Әйелдер арасындағы жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина маусымдағы соңғы «Үлкен дулыға» санатындағы турнир — АҚШ ашық чемпионатының бірінші айналымында жеңіске жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлемдік рейтингіде алтыншы орында тұрған Данилина US Open турнирінде сербиялық Александра Круничпен жұптасып өнер көрсетіп жатыр. Қазақстан-Сербия дуэті турнирде үшінші нөмірмен тіркелген. Бірінші айналымда олар чилилік Алекса Гуарачи мен мысырлық Маяр Шерифке қарсы ойнады.
Кездесу екі сетке созылып, Анна мен Александраның 7:5, 7:6 (9:7) есебімен жеңісімен аяқталды.
Теннисшілер хард кортта тура 2 сағат өткізді. Осы уақыт ішінде Данилина мен Крунич бірде-бір эйс жасамады, үш қос қателік жіберіп, 12 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Екінші айналымда Қазақстан-Сербия жұбы Татьяна Мария (Германия)/Зейнеп Сөнмез (Түркия) және Екатерина Александрова/Талия Гибсон (Австралия) жұптары арасындағы кездесудің жеңімпаздарымен ойнайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
