Атап айтқанда, рожки, тауық еті, қаймақ, айран, қияр және қант бағасы өзгерген жоқ. Алты тауар түрі бойынша баға төмендеді.
Бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арзандады
93
оқылды

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың 26 тамызы мен 2 қыркүйек аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатар түрі бойынша баға тұрақты болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Атап айтқанда, рожки, тауық еті, қаймақ, айран, қияр және қант бағасы өзгерген жоқ. Алты тауар түрі бойынша баға төмендеді. Пияз 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, қырыққабат 3,1%-ға, алма 1,0%-ға, күнбағыс майы 0,1%-ға арзандады.

19 тауар түрі бойынша бағаның аздап өскені байқалды. Ең жоғары өсім қызанақта тіркеліп, оның бағасы 2,8%-ға қымбаттады. Тұз 0,9%-ға, қарақұмық жармасы мен жұмыртқа 0,7%-ға, қатты және жартылай қатты ірімшіктер мен сүзбе 0,6%-ға өсті. Жылқы еті, оның ішінде сүйексіз ет, сондай-ақ тартылған ет бағасы 0,5%-ға, күріш пен қара шай 0,3%-ға қымбаттады. Нан, қой еті, оның ішінде сүйексіз ет, және балық бағасы 0,2%-ға, ал ұн, сүйекті және сүйексіз сиыр еті, тауық еті (ұшасы), сүт және сары май 0,1%-ға өсті.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті тиісті мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіреді. Жалпы, Үкімет баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдап келеді. Оның ішінде заңнама талаптарының сақталуын бақылау және ішкі нарықты қажетті тауарлармен қамтамасыз ету шаралары бар.

Баға қалыптасу тізбегіндегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі өңірлік комиссиялар өнімсіз делдалдарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда. 2026 жылдың басынан бері өңірлерде 726 отырыс өткізіліп, 2 881 заңбұзушылық фактісі анықталды және 2 695 әкімшілік хаттама толтырылды. Жұмыс нәтижесінде 186 өнімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды. Салыстыру үшін 2025 жылдың ішінде 1 179 отырыс өткізілген.

Аумақтық департаменттер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық сауда үстемесінің сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізуде. Жыл басынан бері белгіленген сауда үстемесін асыру фактілері бойынша 3 155 әкімшілік қаулы шығарылды. 2021 жылы мұндай қаулылардың саны 34 болса, 2022 жылы – 310, 2023 жылы – 760, 2024 жылы – 1 554, 2025 жылы  2 796 болды.

Сонымен қатар электрондық шот-фактураларға талдау жүргізілуде. Жыл басынан бері 36 664-тен астам жеткізу тізбегі талданып, оның 5 391-і бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу тәуекелдері анықталды.

2025 жылы 11,2 мың жеткізу тізбегіне талдау жүргізіліп, олардың 1,1 мыңында заңнама талаптарын бұзу тәуекелдері анықталған.

Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Абай және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында апта қорытындысы бойынша баға индексі 100,0% деңгейінде сақталды.

Баға индексі төрт өңірде төмендеді: Ұлытау облысында – 0,3%-ға, Қостанай облысында – 0,2%-ға, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында – 0,1%-ға.