Алматы облысын төрт жыл басқарған Марат Елеусізұлы облыс активінің алдында ауқымды жұмыстардың нәтижесін түйіндеді.
Өңірде атқарылған істер
110
оқылды

Кездесу барысында ол аймақтың дамуына үлес қосқан әріптестеріне, құқық қорғау органдарына, аумақтық департаменттерге алғыс айтып, облыс тұрғындарына ризашылығын білдірді. 

– Бүгін өңір басшысы ретінде сіздермен жүздесіп, бірге атқарған ауқымды жұмыстарымызды қо­ры­тындылайтын жауапты сәтте тұрмыз. Өздеріңізбен бірге Алма­ты облысы мен Жетісу облыста­рын бөліп, жаңа өңір құрылған тарихи кезеңде жұмыс істедік. Аса жауапты кезеңде туған өңірімді басқаруды сеніп тапсырып, ай­мақтың өркендеп, дамуына үнемі қолдау білдірген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. Сондай-ақ осы кезеңде жүзеге асырылған реформаларды дұрыс қабылдап, қолдаған өңір халқына да ризашылығым шексіз. Бұл осы облыстың тумасы ретінде мен үшін, жалпы баршамыз үшін үлкен мүмкіндіктер уақыты бол­ды, – деді ол. 

Марат Сұлтанғазиев сондай-ақ бірлескен жұмыстың нәтижесі жемісті болғанын, соның арқа­сында өңір экономикасы еселеп артқанын жеткізді. Атап айтқанда, Алматы облысы экономикалық көрсеткіштер бойынша респуб­ликадағы үздік бестіктің қатарына берік орнығып, өңірдегі донор ау­мақтар саны екеуден жетіге артқан.

– Жетістіктерге жету жолында өздеріңізбен күш біріктіре оты­рып, өңір әлеуетін арттыру бағы­тында біртұтас ұжым болып, нә­тижелі еңбек еттік. Барлық бас­та­маларымыз бен игі істерді жүзеге асыру жолында Үкімет пен Пре­зидент Әкімшілігінің де қолдауын сезіндік. Осы уақыт ішінде бір жең­нен қол, бір жағадан бас шы­ғарып, бірлікте қызмет атқарған ұжымға және аумақтық депар­та­менттерге, құқық қорғау орган­да­рына да ризашылығым шексіз, – деді Марат Сұлтанғазиев.

Марат Сұлтанғазиевтің төрт жылдық басқару кезеңі әкімшілік бөліністен кейін өңірдің қалып­тасуы және облыс орталығының Қонаев қаласына көшірілуімен тұспа-тұс келгенін айта кетейік. Осы уақыт ішінде облыс жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша ел­дегі оныншы орыннан көшбасшы бестіктің қатарына көтеріліп, экономикасын екі есеге жуық ұл­ғайтты және инвестиция көлемін екі еседен астам арттырды.

2022 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі шамамен 3,4 трил­лион теңгені құраса, бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 6,8 триллион теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірі­сінің көлемі 1,6 триллионнан 2,6 триллион теңгеге дейін өсті. Оның шамамен 90 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Осы кезеңде негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 614 миллиард теңгеден 1,35 трил­лионға артты. Өңірде жалпы құны 724 миллиард теңгені құрайтын 98 жоба іске асырылып, шамамен 11 мың жұмыс орны құрылды. Бюд­жеттің меншікті кірістері 2,4 есе өсті, ал республикалық бюджеттен берілетін трансферттердің үлесі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді.

Негізгі әлеуметтік мәселенің бірі халық санының жылдам өсуі­не байланысты мектеп тапшы­лығы болды. 2022 жылы облыста үш ауысымды 52 мектеп болса, қа­зір олардың саны 23-ке қыс­қар­ды. Төрт жыл ішінде 75 мек­теп ашылды. Сонымен қатар жа­ңа облыс орталығының ин­фра­құ­рылымы қалыптасты. Қонаевта инженерлік желілер мен әкім­ші­лік нысандардың құрылысы бас­талды. Төрт жыл ішінде облыста 3,7 миллион шар­шы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 6,6 мың азамат баспана­мен қамтылды.

Алматы облысы ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемі бойынша Қазақстанда екінші орынды сақтап, республикадағы жалпы көлемнің 11,6 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2022-2025 жылдары мемлекетке пайдала­ныл­май жатқан 528 мың гектар ауыл шаруашылығы жері қай­тарылды. Төрт жыл ішінде суару желілерін жаңғыртуға 16,3 мил­лиард теңге бағытталды, ал су үнем­деу технологиялары суар­ма­лы жердің 41,2 пайызына енгізілді.

Туризм саласы да айтарлықтай дамыды. Биылғы жаздың өзінде Қапшағай су қоймасына 2 мил­лион­нан астам адам келді. Сон­ы­мен қатар Көлсай көлдері мен Қайыңдының, Көшпенділер қа­ла­шығының инфрақұрылымы да­мып, танымал туристік нысан­дарға апаратын жолдар жөнделді. Алматы облысы ірі спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шара­ларды өткізу алаңына да айналды. Бұл жұмыстар алдағы кезеңде де жалғасуға тиіс.

М.ЖАЛҒАСҰЛЫ