Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының медаль есебінде Қазақстанның бірінші орын алғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, жалпыкомандалық есепті шығару кезінде медальдарды санауға байланысты техникалық сәйкессіздік болған.
Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысы жеңіп алған медальдарды жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде, қайта есептеуден кейін Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.
– Осылайша, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз! – деді Асқат Алагөзов.
Бұған дейін ойындардың қорытынды медаль есебіне қатысты екі түрлі мәлімет тараған еді. Қазақстан тарапы ұлттық құраманың 32 алтын, 20 күміс және 22 қола, барлығы 74 медаль жеңіп алып, бірінші орын алғанын хабарлады. Ал ұйымдастырушылар жариялаған кестеде Қазақстанға 29 алтын есептеліп, Қырғызстан бірінші орынға қойылған болатын. Кейін бұл кесте ресми парақшадан өшірілді.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтті.
