алады және баламасы жоқ бірегей емдеуді ұсынады. Бүгінде шипажайлар қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық құралдармен жабдықталып, табиғи емдік балшық, минералды су кеңінен пайдаланылуда.
Емдік туризмге келсек, өңірдің туристік әлеуетін таныстыру мақсатында келушілерге арнайы туристік маршруттар әзірленген. Олардың қатарында «Сығанақ» қалашығы, «Хорасан ата» кесенесі және басқа да тарихи-мәдени нысандар бар. Сонымен қатар келушілердің артуына байланысты шипажайларда қосымша ғимарат құрылыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта шипажай туризмін дамыту бағытында сервис сапасын жақсарту, цифрлық қызметтерді дамыту, шипажайларды бренд ретінде қалыптастыру, сондай-ақ экотуризм бағыттарын қосу жоспарланған, – дейді бұл жайында Жаңақорған аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Махмұт Рахымжанов.
Жалпы, шипажайлардың көбеюі ем-шараларымен қоса туризм саласын дамытуға, оның ішінде қонақүй және сервис, көлік пен экскурсия қызметіне деген сұранысты арттырып тұрғаны байқалады.
Туризмге талапты күшейту қажет
Жергілікті өлкетанушы Әлімжан Ержановтың айтуынша, Жаңақорғанның емдік туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Оның ішінде шипажайлармен қатар, табиғи емдік қасиеті бар бірқатар орынды да туристік айналымға енгізуге болады деген пікірде.
– Жаңақорған бүгінде өзінің шипажайларымен бүкіл Қазақстанға және көршілес елдерге де танымал. Ауданда жұмыс істеп тұрған шипажайларға жыл сайын еліміздің өзге өңірлерінен және шетелден мыңдаған адам келіп, ем алады. Бұл, әрине өңір экономикасына белгілі бір деңгейде үлес қосып отыр. Бірақ емдік туризмнің мүмкіндігі біздегі шипажайлармен ғана шектелмеуі керек. Мәселен, емдік қасиеті бар Теріскен көлінің лайы мен суынан бөлек, Түгіскен елді мекеніне қарасты Апанқақ деген жерде жер астынан шығатын ыстық су бар. Жергілікті халық оның тері ауруларына қарсы емдік қасиеті жоғары екенін айтып келеді. Кеңес заманында ферма ретінде ашылған бұл қыстақта бүгінде бірнеше үй ем іздеп келген адамдарға қызмет көрсетіп отыр. Алайда, өкінішке қарай, Апанқаққа жетудің өзі қиын. Түгіскеннен батысқа қарай шамамен 20 шақырым жолдың жағдайы өте нашар. Егер осы жолды жөндеп, Апанқақта ем алушылар мен демалушыларға арналған қарапайым жағдай жасалса, келушілер санының бұдан да едәуір артуына мүмкіндік туар еді. Сондай-ақ бұл өз кезегінде жергілікті халыққа жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын кәсіптің дамуына да ықпал етері сөзсіз, – дейді ол.
Жергілікті өлкетанушының айтуынша, Жаңақорғанды шипажайларымен танытып қана қоймай, табиғи емдік орындары көп өлке ретінде де қалыптастыруға болады. Бұл тұрғыда қолда бар мүмкіндіктерге бей-жай қарамай, әрбір табиғи нысанның әлеуетін ұтымды пайдалану қажет деп есептейді.
– Жаңақорғандағы емдік туризмнің тағы бір бағыты ретінде Қаратаудағы бұлақтарды қарастыруға болады. Соның бірі – Шалқия елді мекеніне қарасты Құттықожа ауылындағы Құттықожа бұлағының маңызы орасан. Әулие басында орналасқан бұл бұлақтың суын халық қасиетті санап, жаз мезгілінде арнайы келіп жатады. Көнекөз қариялар кез келген бұлақтың суында белгілі бір емдік қасиет бар деп есептеген. Ал Құттықожа бұлағы секілді табиғи орындар өңірімізде өте көп. Оның көпшілігі ерте көктемнен бастап, шілде айына дейін ағып жатады. Осындай орындарды зерттеп, тиісті инфрақұрылым қалыптастырып, емдік және сауықтыру туризміне пайдалануға болады деп есептеймін. Сондықтан алдымен мұндай табиғи орындардың су құрамын, емдік қасиетін мамандар тарапынан жіті зерттеу қажет. Ал туристік нысан ретінде дамыту үшін ең әуелі автокөлік жолдарын дұрыстау, санитарлық жағдай жасау, демалушыларға қажетті орындар мен қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету маңызды. Бұл – туризмді дамытудың ғана емес, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтудың және жергілікті кәсіпкерлікті жандандырудың бір жолы, – дейді өлкетанушы Әлімжан Ержанов.
Бұл тұрғыда ол өңірдің табиғи артықшылығын тиімді пайдаланып, оны жаңа деңгейге көтеру бағытында әлі де ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс екенін алға тартады. Сол арқылы елімізбен қатар, шетелдік саяхатшылардың да сұранысына ие туристік аймақ қалыптастыруға мүмкіндік артады деп есептейді.
Қорыта айтқанда, өңірлік шипажайларды тарихи-мәдени және экологиялық бағыттармен ұштастыру арқылы келушілердің қызығушылығын арттыруға мүмкіндік мол. Осы тұрғыдан алғанда, Жаңақорғанның табиғи байлығын тиімді пайдалану арқылы Сыр өңіріндегі туризмнің жаңа бағытын қалыптастыруға жол ашуға болады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
