Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зауырбек Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA) жаңартылған рейтингінен шығып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Екінші жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы бұған дейін WBA рейтингінде үшінші орында тұрған. Ұйым Зауырбекті үздік 15 боксшының қатарынан алып тастау себебін әзірге түсіндірген жоқ.
Соған қарамастан, жеңіліссіз келе жатқан Зауырбек әлем чемпионы атағына таласу мүмкіндігін сақтап отыр. 26 қыркүйекте ол Аустралияның Квинсленд штатында жергілікті боксшы Джексон Инглэндпен кездеседі.
Бұл жекпе-жекте IBF тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағына міндетті үміткер анықталады. Жеңімпаз чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға мүмкіндік алады.
30 жастағы Сұлтан Зауырбек кәсіпқой рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 13-ін мерзімінен бұрын аяқтаған. Ал Джексон Инглэндтің еншісінде 19 жеңіс және үш жеңіліс бар.
