15-17 қазан аралығында Астанада жүзуден алғаш рет әлем кубогының кезеңі өтеді. Елорда Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңін қабылдайды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2026 жылы World Aquatics Бакуды (Әзербайжан), Ташкентті (Өзбекстан) және Астананы әлем кубогының бірыңғай бағытына біріктірді. Серия тарихи Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды. Бірнеше ғасыр бойы бұл жол Еуропа мен Шығыс Азияны байланыстырған.
Жарыс Әзербайжан астанасында басталып, жүзгіштер 1-3 қазан аралығында сынға түседі. Одан кейін серия 8-10 қазан күндері Ташкентте жалғасып, Астанада мәресіне жетеді.
ҚР ҰОК мәліметінше, сайысқа ұлттық құрамалардың өкілдері, сондай-ақ белгіленген іріктеу талаптарын орындаған клуб спортшылары қатыса алады. Қабылдаушы елдердің клубтарынан келген жүзгіштер үшін бөлек шектеу қарастырылған: әр спортшы үш дисциплинадан артық жарысқа қатыса алмайды.
Жарысқа әлемнің үздік жүзгіштері, соның ішінде Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен әлемдік рекорд иелері қатысады деп жоспарланған. Жалпы, Silk Road Tour аясындағы үш додаға 50-ден астам елден 750-ден аса жүзгіш қатысады деп жоспарланған.
Әлем кубогы жарыстарында көрсетілген нәтижелер әлем және жасөспірімдер рекорды ретінде ресми түрде есепке алынуы мүмкін. Әлем рекорды жаңартылған немесе қайталанған жағдайда, World Aquatics талаптарына сәйкес нәтиже ресми түрде тіркеледі.
Silk Road Tour қорытынды рейтингі Астанадағы жарыс аяқталғаннан кейін жасалады. Спортшылардың жалпы орнын анықтау кезінде серияның барлық кезеңінде көрсеткен нәтижелері есепке алынады. Бұл ретте әр кезеңде жүзгіштің ең үздік үш нәтижесі ғана қорытынды есепке енгізіледі.
Күзгі серия желтоқсан айында Қытайдың Бейжің қаласында өтетін қысқа бассейндегі (25 метр) әлем чемпионаты алдындағы маңызды халықаралық жарыстардың бірі болмақ.
Айта кетейік, әлем кубогының кезеңі «Барыс Арена» бассейнінде өтеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
