3 қыркүйек – Тазы және төбет күніне орай «Әділет» партиясы Абай облыстық филиалының өкілдері Семей қаласында ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген Сералы Құсманның шаңырағына арнайы барып, қазақы тәрбие, ұлттық дүниетаным және тазының халқымыздың өміріндегі орны жайында әңгімелесті. Кездесудің төрінде отырған басты кейіпкер – Тауман есімді тазы.
Ұлттық құндылыққа құрмет
141
оқылды

Тауман бұл шаңыраққа кез­дей­соқ келген. 22 наурыз күні босағадан аттаған тазы содан бері үйдің төрінен орын алған. Бүгінде бес қар басқан Тауман аңшылық иті ғана емес, отбасы­ның бір мүшесіне айналған.

– 22 наурыз күні босағама келіп отырды. Содан бастап өзінің орны бар – төрде. Ақылына таң­ғаламын. Бүркіт екеуі қатар кел­ген кезде бүркітке жол береді. Мұны ешкім үйреткен жоқ. Өзі біледі, – дейді Сералы Құсман.

Қазақы түсінікте төр – шаңы­рақтағы ең қадірлі орын. Төрге үлкен кісі, сыйлы қонақ отырғы­зылады. Сондықтан Тауманның төрден орын алуы жай ғана үй жануарына көрсетілген ықылас емес, халқымыздың тазыға деген дәстүрлі құрметінің бүгінгі өмір­дегі жалғасы іспетті.

Сералы Құсман тазының қа­зақ тарихындағы орнын жақсы біледі. Оның айтуынша, ата-бабамыз тазыны тек саятшылық үшін ұста­маған. Қиын-қыстау кезең­дерде оның адамға азық табу­ға көмек­тескені де тарихтан белгілі.

– Қазақ тазыны бекерден-бекер төрге шығармаған. Тазы да, бүркіт те – елдің күнкөрісіне кө­мек­тескен серігі. Ашаршылық жыл­дарында аң аулап, тұтас ауыл­ды асыраған тазы болған. Сон­дық­тан оның қазақ үшін орны бөлек, – дейді ол.

Тауманның аты да оның бол­мы­сына сай қойылған. «Тауман» – «тау адамы» деген мағынаны біл­діреді. Қайсарлық пен төзімділікті меңзейтін бұл есім бес қысты өт­кер­ген жүйрікке жарасып-ақ тұр. Қазір ол Сералы Құсманның ша­ңы­рағында екінші қысын қар­сы алғалы отыр.

Тазының үйдегі орны да ерек­ше. Иесінің айтуынша, Тауман ұйықтайтын кезде тіпті онымен бір төсекке таласып қалатын көрі­неді. Бұл – оның үй жануары шең­берінен шығып, отбасының толыққанды мүшесіне айнал­ға­нының бір белгісі.

Алайда бұл шаңырақтағы ұлттық құндылық тек тазыға деген құрметпен шектелмейді. Сералы Құсман он жылдан астам уақыттан бері Семейдегі «Сақ» моншасын дамытып, оны ұлттық дәстүр мен тәрбиені насихаттайтын ортаға айналдыруға күш салып келеді. Мұнда еліміздің әр өңірінен келген қонақтармен қатар Еуропа мен Қытайдан келетін меймандар да бар.

Оның пайымынша, ұлттық идеологияны қалыптастыру үшін міндетті түрде үлкен мінберлер мен ұрандардың қажеті жоқ. Ұлт­тық тәрбие ең алдымен адамның күнделікті өмірінен көрінуі керек. Үлкенді сыйлау, салт-дәстүрді құрметтеу, табиғатқа жанашырлық та­ныту, жан-жан­уарға қамқор болу, кейінгі ұрпаққа қазақы дүниетанымды түсіндіру – ұлттық тәрбиенің өзегі.

Бұл тұрғыдан алғанда, төрде жатқан Тауманның өзі бір ұғым­ның символындай. Қазақтың жануарға деген құрметі оның тұр­мыс-салтында, сөзінде, танымын­да айқын көрініс тапқан. Тазыны төрге шығару – жануарды адам­нан жоғары қою емес, оның халық өміріндегі еңбегін, табиғи қасие­тін бағалау. Атадан балаға жеткен осындай түсінік ұрпақ санасында ұлттық болмыстың қалыптасуына ықпал етеді.

Қазір қазақтың тазысы ұлттық мұра ретінде қайта жаңғырып, оған деген қызығушылық артып келеді. Бұл ретте тазыны тек сырт­қы сым­ба­тымен немесе аңшылық қабіле­тімен бағалау аздық етеді. Оның артында халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, саятшылық мәдениеті, табиғатпен үйлесімді өмір сүру дәстүрі тұр.

Ұлттық мұраны сақтау – муз­ейдегі жәдігерді қорғаумен ғана өлшенбейді. Ол күнделікті өмірде жалғасқанда ғана өміршең бола­ды. Сералы Құсманның шаңыра­ғын­дағы Тауманның төрде жатуы да осының қарапайым әрі әсерлі мысалы.

Ұлттық құндылықты ұлықтау бағытында «Әділет» партиясы да тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлт­тық тәрбиені күшейту және жас ұрпаққа ата дәстүрді жеткізу мәсе­лелеріне мән беріп келеді. Партия ұстанымындағы Әділет, Пат­рио­тизм, Жауапкершілік және Еңбек қағидаттары ұлттық құнды­лық­тар­ды сөзбен ғана емес, нақты іспен дәріп­теудің маңызын айқындайды.

Ал Тауманның тағдыры – соның бір көрінісі. Наурыздың ақ таңында босағадан аттап, төрден орын алған тазы бүгінде бір шаң­ырақтың ғана емес, қазақтың жануарға деген ықыласы мен ұлттық дүниетанымының өзіндік символына айналғандай.

Төрде жатқан Тауманға қарап отырып, халқымыздың «Ит – жеті қазынаның бірі» деген сөзінің мәнін қайта түсінгендей боласың. Өйткені тазының қадірі – қазақ­пен бірге жасасып келе жатқан тари­хында.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы