Қазақ тазысы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен аңшылық мәдениетінің ажырамас бөлігі. Ол қазақ танымында жеті қазынаның бірі саналып, жүйріктігі, алғырлығы мен ерекше сымбатымен бағаланған, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Тазының басты ерекшелігі – оның жеңіл әрі жинақы дене бітімі. Ұзын тұмсығы, кең кеудесі, сіңірлі аяқтары мен икемді денесі алыс қашықтыққа жылдам жүгіруге мүмкіндік береді. Қазақ даласының табиғи ерекшеліктеріне қарай тазылардың да бітімі әртүрлі қалыптасқан. Солтүстік және Шығыс Қазақстандағы тазылар ірі, сүйегі жуан, денелі болса, оңтүстік өңірлердегі тазылар жеңіл әрі ширақ келеді.
Дәстүрлі танымда қазақ тазысы таулық және далалық болып бөлінеді. Таулық тазының денесі шағындау болғанымен, қия-жартасты жерде жүгіруге бейім. Ал далалық тазының бойы сұңғақ, аяқтары ұзын әрі жазық далада ұзақ қашықтыққа шабуға икемді.
Қазақы тазылардың арасында жарғақ құлақ және шашақ құлақ түрлері кездеседі. Жарғақ құлақ тазы сирек ұшырасатын ерекше жаратылыс ретінде сипатталады. Оның денесі жинақы, артық майы жоқ, сом әрі сіңірлі болады. Ал шашақ құлақ тазының құлағында ұзын жүн өседі.
Қазақ аңшылары тазыны күшігінен-ақ таңдаған. Оның кеудесіне, қабырғасының кеңдігіне, аяқтарының арақашықтығына, жауырыны мен мойынына, жамбас құрылысына және жалпы дене пропорциясына ерекше мән берген. Тазының жүйріктігін сипаттау үшін «жыланбас», «түлкі тұмсық», «қасқыр шеке», «қоян жон» деп бейнелеген.
Тазы тек жүйріктігімен емес, мінезімен де ерекшеленеді. Қазақ ұғымында ол кірпияз, талғампаз, таза жүретін ит саналған. Өзге иттерге қарағанда өзін күтіп ұстайтындықтан, бұрын тазыны киіз үйдің ішіне кіргізуге рұқсат етілген.
Тазының негізгі қызметі – аңшылық. Қазақ үшін аңшылық қарапайым кәсіп емес, өзіндік мәдениеті мен әдебі қалыптасқан өнер болған. Шынайы аңшы аңды орынсыз қинамай, табиғаттың заңдылығын сақтаған. Осы тұрғыдан алғанда, тазы да қазақтың табиғатпен етене өмір сүрген көшпелі мәдениетінің бір көрінісі.
Тарихи деректерде қазақ тазысының сұлулығы мен жүйріктігіне шетелдік саяхатшылардың да назар аударғаны айтылады. XIX ғасырдағы бірқатар жазбаларда Түркістан өңірінің тазылары ерекше сипатталып, олардың алыс қашықтыққа жүгірудегі қабілеті жоғары бағаланған.
Бүгінде қазақ тазысы – ұлттық мұраның маңызды бөлігі. Оның тұқымын сақтау, асыл қасиеттерін дәріптеу және дәстүрлі қазақ аңшылық мәдениетін кейінгі ұрпаққа жеткізу – тарихи құндылықты қорғаудың бір жолы.
Қазақ тазысы – жай ғана аңшы ит емес, ол қазақ даласының еркіндігі мен жүйріктігінің, алғырлығы мен сұлулығының символы.
