Атырауда тұрғындар түнгі уақытта ауада жағымсыз, өткір иіс пайда болғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымдарын жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Тұрғындардың жазуынша, иіс түнгі сағат 3–4 шамасында сезіліп, кейбір адамдарды ұйқысынан оятқан. Әлеуметтік желі қолданушылары күлімсі иістің үй ішін алып кеткенін айтып, ауа сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді.

Тұрғындар ауа сапасын бақылау жүйесіндегі көрсеткіштерді де жариялаған. Сағат 02:00-дегі мәлімет бойынша, «Авангард» шағын ауданында күкіртсутек (H₂S) – 60,0, ал «Жилгородок» шағын ауданында – 96,7 көрсетілген. Екі көрсеткіш те жүйеде қызыл түспен белгіленген.

Ал сағат 03:00-дегі мәліметте «Шағала» маңында азот диоксиді – 13,7, көміртек тотығы – 630, күкірт диоксиді – 1,1 деңгейінде көрсетілген. «Восток» шағын ауданында көміртек тотығының көрсеткіші 729 болған.
Тұрғындарды алаңдатқан жағымсыз иістің нақты себебі белгісіз. Бірақ, бұл ахуалдың жаз бойына қайталанып, қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны алаңдатады.

Баян Жанұзақова
