Астана қаласындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне және Қазақстан халқы тілдері күніне орай тағылымды сахналық қойылым ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шара барысында әскери қызметшілер ұлт ұстазының өмірі мен қызметін сахналап, сол дәуірдің тыныс-тіршілігі мен тарихи атмосферасын көрерменге жеткізді. Әскерилер арнайы образдарға еніп, Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген кезеңдегі қоғамның келбетін, қазақ зиялыларының ел болашағы жолындағы еңбегін әсерлі түрде көрсетті.

Іс-шараның маңыздылығына тоқталған 5573 әскери бөлімінің командирі, полковник Жандар Әшірбеков:
«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт тарихында айрықша орны бар ұлы тұлға. Ол бар ғұмырын қазақтың тілі мен әдебиетіне, елінің болашағына арнады. Осындай тарихи тұлғалардың өмір жолын дәріптеу – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарды сіңірудің маңызды жолы. Ана тілімізді құрметтеу – әр азаматтың парызы», – деді.

Қойылымның басты кейіпкері – Ахмет Байтұрсынұлының рөлін капитан Мейірбек Хамит сомдады. Ол ұлт ұстазының бейнесін сахнада шебер жеткізіп, оның тіл мен ұлт тағдыры жолындағы күресін көрерменге әсерлі түрде таныта білді.
«Ахмет атамыздың рөлін сомдау мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Оның әрбір сөзі мен ісінен елге деген сүйіспеншілік, ұлтқа деген жанашырлық сезіледі. Сахна арқылы сол кезеңнің рухын жеткізіп, әскери қызметшілерге Ахмет Байтұрсынұлының өнегесін көрсетуге тырыстым. Ұлт ұстазының аманаты – ана тілімізді ардақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу», – деді.

Тағылымды қойылым әскери қызметшілерге ана тілінің қадірін түсініп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын тағы бір мәрте ұғындырды.
Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы – ұлт рухының мәңгілік темірқазығы.
5573 әскери бөлімінің тілшісі
Лейтенант Айгерім Балтабаева
