Ол әскери салада тек өнерімен ғана емес, батылдығымен де ерекшеленген.
Домбыра шертіп, қазақша еркін сөйлейді: Ұлттық ұландағы қос әскери музыкант
323
оқылды

Ұлттық ұлан қатарында түрлі этнос өкілдері ел тыныштығын күзетіп, Отан алдындағы міндетін мінсіз атқарып келеді. Олардың арасында мемлекеттік тілге құрметін өнері мен күнделікті өмірі арқылы көрсетіп жүрген жандар көп, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ефрейтор Денис Яковлев пен кіші сержант Александр Нетесов — соның айқын дәлелі.

Денис Яковлев Ұлттық ұланда 15 жылға жуық уақыт қызмет етіп келеді. Ол әскери салада тек өнерімен ғана емес, батылдығымен де ерекшеленген. 2018 жылы суға батып бара жатқан ер адамды құтқарып, адам өмірін арашалағаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Сондай-ақ, ол халықаралық вокалдық байқаулардың лауреаты, «Топжарған» музыкалық тележобасының финалисі. Қазақ тілінде еркін сөйлейді, тіпті қазақтың қара домбырасының құлағында да еркін ойнайды. Үш баланың әкесі.

Ал кіші сержант Александр Нетесов құқықтық тәртіп әскерінің қатарына 2020 жылы қосылып, бүгінде Ерлер хорының құрамында абыройлы қызмет етіп жүр. Ән-би ансамблінің концертмейстері ретінде шығармашылық ұжымның жұмысына, патриотизм мен елжандылықты насихаттауға елеулі үлес қосып келеді.

Екі әскери музыканттың да еңбегі түрлі марапаттармен атап өтілген. Қос өнерпаз Ішкі істер, Мәдениет және Қорғаныс министрлерінің атынан берілген түрлі төсбелгілер мен алғыс хаттарға ие.

Қазақ тілін құрметтеп, оны еркін меңгерген Денис пен Александрдың өнегесі — мемлекеттік тілдің қоғамды біріктіретін ортақ құндылық екенін көрсетеді. Олардың өнері, әскери жолы және қазақ тіліне деген құрметі көпке үлгі.