Жақындары сотталған азаматпен жүздесу үшін мекемеге арнайы келген.
Қарағанды облысында сотталған азамат 9 жылдан кейін анасымен қауышты
248
оқылды

Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты №33 мекемеде жазасын өтеп жатқан азамат тоғыз жылдан кейін анасы және қарындасымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Жақындары сотталған азаматпен жүздесу үшін мекемеге арнайы келген. Тоғыз жылдан кейінгі кездесуде олар ұзақ уақыттан бері телефон арқылы ғана сөйлесіп жүрген жақынымен жүзбе-жүз қауышты.

Мекеменің әлеуметтік-құқықтық және тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ануар Зейнуллиннің айтуынша, сотталғандардың туған-туыстарымен байланысын сақтау тәрбие және психологиялық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі.

– Отбасымен арадағы байланыстың үзілмеуі сотталған адам үшін өте маңызды. Жақындарымен тұрақты қарым-қатынас оның эмоционалдық жағдайына оң әсер етіп, жақсы жаққа өзгеруге деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар бұл бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға қайта бейімделуіне және қалыпты өмірге оралуына дайындалуына көмектеседі, – деді Ануар Зейнуллин.

Тоғыз жылдан кейін отбасымен жүздескен азамат та бұл кездесудің өзі үшін ерекше болғанын айтты.

– Тоғыз жыл – өте ұзақ уақыт. Осы жылдар ішінде отбасыңның, туған-туыстарыңның қаншалықты қымбат екенін терең түсінеді екенсің. Жақындарыңды жаныңда көріп, олармен бірге болудың өзі үлкен бақыт екенін ұқтым, – деді ол.

№33 мекемеде сотталғандардың отбасымен байланысын сақтауға және олардың бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр.