Қытайдың Шанло қаласында жағажай волейболынан Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Қазақстан өкілдері 1/8 финалдық кезеңдегі кездесулерін өткізді. Ерлер арасындағы жарыста осы кезеңде Қазақстанның екі жұбы өнер көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад Аустралия өкілдері Томас Ходжес пен Бен Худқа қарсы ойнады. Қазақстандықтар 0:2 (10:21, 11:21) есебімен жеңіліс тапты.
Сергей Богату мен Кирилл Гурин Қатар өкілдері Шериф Юнус/Ахмед Тиджанмен кездесті. Қазақстандық жұп келесі кезеңге өте алмай, 0:2 (12:21, 13:21) есебімен ұтылды.
Әйелдер арасындағы жарыста Лаура Қабылбекова мен Мерей Қожахмет 1/8 финалда Қытай өкілдері Янь Сюй мен Ся Синьиге қарсы ойнады. Кездесу 2:0 (21:13, 21:9) есебімен қытайлық жұптың жеңісімен аяқталды.
Осылайша, жағажай волейболынан Азия чемпионатында Қазақстанның үш жұбы да ширек финалға шыға алмады.
