Қазақстанда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында ипотека алуға берілген өтінімдер саны 13,4% азайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Соған қарамастан, берілген ипотекалық несиелер көлемі 12,4% өсіп, 1,1 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Қазақстан қаржы қауымдастығының аналитикалық орталығы мәлімдеді.
Бірінші жартыжылдықта ипотека алуға 419,2 мың өтінім берілген. Ал мақұлданған өтінімдердің үлесі бір жылда 26,1%-дан 28,1%-ға дейін өсті.
Сарапшылар сұраныстың төмендеуін тұрғын үй бағасының халық табысынан әлдеқайда жылдам өсуімен байланыстырады. Бір жылда жаңа баспана 15,5%, қайталама нарықтағы тұрғын үй 11,8% қымбаттаған. Осы кезеңде халықтың нақты ақшалай табысы небәрі 0,1% өсті.
Ипотека нарығындағы өсімді негізінен Отбасы банк қамтамасыз еткен. Банктің жаңа ипотекалық қарыздары 32,8% өсіп, 916,7 млрд теңгеге жетті. Ал екінші деңгейлі банктердің нарықтық ипотекасы, керісінше, 39% қысқарып, 161,5 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде, нарықтық ипотеканың жаңа қарыздардағы үлесі 26,2%-дан 14,3%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар қазақстандықтар алатын ипотеканың көлемі ұлғайып келеді. 20 млн теңгеден жоғары қарыздардың үлесі 31,4%-дан 39,6%-ға дейін артса, 10 млн теңгеге дейінгі ипотекалардың үлесі 20,7%-дан 16,5%-ға дейін төмендеген.
Қазақстан қаржы қауымдастығының сарапшылары қазіргі өсім ипотекаға жаппай сұраныстың қалпына келгенін білдірмейтінін атап өтті. Нарықтағы өсім негізінен жеңілдетілген бағдарламалар мен тұрғын үй жинақ жүйесі есебінен қамтамасыз етіліп отыр.
