Лаос Халық Демократиялық Республикасы Президенті Тхонглун Сисулит Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірінде дәріс оқыған Лаос басшысы ЕҰУ мен Лаос университеттері арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. Тхонглун Сисулит мемлекеттердің болашағын қалыптастыруда жастар мен жоғары оқу орындарының айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, халықаралық диалогты дамыту, білім мен тәжірибе алмасу және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгін Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Қазақстанда білім алған Лаос азаматтары бүгінде мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарында еңбек етіп, өз елінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанмен тоғыз негізгі бағыт бойынша, соның ішінде білім беру саласында ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Сонымен қатар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейтіп, атап айтқанда, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға ұсыныс білдіреміз», - деді Лаос Президенті.
