Еліміздің жаңа Конституциясының кіріспесінде адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновация өркендеудің темірқазығы ретінде бекітілді. Ал Президент былтырғы Жолдауында жүктелген ауқымды міндеттер бұл игі бастамаларды нақты іске асырудың тиімді тетіктерін айқындап, жаңа дәуірдегі өркениет көшіне жол ашты.
Адам капиталы – ақыл дәуірінің қазығы
Қазақстанда ерте жастан білім мен тәрбие беруден бастап есейгенде кәсіптік даярлауға, ғылымға бейімдеуге, цифрлық құзыреттілігін дамытуға және еңбек нарығында лайықты орнын табуына жәрдемдесуге дейінгі үдерістерді қамтитын адам капиталының жаңа моделі қалыптасып келеді. Соңғы жылдары елімізде 1,1 мың жаңа мектеп пайдалануға берілді. Кейінгі 5 жылда колледждердегі, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы шәкірттер саны 13,7%-ға дейін артып, 562 мың адамды құрады. Ал жоғары оқу орындарында 724 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары енгізіліп, университеттердің өндіріспен байланысы күшейтіліп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалып отыр.
Үкімет бұл бағыттағы жұмысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты былтырғы Жолдауына сәйкес жүзеге асырып келеді. Президент бұл құжатта білім беруді, ғылымды дамытуды, халықты еңбекпен қамтуды және азаматтардың өз әлеуетін толыққанды жүзеге асыруы үшін мүмкіндіктер жасауды елімізді одан ары дамытудың маңызды шарты ретінде белгіледі. Осы орайда әр саладағы шаралар кешені мен шешуші міндеттер жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында бекітілген. Үкіметтің дерегінше, оның кейбірі толығымен аяқталды, қалғандары қарқынды және қатаң белгіленген мерзімде орындала бермек.
Жолдауды жүзеге асыру аясында білім беру саласында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамалары тегіс жаңартылды. Жұмысшы мамандықтардың және жастардың кәсіби дағдыларының беделін арттыру, WorldSkills стандарттарын қолдану, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жоғары біліммен сабақтастыру және білім беру-өндірістік кластерлерді дамыту ісі қолға алынды.
Білім жаңарса, ел де жаңарады
Мектеп – ұлттың ертеңгі әлеуетін өлшейтін таразы. Мектебіне қарап елдің ертеңгі ахуалын тануға болады. Бүгінгі бала қандай білім алады, не ойлайды, технологияны қалай меңгереді – келешектегі Қазақстанның келбеті де соған тәуелді. Президент Жолдауында білім, ғылым, ЖИ мәселесінің бір арнаға тоғысуы, қатар қойылуы кездейсоқ емес. Бұл – заманның талабынан туған стратегиялық таңдау, мемлекеттің болашақ бейнесін айқындайтын тарихи бағдар.
2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Президент экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейтінін қадап айтты.
– Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс, – деп тапсырды Президент. Бұл тапсырма толық орындалған екен.
Елдің демографиялық өрлеуі де білім жүйесіне жаңа міндет жүктеп отыр. Бүгінде Қазақстанда 14 пен 35 жас аралығындағы 6,1 млн жас азамат бар. Бұл – ел халқының 28%-дан астамы. 2026–2027 оқу жылында 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн бала білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан аса бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Халық санының өсуі білім беру инфрақұрылымын одан ары өрістетуді талап етеді. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова соңғы бес жылда 1 миллионнан астам оқушы орнына арналған 1 120 мектеп салынғанын, бұл тәуелсіздік жылдарында бой көтерген барлық мектептің 34%-ын құрайтынын айтты. Салыстырар болсақ, 1991 жылдан бері жалпы 3 200 мектеп іске қосылыпты.
– Президент тапсырмасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасының салмағы да осында. Оның аясында үш жылда 460 мың оқушыға арналған 217 жаңа форматтағы мектеп бой көтерді. 2024 жылы – 105, 2025 жылы 112 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, 54 үш ауысымды, 12 апатты мектептің мәселесі толық шешілді. Соңғы бес жылда оқушы орындарының тапшылығы 4 еседен астам, яғни 1 миллионнан 245 мыңға дейін қысқарды, – деді министрлік өкілі.
Бірақ «Келешек мектебінің» мәні жаңа қабырға мен терезеде емес. Оның ерекшелігі – білім беру ортасының даралығында. Бұл мектептердің ауданы бұрынғы типтік жобалардан орта есеппен 15-20%-ға үлкен. Ал техникалық жабдықталу деңгейі 4 еседен астам жоғары. Онда заманауи физика, химия, биология зертханалары, компьютерлік сыныптар қарастырылған. Шығармашылық әлеует пен кәсіби дағдыларды дамыту үшін STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, студиялар, спорт және хореография залдары жасақталған. Мектептердегі кеңістіктер оқушылардың жас ерекшелігін ескере отырып ұйымдастырылған: бастауыш пен жоғары сынып оқушылары мидай араласпай, бөлек блоктарда білім алады. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта жасалған. Демек, келешек мектептері балаға тек сабақ оқытатын ғимарат емес, оның қабілетін байқап, қызығушылығын оятып, дарынын ұштап, кәсіби бағдарын ерте қалыптастыратын алаңға айналмақ.
Президент Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде елде оқу жоспарлары жаңартылып, оқушылардың білімін бағалау тәсілдері жетілдірілу үстінде. Орта білім беру жүйесіне ЖИ технологияларын енгізу жұмыстары қолға алынды. Білім беру нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жаңа қарқын алды. 2026 жылғы 1 қыркүйекте 62 мың оқушы орнына арналған 57 жаңа орта білім ошағы, оның ішінде 20-дан аса «Келешек мектептері» пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ең көбі Алматыда, Батыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе және Түркістан облыстарында ашылды.
Бұл ретте өңірлер 2026 жылдың соңына дейін тағы 64 мектептің құрылысын аяқтауы қажет. Әкімдіктерге оларды педагог мамандармен және оқу-техникалық базамен қамту мәселелерін шешу жүктелді. Бұдан бөлек, аймақ басшылары биыл физика, химия, биология, робототехника бойынша 500 пәндік кабинетті сатып алуды қамтамасыз етуі қажет. Жалпы, жыл соңына дейін ел мектептерінде барлығы 1400-ден астам арнайы кабинет жабдықталуы керек.
Жалпы, соңғы бес жылда 5 026 мектеп жаңғыртылып, 4,5 мыңға жуық мектеп 7 009 заманауи пәндік кабинетпен жабдықталды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 300 мектепті реновациялау бағдарламасы басталды. Оқу-ағарту министрлігінің сендіруінше, білім беру инфрақұрылымының тапшылығын кезең-кезеңімен азайту және еліміздің барлық өңірінде балалардың білім алуына тең жағдай жасау бағытындағы жұмыс жалғасады.
Ауылдағы IT-мектеп
Бұл істен ауыл тыс қалған жоқ. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында үлгілі мектептер ауылда да ашылып жатыр. Соның бір ұлағатты үлгісі – Ақмола облысының Қараөткел ауылындағы IT-мектеп десе болғандай. 1 200 оқушыға арналған білім ордасы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Онда 60 оқу кабинеті, STEM-зертханасы, физика, химия және биология пәндеріне арналған мамандандырылған кабинеттер, IT-сынып, робототехника және хореография кабинеттері, сондай-ақ екі спорт залы бар.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылда да мектеп инфрақұрылымын дамыту, балалардың сапалы білім алуы үшін қауіпсіз әрі заманауи жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыс ілгеріледі. Мысалы, ел игілігіне тапсырылған 217 «Келешек мектептің» үштен бірі немесе 84-і ауылда орналасқан. Соның арқасында 130 мыңнан астам ауыл балалары заманауи және жайлы білім беру ортасына қол жеткізе алады.
– Қазақстанның 2,6 мың шағын жинақты мектебінде ЖИ технологиялары кезең-кезеңмен енгізіледі. 2026 жылғы 1 қыркүйекте Павлодар мен Қызылорда облыстарының 10 шағын жинақты мектебінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын қысқартуға бағытталған, ЖИ технологияларын қолданатын пилоттық жоба іске қосылды, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. 2029 жылға дейін жобаны барлық шағын жинақты білім ұйымына кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Жолдауда жас ұрпақтың ЖИ-мен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыруды ерте жастан бастау міндетін қойды.
– Бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған ЖИ негіздері бағдарламасы мен оқу материалдарын әзірлеу қажет. Ұстаздардың ЖИ технологиясын меңгеру дағдысын қалыптастыру керек. Қашықтан оқыту тәсілі және ЖИ технологиясы негізінде Qazaq Digital Mektebi атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Ол ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Қ.Тоқаев.
Оқу-ағарту министрлігі мектеп пәндерінің мазмұнын ЖИ бағытында жаңартып жатыр. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары мен үлгілік оқу бағдарламалары жаңартылды. 1-4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және ЖИ», ал 5-11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және ЖИ» болып өзгертілді. Бұл пәндердің мазмұнына ЖИ бойынша жаңа бөлімдер мен барлығы 43 оқу мақсаты енгізілді. Бүгінде оқушылар ЖИ құралдарын күнделікті өмірде қолданып жүр. Ендігі міндет – шәкірттерді бұл технологияны саналы, тиімді және жауапты қолдануға, оның көмегімен жобаларын әзірлеуге баулу.
Ұстаздың қолын ЖИ ұзартты
Жолдауда белгіленген маңызды міндеттің бірі – қала мен ауыл мектебі арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту. Осы мақсатта жекелеген пәндер мұғалімдерінің тапшылығын тартқан шағын жинақты мектептерге арналған Qazaq Digital Mektebi жобасы білім саласындағы технологиялық өзгеріс алаңына айналып келеді. Жоба аясында отандық Roqed AI, Kashgari, Stem-solutions, testter.kz секілді жасанды интеллект құралдары оқу үдерісіне енгізіліп жатыр.

Астанадағы №99, №101, №104, №107 мектептердің тәжірибесі ЖИ-дің мұғалімді алмастыру үшін емес, оның уақытын үнемдеу үшін қажет екенін паш етті: тапсырмаларды тексеру тиімділігі артып, педагог жүктемесі жеңілдеген. Ал ұстаз қағазбастылықтан арылған сайын баламен жұмысқа көбірек уақыт бөле алады. Жобаның өзегі – жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндерді ЖИ көмегімен оқыту. Жаңа цифрлық шешім оқушыға ЖИ-ге сұрақ қоя отырып, материалды өз бетінше меңгеруге мүмкіндік береді.
– Біз қазір Qazaq Digital Mektebi жобасы аясында ЖИ саласындағы жобаларды сұрыптап жатырмыз. Сондықтан түрлі отандық озық платформа жасаушылардың ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз. Жобалар Qazaq Digital Mektebi жобасының мазмұнын байытып, оқушыларды білімді пассивті тұтынушы емес, белсенді игерушіге айналдыруы керек, – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Жоба қыркүйек айында 7 облыста пилоттық режимде іске қосылды. СҚО, БҚО, ШҚО, Қостанай, Ақмола, Павлодар және Ақтөбе облыстарындағы шағын жинақты мектептер қамтылды. Арнайы тұжырымдама бекітіліп, шалғай ауылдардағы шағын жинақты мектептердің техникалық жағдайы зерттелген. Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, оларда ЖИ-ді қолдайтын заманауи құрылғылар мен сапалы цифрлық инфрақұрылымды орнату басталды. Бағдарламаның түпкі мақсаты – ауыл мектептеріне оқытуды басқарудың бірыңғай ұлттық платформасын енгізіп, оны бірегей цифрлық контентпен толықтыру. Бұл ауыл баласының бәсекеге қабілетті білім алуына, елдің адами капиталын күшейтуге жол ашады.
Цифрлық мектептің тірегі – цифрлық сауатты ұстаз. «Ұстаздардың ЖИ технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек!» – деп тапсырды Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Оқу ағарту министрі Ж.Сүлейменованың айтуынша, осы мақсатта педагогтер үшін білім беру процесінде ЖИ-ді тиімді және қауіпсіз қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жатыр.
2025 жылы «Өрлеу» платформасында 240 мыңнан астам мұғалім арнайы курстардан өтсе, 2026 жылы ChatGPT Edu жобасы аясында тағы 200 мыңнан астам маман өздерінің ЖИ-ассистенттерін құруды үйренеді. Бұл бағдарламалар мектепке дейінгіден бастап, техникалық және кәсіптік білім беру деңгейлеріне дейін тегіс қамтиды. Бүгінде 350 мыңнан астам педагог оқу процесінде ЖИ-ді тиімді қолдану бойынша арнайы оқытудан өтіпті. Қазір мұғалімдер ЖИ-ді оқу процесінде белсенді қолданып, оқу контентін тиімді пайдаланып та жүр.
Заманауи инфрақұрылым мұғалімдердің тиісті дайындығын талап етеді. Осыған байланысты 2026 жылы 1,6 мыңнан астам педагог STEM-білім беру, жаратылыстану-ғылыми пәндер, роботты техника және цифрлық технологиялар бойынша НЗМ, РФММ және «Білім-инновация» лицейлері базасында тәжірибеге бағдарланған семинарлардан өтті. 5 мыңнан астам педагог «Өрлеу» БАҰО-мен бірлесіп пәндік даярлық, цифрлық технологиялар, ЖИ, инклюзивті білім беру, «Адал азамат» бағдарламасы бойынша оқытылған. Мұның бәрі мұғалімнің тың мүмкіндігі, оқушының жаңа еркіндігі, елдің адами капиталына салынған ұзақмерзімді инвестиция. Заманауи ұстаздың білігі артқан сайын болашақ ұрпақтың жолына құяр шуағы да артпақ.
Дамудың басты кілті – ғылымда
Білім экономикасына бет алған ел үшін ең қымбат ресурс – тек табиғи байлық емес, ақылды адам. Ғылымға салынған қаржы, жасанды зердені жұмысқа жеккен жас, өндірістің нақты түйткілін шешкен зерттеуші – бәрі бір арнаға тоғысқанда ғана адами капитал экономикалық қуатқа айналады. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанның «білім экономикасына көшіп жатқанына», сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды екеніне екпін түсірді. Бұдан былай ғалымның құны дипломымен емес, жаңа технологияға, ғылыми жаңалыққа, өндірістік жетістікке ықпал етуімен өлшенбек.
– Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн. Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі, – деді Қ.Тоқаев.
Бұл тұрғыда ғылымды қаржылық қолдау күшейтілді: ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шығын 2023 жылғы 121,5 млрд теңгеден 2026 жылы 260 млрд теңгеге дейін, яғни екі еседен астам өсті. 2025 жылы ҒЗТКЖ-ға қатысатын мамандар саны 28 374 адамға жетті. Бұл 4 жыл бұрынғыдан әлдеқайда көп. Ғылыми қауымдастықтың жартысына жуығы – жас ғалымдар.
Бірақ қаржы мен кадрдың көптігі басты жетістік емес. Нәтиже – зертханада туған жаңалықтың зауытқа жетуі. Ғылыми әзірлемелердің үштен бірінен астамы коммерцияландыру кезеңіне өткен. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерінің ел дамуына қосқан жиынтық үлесі 142 млрд теңгеге бағаланады. Ғылыми зерттеулер мен инновацияларға 28,2 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. 2025 жылы 1 200-ден астам зерттеу аяқталған. Биыл 241 инновациялық жоба жүзеге асырылу үстінде, оның 30-дан астамы халықаралық нарыққа шықты. Университеттерде энергетика, медицина, өнеркәсіптік қауіпсіздік және қаржы секторы үшін ЖИ арқылы қолданбалы шешімдер әзірлейтін командалар құрылып жатыр. Әзірлемелердің бір бөлігі өнімін экспортқа шығара бастады.
ЖИ университеті – заман талабы
Осы өзгерістердің ең бір пәрменді қозғаушы күші – жасанды интеллект. Ол енді білім беру мен ғылыми зерттеудің жаңа архитектурасына айналып келеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің мәліметінше, биыл Қазақстанда тұңғыш Қазақ ЖИ зерттеу университеті – QAIRU жұмысын бастады.
Мұнда білім беру процесі кіріктірілген ЖИ алгоритмдерін пайдалануға құрылған. Бакалавриатқа 400 студент қабылданады, оның 308-і мемлекеттік грантпен оқымақ. Магистратураға Astana Hub, Alageum гранттары және ақылы негізде 100 адам қабылданады. Жалпы жоспарланған білім алушылар саны – шамамен 600 адам. Онда ЖИ жеке пән ретінде шектелмейді, бүкіл білім алу тәсілінің өзегіне айналады. Мұндай сынақ университеттер АҚШ, Қытай және БАӘ-де ашылған. Жаңа ЖОО-ның ресми таныстырылымы осы жылдың қазан айына жоспарланыпты.
Әрине, елдегі ЖИ сауаттылық бір университетпен шектелмейді. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласындағы базалық білімді растайтын сертификат алды. Бағдарламаға 106 университет қатысады. Студенттер 450-ге жуық ЖИ-агент әзірлеп, қолданысқа енгізді. Университет командаларының 980 қатысушысы осы жұмысқа тартылды. Бұдан бөлек, 60 мыңнан астам студент кәсіпкерлік қызметте ЖИ пайдалану курстарынан өтті.
Халықаралық цифрлық білімге қолжетімділік те кеңейді. 95 қазақстандық ЖОО Coursera жобасына қатысып, олардың студенттері 260 мыңнан астам сертификат алды. Мәселен, соңғы үш жылда автомобиль өнеркәсібіне қатысты 80-нен астам онлайн курс бойынша 3 мыңнан астам сертификаттың алынуы еңбек нарығы мен білім арасындағы жаңа көпірдің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Ең маңыздысы, ЖИ өндіріс алаңына шықты. Соның бір мысалы – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті студенттерінің Allur компаниясымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан NOVA–Allur жобасы. Жоба аясында автомобильдердің лак-бояу жабынындағы ақауларды автоматты анықтайтын ЖИ жүйесі әзірленді. Министрлік осы тәжірибені өзге ЖОО-ларға кеңінен таратуға ниетті.
Astana Motors компаниясының 6 инженер-маманы Сәтбаев университетінің докторанттары ретінде жеңіл автомобильдерді өндіру және құрастыру кезеңдеріндегі сапаны бақылауды автоматтандырудың инженерлік шешімдерін әзірлеп жатыр. Сонымен қатар өндірістік процестерді оңтайландыру арқылы кәсіпорын өнімділігін арттыру бағытында жұмыстар басталған.
Роботтандырылған өндіріс кадрсыз қалмайды: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Сәтбаев университетінде робототехника орталықтары ашылды. Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі Лу Бань шеберханасында 500-ден астам студент автономды басқару, ЖИ, цифрлық егіздер, интеллектуалды көлік жүйелерін меңгеріп жатыр. 2025 жылы халықаралық серіктестермен SMART Driving Technology инженерлік орталығы құрылған.
Индустриялық PhD бағдарламасы осы байланысты тереңдетпек: 4 ЖОО-ның 13 докторанты автомобиль өнеркәсібіндегі нақты инженерлік мәселелерді кәсіпорындардың өз базасында зерттеп жүр. Жалпы, техникалық ғылымдар бойынша бүгінде 839 жоба орындалып жатыр. «Азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн», – деген Жолдаудағы Президент сөзі осындай жобаларда нақты көрініс табады.
Ғылымның халықаралық тынысы да кеңейеді: Қазақстанда 12 елдің жетекші университеттерінің 33 филиалы жұмыс істейді. Елде 37 мыңнан астам шетелдік студент білім алды. «QS World University Rankings–2026» рейтингіне 20 қазақстандық ЖОО еніп, рекорд орнатты.
Ғылым мен өндірісті жалғайтын тағы бір тетік – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң. Соған сәйкес, жер қойнауын пайдаланушылардың капиталдық салымдарының 1%-ы ғылым мен технологияны дамытуға, Astana Hub технопаркіне бағытталады. Қазақстанда алғашқы «Ғылым және білім эндаумент-қоры» құрылды. Президент тапсырмасымен 2023-2026 жылдары 44 жасқа дейінгі 800-дей жас ғалымға тегін пәтер берілген.
Бұған қоса, ғылыми жетістіктерді ынталандыру тетіктері кеңейтілді: жыл сайынғы сияпаты қомақты «Үздік жас ғалым» сыйлығы тағайындалды. Гранттық бағдарламалар мен ғылыми конкурстар арқылы талантты зерттеушілерді қолдау жалғасты. Бұл шаралар елдің ғылыми әлеуетін сақтауға, жастар үшін ғылымды тартымды етуге, жаңа зерттеу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Еңбек адамы еленген шақ
Еліміздегі әрбір еңбек жолы, әрбір еңбеккердің төл табыс тарихы – мемлекеттің жарқын келешегінің іргетасы. Президент 2025 жылғы 5 қыркүйектегі Жолдауында: «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі!» – деді.
Осы міндеттің үдесінен шығу үшін 2029 жылға қарай Қазақстанда сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионнан асыру, ал оның жалпы жұмыспен қамтудағы үлесін 45%-ға дейін арттыру жоспарланған. 2024 жылы сапалы жұмыс орындарымен 2 млн 473 мың адам қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 2 млн 885 мың адамға жетті. 2026 жылы 3 млн 85 мың сапалы жұмыс орнын қамтамасыз ету жоспарланған. «Сапалы жұмыс орындарына» жылына кемінде 6 ай тұрақты жұмыспен қамтитын, жалақысы өңірдегі медианалық жалақы деңгейінен төмен емес, қауіпсіз еңбек жағдайлары мен әлеуметтік қорғау тетіктері қарастырылған жұмыс орындары жатады.
Тұтастай алғанда, Еңбекминінің дерегінше, Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында тамыздағы жағдай бойынша елімізде 388 512 адам жұмысқа орналасты. 2026 жылы жалпы 544 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұл ретте азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға басымдық беріліп отыр. Жыл басынан бері 293 241 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Яғни биыл жұмыс тапқанның басым бөлігі ұзақмерзімді еңбекпен қамтылды. Тұрақты қызмет азаматтың табысын өсіріп, ертеңіне сенімді болуына жағдай жасайды.
Жұмысқа орналасуға көмектесетін цифрлық қызметтердің ілгерілеуі де бұл бағыттағы жұмысқа оң әсер етіп отыр. Электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыс іздеушілер бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, өзіне қолайлы жұмысқа өтініш бере алады. Жұмыс берушілер де қажетті қызметкерді іздей алады.
ЖИ технологиялары арқылы азаматтарды жұмыс іздеуден жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдейтін «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» Павлодар және Маңғыстау облыстарында енгізіле бастады. Жүйе тіркелген және тіркелмеген жұмыссыз азаматтарды, NEET санатындағы жастарды да қамтиды. Әр азамат үшін автоматты түрде жеке іс-қимыл жоспары түзіледі. Бос жұмыс орындары адамның кәсіби бейіні мен мүмкіндіктеріне қарай іріктеледі. Ұсыныстар барлық облыстағы жұмыс орнын, қоныс аудару бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктерді, ірі кәсіпорындардағы бос орындарды ескереді.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда адам капиталын дамыту – тек қана диплом алу немесе жұмыс табу емес, бұл білім мен ғылымды өмір бойы серік етіп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, инновацияның тізгінін берік ұстап, кез келген кәсіпті жан-тәнімен сүйіп атқарып, әрбір істе биік белеске жетудің біртұтас жолы. Осындай адал іс, әділ жол арқасында ел экономикасының тұрақты өсімі нығайып, технологиялық жаңару жеделдеп, жаңа инфрақұрылымдар өркен жаяды. Мұның бәрінің түпкі төркіні мен басты мұраты – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жаңа биікке көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімін нығайту.
Айхан ШӘРІП
