Жаңа оқу жылында мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйымдарына 3 662 оқушы мен студент қабылданды.
Өнерге қадам басқандар қатары артты
81
оқылды

Бұл былтырғы көрсеткіштен 10%-ға көп. Сонымен қатар мамандар даярлау бағыттары кеңейіп, Солтүстік Қазақстан облысында ашылған Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жаңа өкілдігіне қосымша гранттар бөлінді.

Биыл шығармашылық білім беру ұйымдарында екі жаңа білім беру бағдарламасы ашыл­ды. Қазақ ұлттық өнер универ­ситетінде алғаш рет «Инклю­зивті театр әртісі» бағ­дарламасы бойынша талап­керлер қабыл­данып, Жүсіпбек Елебеков атындағы Республи­калық эстра­да-цирк коллед­жінде эстрада жанрының әртіс­терін даярлау басталды.

«Инклюзивті театр әртісі» бағдарламасына Астана қала­сының әкімдігі 26 грант бөлді. Ал эстрада-цирк колледжіндегі жаңа білім беру бағдарламасына 13 оқушы қабылданды.

Өңірлерде де шығарма­шы­лық білім алу мүмкіндігі артып келеді. Солтүстік Қазақстан облысында Қазақ ұлттық өнер универси­теті өкілдігінің аш­ылуы­на байланысты мемле­кеттік тапсы­рыс бойынша 100 грант бөлінді.

Жаңа оқу жылындағы қа­былдау қорытындысы бойынша талапкерлер режиссура, театр және музыка өнері бағыттарын көбірек таңдаған. Сондай-ақ арт-менеджмент, өнертану, дизайн, аудиовизуалды өндіріс, кино және телевизия, сценогра­фия мамандықтарына сұраныс жоғары екені анықталды.

Мамандар даярлауға мем­лекеттік білім беру тапсырысы аясында 1747 грант бөлінді. Гранттар бакалавриат, магистра­тура, докторантура, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын қамтиды.

Қазір мәдениет және өнер саласындағы білім беру ұйым­дарында 11 мыңнан астам адам білім алып жүр. Төрт жоғары оқу орны мен жеті колледжде 223 білім беру бағдарламасы бойын­ша мамандар даярланады.