Оның айтуынша, мемлекеттік деңгейде қазақы тазыға көңіл бөлінуі бұл саламен айналысатын азаматтарға үлкен серпін берген. Әсіресе, тазыны жүйелі түрде зерттеп, құжаттандыру ел ішінде қолға алына бастағаны қуантады.
«Тазыға деген қызығушылық бойымызға біткен, қанымызға сіңген қасиет» – Дінмұханбет Наурызбаев
фото: кейіпкердің мұрағатынан
249
оқылды

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Қостөбе ауылының тұрғыны Дінмұханбет Наурызбаев бала кезінен тазы асырап, аңшылықпен айналысып келеді. Бүгінде 65 жасқа таяған азаматтың үйінде 15-тен астам тазы бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Айтуынша, оның тазыға деген қызығушылығы бала кезінен болған. Бұл әуестік отбасындағы үлкендердің әңгімесі мен көрген-білгенінен бастау алады.

«Менің әкемнің ағасы Бөлеген атам 1904 жылы туған. Үлкендердің айтуынша, ол кісі тазы ұстаған, аңшылықпен де айналысқан. Әкем Қалмаханбет пен оның ағасы Төлеген 1942 жылы соғысқа кеткен. Төлеген атам 1943 жылы хабарсыз кетіп, елге оралмады. Әкем соғыста жараланып, бір жылдан кейін оралды. Сол кездерден тазы туралы әңгімелерді көп естіп өстім», – дейді ол.

Кейіпкердің өзі тазыны мектеп кезінен жинап, өсірген.  Алғашында оның тұқымына аса мән бермей, көрген әдемі иттерін асыраған. Кейін есейіп, әскерден келген соң тазыға деген қызығушылығы арта түскен.

«4-5 сыныпта оқып жүрген кезімнен тазыға қызығып, жинай бастадым. Ол кезде қазақтың шашақ құлақ тазысын, жарғақ құлағын ажырата бермейміз. Баламыз ғой, әйтеуір тазыны асырай береміз. Кейін есейіп, әскерден келген соң әдемі тазыларды қолға алдым. Жұмыс істегендіктен бір-екі ғана ұстайтынмын. Күшіктеп көбейсе, таныстарға таратып беретінбіз. Аңға алып шығып жүргенім болмаса ол кезде басы байлы тазылықпен айналыспадым», – дейді Дінмұханбет Наурызбаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік деңгейде қазақы тазыға көңіл бөлінуі бұл саламен айналысатын азаматтарға үлкен серпін берген. Әсіресе, тазыны жүйелі түрде зерттеп, құжаттандыру ел ішінде қолға алына бастағаны қуантады.

«2024 жылы Астанада халықаралық көрме болды. Сол кезде еліміз бойынша 99 тазыны алғаш рет таңдап алынған. Шашақ құлақ тазыны тапқаныма қатты қуандым. Үкіметтің, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында халық тазының қадірін қазір жақсы түсініп жатыр. Әр қазақ үшін тазының орны ерекше. Аңыз-әңгімелерде де оның қасиеті айтылады. Бір ауылды бір тазы асыраған деген сөз бар. Тазы – өзі таза, қасиетті жануар», – дейді ол.

Қазір Дінмұханбет Наурызбаев 15-тен астам тазы ұстап отыр. Бұған дейін одан да көп болған. Күшіктерін ағайын-туыс, дос-жарандарына таратып, қазақы тазының көбеюіне үлес қосып келеді.

«Тазы сатып, байып жатқан адам емеспін. Көбіне таныстарға, ағайынға беремін. Қазақта итті, пышақты алсыспайтын ырымы бар. Соған сай кейде тазының ақысына «еңбегің», «қарғыбауы» деп ырымын жасап жататыны бар», – дейді тазыбегі.

Оның сөзінше, тазы ұстау сырт көзге оңай көрінгенімен, үлкен еңбек пен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе күшікті дұрыс бағып, аңшылыққа бейімдеу үшін көп уақыт пен қаражат қажет.

«Тазы өзінен-өзі өспейді. Сәби секілді күшік кезінен әлдилеп, баптау керек. Дәрі-дәрмегі, дәрумені бар. Күшік 20-30 күнге келгеннен кейін қосымша тамақ беріп, дұрыс күтім жасау қажет. Тіпті, өзін уақытпен далаға шығарып, шынықтыратын кезеңі болады. Өз басым екі-екі жарым айлығынан аң аулауға үйретемін. Бұл – үлкен машақат. Сондықтан тазы ұстаймын деген адам оған шын ниетімен, жан-тәнімен берілуі керек», – дейді ол.

Дінмұханбет Наурызбаев еліміздің әр өңірінде тазы өсірушілердің көбейіп келе жатқанын да атап өтті.

Айтуынша, Батыс және Шығыс Қазақстанда тазы асыраушылардың клубтары жұмыс істейді. Қазір асылтұқымды күшіктерге деген сұраныс жоғары.

 «Қазір халықтың қызығушылығы артты. Ең бастысы – тазылардың құжатталып, ресми түрде тіркеліп жатқаны қуантады. Мемлекеттің қолдауы жақсы. Бірақ біз де мемлекетке өз үлесімізді қосуымыз керек. Қазақы тазыны сақтау – баршамызға ортақ міндет», – дейді ол.

 Дінмұханбет Наурызбаевтың айтуынша, тазыға деген сүйіспеншілік өз отбасында да жалғасын тауып отыр. Бүгінде оның балалары ғана емес, бес жасар немересі де тазыға қызығады.

«Меніңше, тазыға деген қызығушылық, оны баптау, ұстау біздің қанымызға сіңген, бойымызға біткен асыл қасиет. Бұл – атадан балаға жалғасып келе жатқан дәстүр. Менің балаларым да, тіпті бес жасар немерем де тазыға қызығады. Осы дәстүрдің үзілмейтініне сенемін», – дейді Дінмұханбет Наурызбаев.