«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы еліміз бо­йынша мегажоба атанған еді. Аталған тас жол кәрі құрлық пен аспан асты еліне тікелей дәліз ашады деп көзделген.
Алаңдатқан автодәліз
124
оқылды

Жоба құрылысы жоспарлы кезеңде аяқталғанымен, жол бойындағы қызмет көрсететін кластер бүгінде сын көтермей тұр. Жолаушыларға әлі күнге санитарлық талабы күмәнді асханалар мен демалыс орындары қызмет көрсетіп тұрса, әжетханаларына аяқ аттап кіру мүмкін емес. Ал осы сапасыз қызмет түріне тағы ақы сұрайтынына не дерсің?

Жамбыл облысының 500 ша­қырымға жуық жерімен өтіп жат­қан «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автодәлізімен тәулігіне мың­­даған көлік жүруде. Міне, осы жүр­гізушілерге сапалы жолдан бөлек, санитарлық талапқа сай тыны­ғатын орындар керек. Бұл мәселені шешу үшін Жамбыл облысына тағайындалған әкім­дер­дің бар­лығ­ы түрлі жобалар ұсын­ды. Бірі жол бойынан сүт өнім­дерін сата­тын орындар ашу­ды ұсынса, енді екіншілері бес жұл­дызды қонақүй салу баста­масын көтерді. Алайда қандай жоба айтылса да сол айтылған жерінде қалып келеді. Қарапайым әжетхананы ретке келтіре алмай жатқанымыз жергі­лікті биліктің жұмысына үлкен сын. «Батыс Еу­ропа–Батыс Қы­тай» автожолымен күнделікті жүз­деген туристер де өтіп жатады. Біздің жол бойын­дағы шыбыны үймелеген әжет­ханамызды көріп олар қандай күйде кетеді екен?

Мәселен, Қордай ауданын­да­ғы Қайнар өткізу пунктінде те­мір контейнерден кафе ашып қой­са, қажеттілікті өтейтін орны­на кіру мүмкін емес. Жағымсыз иіс қол­қаңды қауып, үймелеген шыбын көзіңді тұтып қалады. Міне, осы қызмет түрі үшін біреу­лер ақы алып отырса, санитарлық тексе­ріс­ке жауаптылар «көрсе де көр­медім» болып отырғаны таң­ғал­дырады. 

– Жол бойындағы кафелер жерді ойып қолдан жасаған әжет­ханалары үшін 100 теңгеден ала­ды. Бұл жерге жазда жағымсыз иістен кіру мүмкін болмаса, қыста гулеген желден отыру мүмкін болмайды. Мәселе 100 теңгеде емес. Неге халықаралық дәліз бойында сапалы қызмет орын­да­ры жоқ? Осы мәселе жауап­ты­лар­ды неге ойландырмайды? – дейді жүргізуші Валерий Косицын. 

«Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автодәлізіне жауапты «Қаз­АвтоЖол» мекемесінің ақпараты­на сүйенсек, аталған жол бо­йын­ша 62 қызмет көрсету орны бар екен.

– Қызмет орындарындағы қоқыстарды шығару мен тазалық мәселесіне «КАЖсервис» ЖШС жауапты. Бүгінде олар өздеріне жүктелген міндетті жоспарлы түрде орындауда. Жол бойынан жаңа қызметтік орындарды ашу оңай шаруа емес. Ол үшін инфра­құрлым тарту керек. Сондай-ақ құжаттарын рәсімдеу де біраз уа­қытты алады. Ал жекеменшік нысандар өздері ұсынып отырған қызметтерін ақылы қыла ма, тегін қыла ма өз еріктерінде, – дейді «ҚазАвтоЖол» мекемесі өңірлік филиалының директоры Айжан Туганова. 

Бұл жерде мемлекеттік жерді жалға алған кәсіпкерлердің де кінәсі орасан. Олай дейтініміз, олар жерді кәсіп ашуға алғанымен, барлығы бірдей бұл міндеттемені орындамауда. 

Айжан Туганованың айтуын­ша, жол кластерінің дамымауы­ның басты себебі қаржыландыру екен. Қаржы көздері аз болған­дықтан жол бойындағы қызмет көрсететін орындар жаңармауда. 

Ал облыс әкімдігі Туризм бас­қармасының берген мәліметіне сүйенсек, жол бойындағы 57 қыз­мет көрсету орындарының 54-і стандартқа сай екен. Тек Байзақ ауданындағы «Ақжол» және Мойынқұм ауданындағы «Қаз МұнайГаз» мекемелерінің қызметі сапасыз болып тұрған көрінеді.

«Аталған қызмет көрсету орын­дарында санитарлық талап­тар толық сақталмаған. Мүмкін­дігі шектеулі жандардың кедер­гісіз қозғалуына мүмкіндік жа­­сал­маған. Сондай-ақ көлік тұ­ра­ғы мен қоқыс тастайтын орын­дар қаралмаған», – дейді Туризм басқармасының мамандары. 

Қазір Меркі ауданында «На­век», Т.Рысқұлов ауданында «Бауырсақ» және Жамбыл ауда­нын­да «Дербес» қызмет көрсету орындары салынуда. Жоба­лау­шы­лардың айтуынша, аталған ны­сан­дар барлық талапқа сай бола­тын көрінеді. Сондай-ақ Жуалы ауданында да «Тау Кент Барлау» жол бойында қызмет көрсету орнының құрылысы жүргізілуде. Бұл әрине жанға жылу беретін ақпар. Алайда аталған жобалар қашан аяқталатыны нақты белгісіз. 

– Құрылыс жұмыстары тіке­лей бақылауымызда. Нысандар­дың иелері және демеушілерімен құрылысты дер кезінде аяқтау туралы күнделікті жұмыс жүргі­зі­луде. Бұйыртса, бұл нысандар ха­лықаралық стандартқа сай қыз­мет көрсету орындарына айна­ла­ды, – дейді Туризм басқарма­сын­дағы мамандар. 

Әрине, бұл – құп көретін бастамалар. Алайда 3-4 нысанмен жол бойындағы қажеттілікті толықтай өтеуге бола ма?

Былтыр Мәжіліс депутаттары жол бойындағы қызмет көрсету орындарының сапасыздығына байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдаған болатын. Сол кезде 2030 жылғы дейін халықаралық дәліз бойынан 200 заманауи қызмет көрсету орны салынатындығы айтылған. Міне, 2026 жылдың бел ортасына да келдік. Әзірге 3-4 нысанның ғана құрылысы жүргізілуде. Қал­ған 3 жылда 200 заманауи кешен бой көтереді дегенге сену қиын. Біріншіден, бұған қомақты қаржы керек болса, екіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожо­лы­­ның жыл өткен сайын бүтін­дел­генінен бүлінгені көбеюде. Мұн­дай жағдайда жаңарту былай тұр­сын, жыртықты жамаудың өзі мұңға айналатын сияқты.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы