Ақтау қаласында қоғамдық тәртіпті қорғау қызметін атқарып жүрген Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 6656 әскери бөлімінің сарбаздары өрт кезінде қырағылық, жеделдік пен табандылық танытты, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Сағат 21:15 шамасында әскери жасақ 18-ші шағын ауданда патрульдеу кезінде №5 үйдің 7-ші қабатының балконынан өрт шыққанын байқап қалады. Жағдайды бірден бағамдап, өрттің іргелес үй-жайларға тез таралуы мүмкін екенін түсінген әскери қызметшілер дереу оны қолда бар құралдармен сөндіруге кіріскен.
Қызметтік міндеттерін орындау кезінде батылдық танытқан әскери қызметшілер қатарында әскери жасақ бастығы қатардағы Самир Хайдаров, сондай-ақ патрульші жауынгерлер Бақыт Ақылжан мен Төлен Жасұлан бар.
Оқиға туралы ақпарат кезекші қызметке де қатар баяндалған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін әскери қызметшілер өрт ошағын оқшаулау және оның әрі қарай таралуын болдырмау үшін қажетті жедел шараларды қабылдады.
Ұландықтардың ұқыптылығы мен үйлесімді әрекеттерінің арқасында жағдай уақтылы бақылауға алынды. Олардың кәсіби реакциясы мамандандырылған қызметтер келгенге дейін өрттің одан әрі таралуына жол бермеді.
