Тіркеу басталған алғашқы бес күннің ішінде республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына 100 мыңнан астам қатысушы қосылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Марафонның ресми платформасында қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 2 қыркүйекте басталды. Алғашқы күндердегі жоғары көрсеткіш азаматтардың кітап оқу мәдениетін дамытуға және түрлі әлеуметтік әрі жас топтарын кітап құндылығы төңірегінде біріктіруге бағытталған бастамаға деген зор қызығушылығын көрсетеді.
Тіркелген қатысушылар саны бойынша Ақтөбе облысы — шамамен 44 мың адаммен көш бастап тұр. Одан кейін Жетісу облысы — шамамен 16 мың және Батыс Қазақстан облысы — шамамен 10 мың қатысушымен келеді.
Осылайша, тіркеудің алғашқы бес күнінде белгіленген нысаналы көрсеткіштің 10 пайыздан астамына қол жеткізілді.
Марафон әртүрлі буын, мамандық және қоғамдық орта өкілдерін біріктіретін жеті бағыт бойынша өтуде: «Кітап оқитын мектеп» — 51 148 қатысушы; «Кітап оқитын педагог» — 23 435 қатысушы; «Кітап оқитын әулет» — 1 716 қатысушы; «Кітап оқитын колледж» — 11 061 қатысушы; «Кітап оқитын университет» — 4 692 қатысушы; «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» — 3 181 қатысушы; «Кітап оқитын зияткер» — 8 332 қатысушы.
Қазіргі таңда ең жоғары көрсеткіш «Кітап оқитын мектеп» бағытына тиесілі — 51 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Педагогтер арасында да марафонға қызығушылық жоғары: «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша 23 мыңнан астам адам тіркелді.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, алғашқы нәтижелер бастамаға деген жоғары қоғамдық қызығушылықты көрсетіп отыр.
«Марафонның алғашқы күндерінен бастап осыншама көп қатысушының басын қосуы біз үшін аса маңызды. Бұл көрсеткіштің артында мектеп оқушылары мен педагогтер, отбасылар мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер, белсенді оқырмандар және түрлі кәсіби салалардың өкілдері тұр. Бұл кітап оқуға деген қызығушылықтың әртүрлі буын мен өңір тұрғындарын біріктіретінін көрсетеді. Өңірлер тарапынан белсенділікті байқап отырмыз және тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қатысушылар саны одан әрі арта түседі деп сенеміз», — деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.
Қатысушыларды тіркеу 2026 жылғы 15 қыркүйекке дейін жалғасады.
Марафонның мақсаты — кітап оқуды білім алудың, зияткерлік дамудың және заманауи мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі ретінде дәріптеу.
Ұйымдастырушылар мектеп оқушыларын, педагогтерді, студенттерді, отбасыларды, мемлекеттік қызметшілерді және кітап оқу құндылығын қолдайтын барша азаматтарды тіркеу аяқталғанға дейін марафонға қатысуға шақырады.
