Зардап шеккен балалар ауруханаға жеткізілді.
Алматы облысында көлік тұрғын үй ауласында екі баланы қағып кетті
133
оқылды

Алматы облысының Бесағаш ауылында Chevrolet Cobalt жүргізушісі тұрғын үй кешенінің ауласында екі баланы қағып кетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Жол-көлік оқиғасы 4 қыркүйек күні сағат 18:20 шамасында Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болған.

Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін зардап шеккендердің бірі – қыз бала біраз уақыт ес-түссіз жатқан. Жергілікті тұрғындар көлік шамамен 40 км/сағ жылдамдықпен жүруі мүмкін екенін айтады. Алайда бұл ақпаратты полиция әзірге растаған жоқ.

– Полиция қызметкерлері екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен Chevrolet Cobalt көлігінің 25 жастағы жүргізушісін жауапкершілікке тартты. Жол-көлік оқиғасы 4 қыркүйекте сағат 18:20 шамасында Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы «Нұрия» тұрғын үй кешенінің аумағында болды. Оқиға салдарынан балалар әртүрлі дене жарақатын алып, қажетті медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді, – деп мәлімдеді Алматы облысының полициясы.

Полиция жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, әсіресе тұрғын үйлердің ауласында барынша сақ болу қажеттігін ескертті.