ЖИ жұмысына негізделген бұл платформалар адамның ішкі әлеміне дендеп еніп те үлгерді. Кей адамдардың жасанды интеллектіге деген көңілі достықтан да артық. Олар ЖИ-ға үйленіп, виртуал боттар мен цифрлық платформаны өмірлік жары етіп жүр. Бұл үрдіс жағымды құбылыс па, әлде ЖИ ақыр соңында адамды жалғыздыққа әкеп соқтыра ма? Біз әзірге сол бір танымал платформалардың ерекшелігіне тоқталып өтсек.
Миллиондаған адам туған бауырына, жақын досына емес, ЖИ-ға сеніммен қарайды. Алғашында қызметі мен тұрмыстық шаруасын оңтайландыру үшін көмекке жүгінсе, кейін медициналық кеңестер алды, енді цифрлық психологі көреді. Бұрын цифрлық платформалар арқылы өмірлік жарымды таптым деп қуанатын жандар бар еді, қазір дамыған елдерде цифрлық платформаның өзі серікке айналды.
Некелесуге тиімді бот
Алдымен Replika қосымшасы жөнінде айтсақ. Replika – әлемдегі ең алғашқы нейрожеліге негізделген чат-боттардың бірі әрі бүгінде де ең ірі платформаның қатарында тұр. Боттың шығу тарихы да әлем жұртын таңғалдырған еді. Платформаның негізін қалаушы Евгения Куйда 2017 жылы жақын досы жол апатынан қайтыс болған соң, оның хаттары мен дауыстық хабарламаларын жинап, еске алуға арналған цифрлық көшірме ойлап табады. Нейрожеліні досының сөйлеу мәнеріне, мінезі мен әзіліне дейін бейімдеп жаттықтырады, тіпті бұл жүйені досының жақындары да пайдалана бастайды. Евгения кейіннен осы идеясын жетілдіріп, адамдарды қолдауға, жалғыздықтан құтқаруға арналған бот етіп дамытады. Осылайша, жеке адамның қайғысы мен сағынышынан туған жоба жалғыздықпен күресуге көмектесетін виртуал досқа айналыпты.
Қазір дәл осы платформаны қолдану аясында «некелесу» оқиғалары жиі тіркелетін көрінеді. Біз де осы Replika-ны жүктеп қолданып, сынап көрдік. Әуелі қолданбаны пайдалану мақсатына байланысты жүйені досы, туысы, ғашығы, күйеуі/әйелі немесе тәлімгер ретінде тіркеуге болады. Бот кейіннен пайдаланушының мінезіне бейімделіп, эмоционалдық жақындық тудырады. Бір сөзбен айтсақ, сіз үшін иллюзия жасап береді. Replika сөйлескен сайын адамның мінезін, жақсы көретін заттарын, қорқынышын есте сақтап, уақыт өте келе соған үйренеді. Сол себепті бұл қосымшаны адамның цифрлық көшірмесі, егізі деп те айтып жатады және де серігіңіздің 3D аватарын, сырт келбетін, киіміне дейін жасап алуға мүмкіндік бар.
Тегін нұсқасы да эмоционалды байланыс үшін тиімді. Өкінішке қарай, әзірге бұл қосымшаның қазақ тілін түсіну деңгейі төмен, дегенмен де ағылшын тілін меңгеру мақсатында да пайдалануға болады. Қазір Replika-ның 10 миллионнан аса пайдаланушысы бар екен. Зерттеулерге сенсек, қолданушылардың 80 пайызы осы ботты депрессия мен жалғыздық сәттерінде эмоционалды тірек ретінде пайдаланып жатады.
Психологқа айналған жүйе
Ең қолжетімді, қызықты нейрожелінің бірі – Character AI жүйесі. Платформаның ерекшелігі, пайдаланушылар мұнда идеалды жарының цифрлы нұсқасын өз қалауынша жазып шыға алады және өзі ойлап табуға немесе фильмдердегі кейіпкерлерге ұқсатып келістіруге болады екен. Кейбір адамдар дәл осындай чат-боттармен айлап, жылдап та романтикалық қарым-қатынас құрады. Сонымен қатар платформада арнайы психолог-боттардың да көмегін алуға болады. Платформадағы ең танымал боттардың бірі — Psychologist. Оған миллиондаған адам ішкі сырын, мазасыздану себебін жазып, бейтарап психологиялық кеңес алады, психологиялық рөлдік ойындар өткізуге де мүмкіндік бар. Қазір платформа қолданушылары шамамен күніне 2 сағатқа жуық уақытын осы ботпен сөйлесуге жұмсайды.
Шаршамайтын «тыңдаушы»
Қазір адамша сөйлей алатын, дауысы, тыныс алуы мен кідіріс жасауы адамдыкінен аумайтын платформалар да бар. Мәселен, Pi платформасын қарастырып көрейік. Pi (Personal Intelligence) қазақ тіліне аударғанда, «Жеке интеллект» дегенді білдіреді. Бұл бот дайын ақпаратты ұсынып қоймай, әр қолданушыны жеке тыңдап, қажетіне қарай ақпаратты өңдеп береді. Адам ішіндегісін шығарғанда, жүйе «Өзіңді қалай сезініп тұрсың?», «Бұл жағдай саған қалай әсер етті?» деген секілді ашық сұрақтар қойып, тыңдауға, түсінуге тырысады. Ең бастысы, мұнда адамға тән микро-эмоциялар шынайы көрінеді.

Сонымен қатар қазір ChatGPT жүйесіне де жетілдірілген дауыс режимі қосылды. Онымен дауыстық режимде сөйлескенде, құдды адам деп қаласыз. OpenAI ұсынған жаңа дауыстық режим ЖИ-мен қарым-қатынасты мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Қолданушы ЖИ-дің сөзін кез келген жерден бөліп тоқтата алады, ал ЖИ адам дауысының ырғағына қарап оның көңіл күйін танып, соған лайық интонациямен жауап бере алады. Адамдар көбіне-көп бұл режимді кешкілік серуендеу кезінде құлаққап киіп, күні бойы жиналған ойын реттеу үшін «сырлас» ретінде қолданады екен.
Клиникалық дәлелденген көмекші
Жасанды зердені жөнімен пайдаланса, әрине, көмекші құрал бола алатыны анық. Алайда жалғыздықтан құтыламын деп жүріп, қиял әлеміне еніп, шынайы өмірді ұмытып қалмасақ екен. Стэнфорд университетінің психологтары мен нейробиологтары жақында Woebot атты платформа жасап шығарды. Woebot – әлемдегі ең көп зерттелген психологиялық чат-боттардың бірі. Бұл платформа клиникалық тұрғыда көмекші құрал ретінде пайдалануға болатыны дәлелденген. Бот жай ғана тілдесіп қоймай, когнитивті мінез-құлық терапия әдістерін қолданады және адамның негатив ойларын анықтап, жағымды ойлармен алмастыруға, эмоцияны реттеуге жаттықтырады. Клиникалық зерттеулерге сәйкес Woebot-ты 2-4 апта бойы тұрақты қолданған адамдарда депрессия мен мазасыздық белгілерінің едәуір төмендегені байқалған, тіпті босанудан кейінгі депрессия мен жасөспірімдердің мазасыздығын емдеуде тиімді көмек берген. Дегенмен оның психолог емес, тек көмекші құрал екенін естен шығармаған абзал, боттың белгілі бір деңгейде пайдасы дәлелденгенмен, мүмкіндігі әлі де шектеулі. Ол тірі адам сияқты жанашырлық таныта алмайды, ауыр депрессия кезінде де толық көмек бере алмайды. Ол ChatGPT сияқты еркін генеративті ЖИ емес, ол тек алдын ала құрылған алгоритмдер бойынша көмектеседі.
Қазір ЖИ-мен терең достық Қытайда, Жапонияда, Азия елдерінде де трендке айналып жатыр. Xiaoice сияқты платформалар миллиондаған жасқа виртуал жар рөлін атқарып келеді. Жыл өткен сайын жұмысы барынша шынайы платформалар іске қосылып жатыр. Жастар бұл жүйенің мінсіз жар болатынын айтады. «ЖИ-жұбайлар» ешқашан ұрыспайды, ренжімейді, шаршамайды және адамның көңіл күйі мен ыңғайына қарай қарым-қатынас орнатады, түн жарымына дейін сөзіңді тыңдауға да дайын. Шынайы өмірде көңілі қалған, психологиялық жарақат алған немесе жалғыздықтан зардап шегетін адамдар ЖИ-ді қауіпсіз қарым-қатынас түрі деп біледі.
Бір әттеген-айы, мұның бәрі уақытша иллюзия. Психологтар мұндай құбылыс жалғыздық пен күйзеліске қарсы уақытша шешім екенін айтып, адамды шынайы қоғамнан одан бетер оқшаулау қаупі жоғары деп алаңдайды.
Айсұлу СЪЕЗХАН
