Батыс Қазақстан облысы Орал маңындағы Круглоозерное ауылында 10 жастағы бала электр қосалқы стансасының аумағында ток соғып, қаза тапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, қайғылы жағдай 1 қыркүйек күні кешке болған. 2015 жылы туған кәмелетке толмаған бала электр қосалқы стансасына шығып, электр тогынан зардап шеккен.
"Салдарынан ол жерге құлап, есін жимастан оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр", – деді БҚО ПД баспасөз қызметі.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, бесінші сынып оқушысы жер қойнына тапсырылды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қосалқы стансадағы кернеу 10 мың вольт болған. Нысан қоршалмаған және есіктері құлыпталмаған.
Куәгерлердің айтуынша, қатты ұшқын жарқылынан кейін баланы қуатты электр соққысы бірнеше метрге лақтырып жіберген.
"Кішкентай куәгерлер бірден қаза болған баланың ағасына хабарлаған. Ол қайғылы оқиға орнына жүгіріп келіп, жасанды тыныс алдыруға әрекет жасаған, алайда бала соңғы демін ғана алған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қатты электр соққысы оның ішкі ағзаларына зақым келтірген", – делінген хабарламада.
Жергілікті тұрғындар мен марқұмның жақындары баланы өте мейірімді, ақылды әрі елгезек бала ретінде еске алды.
