«Астана Опера» XIV театр маусымын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің Мұхтар Әуезов либреттосына жазылған «Абай» операсымен ашты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қойылым қос көрнекті композитордың туғанына 120 жыл толуына орай сахналанды. Спектакль басталар алдында театр фойесінде тақырыптық инсталляциялар қойылды.

Әртістер сахнада опера авторларының шығармашылық үндестігін әсерлі көрініспен жеткізді. «Айттым сәлем, Қаламқас» әні шырқалғанда, хорға көрермен де қосылды. Одан кейін театр труппасы көпшілікті залға шақырды.
«Абай» операсы – отандық опера өнеріндегі жауһар туындылардың бірі. Қойылымды қазақ және итальян өнерпаздары бірлесіп дайындаған. Шығармашылық топ құрамында белгілі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев, бас хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер Джанкарло дель Монако, сценограф Эцио Фриджерио және костюм суретшісі Франка Скуарчапино бар.
Маусымның ашылуында оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев дирижерлік етті.

Кеш соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан «Астана Опера» ұжымына гүл шоқтары табысталды.
XIV маусымда театр көрерменге бірнеше премьера ұсынады. Олардың қатарында «Чарли и Ирэн», «Томирис» балеттері және балаларға арналған «Арман» музыкалық спектаклі бар. Жаңа маусымда театрдың гастроль аясындағы бағдарламасы да жалғасады.
«Астана Опера» сахнасында Мемлекеттік ұлт театры «Ваня ағай» және «Тартюф» спектакльдерін қояды. Ал балет труппасы «Жизель» және «Щелкунчик» қойылымдарымен Италияға гастрольге аттанады. Сонымен қатар театр ұжымы Қазақстанның бірқатар қаласында өнер көрсетеді.
«Абай» операсы 5 қыркүйекте қайта сахналанады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
