Ресей әскері 4 қыркүйек пен 5 қыркүйекке қараған түні Украинаның Николаев қаласындағы «Эпицентр» сауда орталығына бірнеше рет дронмен шабуыл жасады. Компания мәліметінше, нысанға бір тәулік ішінде алты соққы жасалып, ғимарат іс жүзінде толықтай қираған.
Украина Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, соққылар салдарынан сауда залдары айтарлықтай зақымданып, бірнеше өрт шыққан. Алғашқы шабуылдан кейін қызметкерлер мен құтқарушылар өртті сөндіруге тырысқан. Алайда кейінгі соққылардан соң жалын қойма аумағына тараған. Шабуыл жалғасқандықтан, өрт сөндіру жұмыстарын уақытша тоқтатуға тура келген.
Шабуыл салдарынан екі адам зардап шекті. 72 жастағы ер адам ауруханаға жеткізілсе, кейінгі соққы кезінде 17 жастағы қыз жараланған. Оған медициналық көмек көрсетіліп, амбулаториялық ем тағайындалды. Жақын маңдағы тұрғын үйлердің де терезелері сынған.
Николаев мэрі Александр Сенкевичтің алдын ала мәліметінше, шабуылда реактивті Shahed-238 дрондары қолданылған.
