Тамыздың 18-де салмағы төрт келіден асатын қыз бала сегізкөз-құйымшақ тұсындағы үлкен түзіліспен дүниеге келді. Ол өмірге келген алғашқы сәттен бастап өмір үшін күресті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген нәрестеге дәрігерлер күрделі ота жасап, ісікті алып тастады.
«Сегізкөз-құйымшақ аймағында орналасқан тератоманың құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыс секілді түрлі тін бар. Ісіктің салмағы екі келі болды, яғни нәрестенің өз салмағымен бірдей деуге болады. Қыздың туған кездегі салмағы төрт келі еді.
Ота сәтті өттіп, ісікті алып тастағаннан кейін бірден пластика жасадық. Тігіс орны білінбейтіндей етіп қалпына келіп, болашақта оған ешқандай қолайсыздық тудырмайды. Қазір баланың жағдайы жақсы, ол үйіне шыққалы жатыр», – деді Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет.
Ота екі сағаттан астам уақытқа созылған отаны хирург Саматбек Мырзахмет, ассистент Бегалы Төребек, анестезиолог-реаниматолог Ұлықпан Әлсеитов жасады.
Дәрігердің айтуынша, тератома нәрестенің ана құрсағындағы кезінде қалыптасқан. Ол жүктіліктің 20-аптасында жүргізілген скрининг кезінде анықталған. Жүктіліктің 34-аптасында қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
«Бұл төрт ұлдан кейін көптен күткен қызымыз. Жүктіліктің 20-аптасында дәрігерлер сегізкөз-құйымшақ тератомасын анықтады. Сол бойда Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына кеңес алуға келдік. Дәрігерлер бірден кесарь тілігін жасап, балам екеумізді осында жеткізді. Қызымды аман алып қалған осы аурухананың дәрігерлеріне алғысым шексіз. Бала туғаннан кейін оны да, денесіндегі алып ісікті де көрдім. Қызымның еміне атсалысқан барша жанға рақмет», – дейді Алаудың анасы Аяжан.
Жыл басынан бері Алматы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жаңа туған нәрестелер бөліміне 96 бала жеткізілген. Олардың 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.
