Жазушының мерейтойына орай ұлы Арман Қабдешұлымен әке болмысы жайында, оның көпшілік біле бермейтін бейтаныс әлемі туралы әңгімелестік. Әке туралы естелік арқылы қаламгердің адамдық әлеміне үңіліп, ұрпағына қалдырған рухани мұрасын сөз еттік.
– Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдырын» оқырман жақсы біледі. Ал жазушының өзі тағдыры туралы отбасына, балаларына жиі айтатын ба еді?
– Әкеміз өзінің бала шағынан бергі өмірінің қызық-қызық эпизодтарын бізге жиі айтып отыратын. Әсіресе Малдыбай қыстауында, Шәуешек шаһарында оқушы кезінде басынан өткен оқиғалары мен сол елдің адамдары жайлы, олардың қызық мінезі туралы әңгімелерді ерекше бір сүйіспеншілікпен, сағынышпен айтатын. Солардың бәрі дерлік әкеміздің шығармаларында кездеседі. Қарап отырсам, бір шығарманы жаза отырып, сондағы кейіпкерлер мен оқиғаларды алдын ала бізге баяндап отырған екен.
Ал оның Қазақстанға қалай оқуға келгені, Әуезовпен кездесуі, Қытай мен КСРО арасындағы қарым-қатынастың суып, Шыңжаңға оралуы, мәдени төңкеріс кезінде басына іс түсіп ұлтшыл атанып, қалай «еңбекпен түзетуге» түскені туралы біз кейінгі «Таңғажайып дүние» атты өмірбаяндық шығармадан оқып, арадағы көп нәрсені сұрап қанық болдық. Өзі айтып отыратын еді: «Сол кезде мен көктей орылып кетуім мүмкін еді. Бірақ Жаратушы маған ерекше бір миссия жүктеді. Аман қалғаным, соны орындауым керек болған шығар», – деп.
– Жазушы бір сөзінде: «менің азаматтық қызметім мен шығармашылық қызметімді екі бөліп айту керек» деген екен. Азаматтық қызметін көзбен көрген шығарсыз. Ол кісі 1962 жылғы көшке ерен еңбек етті. Сол көштің бұйдасын ұстап, елге бастап келген адам. Бұл туралы үйде, отбасында әңгімелеп берді ме?
– Мен ес білгелі үйден қонақ үзілмейтін. Солардың бәрі – қыр адамдары. Біреулері аттанып жатса, енді біреулер келіп жататын. Талай туыстарымыздың баласы біздің үйде жатып оқыды. Енді ойлап қарасам, сол берекенің бәрін келтіріп отырған Сәуле шешеміз екен. Күнде кешке жұмыстан үйге келе сап қазан асып ас дайындап отыратын. Ал абыр-сабыр басылып, қонақтар сиреген соң әкеміздің шығармаларын мәшинкеге басатын. Жеке уақытының, демалыстың есебінен реттейтін еді. Ол кезде компьютер деген атымен жоқ. Әкеміз шығарманы «чистовикке» көшіріп, басып шығаруға беру үшін үш-төрт рет қолмен көшіріп, сосын бір-ақ береді. Анамыз да оны кем дегенде екі рет қайта басып шығарады. Сол анамыз әкеміздің «Қаздар қайтып барадыдан» «Таңғажайып дүниеге» дейінгі барлық шығармаларын өзі мәшинкеге басты. Сондықтан да әкеміз «Таңғажайып дүние» өмірбаяндық романын «Бұл кітабымды жарлы-жақыбай кезімде етегімнен ұстаған, алтындай бес бала сүйгізіп, отбасын бақытқа кенелткен, ала қағаздың азабын бірге бөліскен өмірлік серігім Сәулеге арнаймын» деп, анамызға арнап қалдырды.
Үйге келген қонақтардың әңгімесі сол көштің айналасындағы оқиғалар туралы өрбитін. Арғы жақта қалып қойғандардың тағдыры, бері өткендердің жағдайы, Шығыс Түркістандағы үш аймақ көтерілісі сияқты тұңған бір тарихи оқиғалар тізбесін кішкентайымыздан бойымызға сіңіріп өстік. Қайтарынан үш апта бұрын «Жарқын жүздесу» деген телебағдарламаға түсіп жатып: «Жалпы, менің ұлт алдындағы қоғамдық қызметімнің шыңы 1962 жылғы көш деп есептеймін. Өлетін болсам, жан тәсілім етер алдында сол көшті еске алып өз-өзіме разы боп өлетін шығармын» деген екен.
– Аға бір әңгімесінде анасының мықты адам болғанын сүйіспеншілікпен айтқан екен. Анасының 12 жасында Ертісті жүзіп өткені туралы да естелігі бар. Сіздер (балалары) әжелеріңізді көрдіңіздер ме?
– Құдайға шүкір! Көрдік. Апамыз Қанипа Егінбайқызы 1977 жылы қайтыс болды. Мен ол кезде 11 жастамын. Кенже бауырым Жәнібек ол кезде екіде, «апа, шәй іш» деп ол кісіні қолынан жетектеп дастарханға әкелетін.
– Қаламгердің «шығарма жазылмайды, туады» дейтін сөзі бар. Ол кісінің шығармаларымен қалай таныстыңыздар?
– Әкеміздің жазушы екенін бастауыш сыныпта білдік. Кітаптың ішінде әкеміздің суретін танып мәз болатынбыз. Кейін есейгенде әкеміздің өзі не жазып жатқаны туралы айтып беретін болды. Жоғарыда айтқандай, шығарманың кейбір сюжеттерімен алдымен біз таныс болатынбыз. Ал әкеміздің «шығарма жазылмайды, туады» деген ұстанымы – жазушының өз тақырыбына үлкен дайындықпен келуі тиіс дегені.
Әкеміздің қай шығармасын алсаңыз да, барлық тақырыптар не өзінің тағдырымен, жан дүниесімен байланысты дүниелер, не туғанынан сол оқиғаларға қанық боп өскені көрініп, өзінің ішкі дүниесінің жаңғырығы іспеттес.
– «Тағдыр», Дарабоз», «Соңғы көш». «Соңғы көш» романы қазақ әдебиетінде үлкен құбылыс болды. Сыншы Әмірхан Меңдеке «Соңғы көш» туралы «Қабдеш Жұмаділовте Әуезов тілінің мәдениеті бар» деп айтады. Әуезов жазушының құрмет тұтқан аяулы ұстазы болды. Одан бөлек, ол кісі өзге ұстаздары туралы не айтатын еді?
– Әкеміз 1936 жылы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Шәуешек шаһарына 60 шақырым жерде тұрған Малдыбай ауылында дүниеге келген. Өз әкесі Жұмаділ ел ішінде сыйлы, өз қаражатына мектеп (Күдері мектебі) салдырған, ағартушылық іске үлес қосқан дәулетті адам болған. Атасы Күдері өз руының биі болған. Ал өзі оқыған Шәуешек гимназиясында, қаланың өзінде жергілікті және советтен ауып келген Алаш зиялылары қызмет етіп жүрді. ҚХР құрылып Кеңес өкіметінің қолдауын алғаннан соң Шәуешекке қазақ әдебиетінің небір үлгілері келе бастады. Сондықтан да әкеміздің дүниетанымы мен құндылықтар жүйесі сол кездегі қазақ әдебиетінің және Алаш ұстанымдарымен қалыптасты. Әкеміздің публицистикасын қарасаңыз, қоғамдағы өткір мәселелерге тайсалмай баруы – соның арқасы. Сонымен қатар Шыңжаң өлкесінің қазақтары большевиктердің тепкісін көрген жоқ. Байырғы көшпенділердің басты ұстанымы «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!» деген принциппен өмір сүрген қазақтар басынан сөз асырған жоқ. Дегенінде тұрды. Ар, намыс, иман – Шыңжаң қазақтары іс-әрекетінің басты мотивациясы. Шәуешек сол кезде бүкіл Шығыс Түркістанның рухани орталығына айналды. Сондықтан да әкеміздің басты ұстаздарының бірі орта мен заман болды.
Айтпақшы, әкеміз тұңғыш шығармаларын өлеңмен бастаған. Қажығұмар Шабданұлымен алғашқы кездесуі кезінде сол кісі елдің тағдырын сыйдыра алатын прозаға көшуге кеңес берген екен.
– Тұрсын Жұртбайдың әдемі сөзі бар: «Қабдеш аға әдебиетке «тағдыр» әкелді», – дейді. Жазушының әдебиеттегі тағдыры туралы не айтасыз?
– Әкеміз өзін жастайынан әдебиетке дайындады. Бірақ жас жазушының қазақ әдебиетіне келуі оңай болған жоқ. Ол кезде қазақ зиялыларының арасында Мәскеудің таратып кеткен дерті – топшылдық пен рушылдықтың асқынған кезі. Қандай да бір «данышпан» жазушының тобына кірмесең, онда күнің қараң. Ол туралы әкеміздің ғұмырнамалық романы «Таңғажайып дүниеде» кеңінен айтылады.
Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетіне тұңғыш рет Қытай қазақтарының тағдыры туралы тақырып әкелген жазушы. Ол кезде советте Қытайда қазақтың барын біле бермеген. Бұл тақырыпта жазылған тұңғыш шығарма – «Қаздар қайтып барады» деген әңгіме. Тақырыптың алғашқы апробациясы десе де болады. Халық пен цензура жақсы қабылдаған соң «Көкейкесті» романынан кейін 1974 жылы «Соңғы көштің» 1-томы жарық көрді.
Ал бұл шығарманың басылуы оңай болған жоқ. «Арғы беттегі Қытай қазақтарының тағдыры СССР-дің сыртқы саясатына қалай келер екен?» деп күмәнданатындар болды. Сондықтан да КГБ-ның ұсынысы бойынша шығарма орыс тіліне аударылып, Ленинградтағы Шығыстану Институтына жіберіледі. Шүкір, жарты жылдан соң сол институттың берген жағымды пікірімен «Соңғы көш» алғаш рет «Жұлдыз» жорналында жарық көрді.
Міне, осындай кикілжіңдер адамның жүйкесін тоздырады, шаршатады. Әкеміздің әдеби жолы оңай болған жоқ дейтінім де сондықтан. «Менің өзім Жазушылар одағына мүшелікке өтуде бір рет секретариаттан құлап барып әрең өткенмін. Әйтпесе сол кезде бір үлкен романым, бір кітап әңгімелерім, бір кітап болып өлеңдер жинағым шыққан еді», – деп еске алғаны бар үйде. Әкеміз үнемі халықтың, әділдіктің жағында болды. Сол үшін де талай қиындықтарды басынан өткізді. Сыйлықтан, «стипендиядан» қағылу әдетке айналған. Өйткені әкеміз билікке жағынған жоқ. Әкемізге талай рет «билік туралы бір ауыз жылы сөз жазсаңыз, атақ та, даңқ та, дүние де болады» деген ұсыныстар түсіп жатты. Бірақ әкеміз ешкімге иілмеді. Билік партиясы өз қатарына мүше боп кіруін сұрағанда, әкеміз: «мен және менің кейіпкерлерім өз алдына бөлек партиямыз» деп жауап берген.
– Қаламгердің қаламынан он роман, 21 повесть туды. 70-тен астам әңгіме жазған. Бүкіл шығармалары көзі тірісінде оқырманына жете алды ма?
– Ондай сұрақты анамыз да қойған. Әкеміз 2020-21 жылдары жинақтарын дайындап отырып, өз қаламынан туған кітаптарын түгелдей қайта оқып шыққан. Сонда анамыз «Қалай, өзгеріс енгізем деген жерлері бар ма екен?» деп сұрағанда: «Жоқ. Бәрі де шетінен шедевр. Шығармаларымның бір сөзін де өзгертпеймін. Құдай құлағыма қалай сыбырласа, сол күйінде қалады», – деп күліп жауап берген еді. Ол жазам дегенінің бәрін көзі тірісінде жазып та, айтып та кетті. Еш өкініші жоқ. Ол өзі туралы «Мен арманы жоқ жазушымын» дейтін еді. Өзіне жүктелген миссияны толық атқарды деп ойлаймын.
– Жазушының шығармалары туралы зерттеу жасалды ма? Ағаның жоқтаушылары кім?
– Қазір әкеміздің шығармашылығы зерттеу нысанасына айналды. 2000 жылдардан бері 2 кандидаттық, бір докторлық диссертация қорғалды. Руда Зайкенова – белгілі жазушы Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығын жан-жақты зерттеген қабдештанушы ғалым. Ол 2010 жылы «Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы: ұлт тағдыры және көркем шындық» атты докторлық диссертация қорғап, жазушының романдары мен әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан терең зерделеді. Сонымен қатар ғалым қаламгердің өмірі мен еңбектері туралы «Дарабоз жазушы» баяндамаларын жасап, мақалалар мен естеліктер жазуда.
Биыл әкеміздің туғанына 90 жылдығына орай Үкімет оның туған күнін Республика көлемінде атап өту туралы шешім қабылдады. Мәдениет министрлігі 80-нен аса іс шара жүргізуді жоспарлаған. Соның ішінде биылғы жылғы «Бір ел – бір кітап» бағдарламасы бойынша Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр» романы ұсынылды. Ең бастысы, әкеміз «Тарихи тұлға» категориясына кірді. Бұл дегеніңіз – енді жазушының атын түрлі нысандарға беріп, ескерткіш тұрғызуға болады деген сөз.
Биыл жазда Абай облысы әкімшілігінің қолдауымен Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығы кеңінен атап өтілді. Ол үшін облыс әкімі Берік Уәлиге алғысымыз шексіз. 90 жылдыққа арнап әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Журналистика факультеті Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұйымдастыруымен халықаралық конференция болып өтті. Әкеміздің шығармаларын насихаттап, атын есте қалдырыуға, ескерткіш орнату үшін арнайы «Қабдеш Жұмаділов» қоры құрылды.
– Ұрпағының арасында қалам ұстағандар бар ма?
– Жалпы, біз үйде математиктер мен гуманитарилер болып бөлінеміз. Тікелей әдебиетші боп кетпесек те, мен тарих саласында ғылыми еңбектер жазып жүрдім. Бауырым Дәулет – журналистика ісінің шебері. Он жыл Лондонда Би-Би-Сидің қазақ редакциясын басқарды.
– Қабдеш Жұмаділов мектебі жалғасып жатыр ма?
– Әрине! Бұл классик жазушылардың соңғы тұяғы десе болады. Оның шығармалары әлі талай жас әдебиетшілерге серпін беріп, ой қозғайды. Қабдеш Жұмаділов – ешқашан банкрот болмайтын жазушы. Оның шығармалары әрқашан өз оқырмандарының жүрегіне жол табады.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС
